Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінен сапасыз бензин анықталды
Қазақстанда жүргізілген зертханалық тексеру барысында автомобиль бензинінің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін үш жағдайы анықталды.
Екі сынамада бензиннің октан саны көрсетілген мөлшерден төмен болып шықса, тағы бір сынамадан күкірт мөлшерінің шамадан тыс көп екені анықталған.
2026 жылы Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық бөлімшелері жанармай құю бекеттерінде 55 бақылау шарасын жүргізген. Бақылау мақсатындағы сатып алу кезінде мамандар бензиннің 22 сынамасын зертханаға алған.
Қызылорда облысында АИ-95 ретінде сатылған бензиннің октан саны небәрі 92 болған. Ал Алматыда АИ-100 бензинінің көрсеткіші белгіленген ең төменгі 100-дің орнына 99 болып шықты.
Жетісу облысында К4 экологиялық класындағы АИ-92 бензинінің бір келі құрамынан 105 миллиграмм күкірт анықталған. Рұқсат етілген шекті мөлшер – 50 миллиграмнан аспауы тиіс. Осы заңбұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалып, 195 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Октан саны талапқа сай келмеген бензин партияларын сатуға тыйым салынды. Олардың жалпы құны 5 млн 764,5 мың теңгені құрайды.
Алайда ведомство сынамалардың нақты қашан алынғанын жарияламаған. Сондықтан анықталған заңбұзушылықтардың 2026 жылдың тамызында жүргізушілер тарапынан жаппай түскен жанармай сапасына қатысты шағымдармен байланысы бар-жоғын әзірге анықтау мүмкін емес.
Қазір аумақтық департаменттер жанармай сапасына қатысты 12 өтінішті қарап жатыр. Оның тоғызы Астанадан, екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан және біреуі Павлодар облысынан түскен.
Мамандар сапасыз бензиннен көлігі зақымданды деп күдіктенген жүргізушілерге жанармай сатып алғаны туралы чекті және отын үлгісін сақтап қоюға кеңес береді. Сондай-ақ көліктегі ақауды растайтын құжаттарды алып, жанармайды аккредиттелген зертханада тексерту қажет. Осыдан кейін eOtinish арқылы аумақтық департаментке шағым түсіруге немесе келтірілген шығынды сот арқылы өндіріп алуға болады.