Әлеумет

Қазақстандық кәсіпкерлер Wildberries-ке жасалған шабуылдан 1 млрд теңге жоғалтты

Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған  дрондардың шабуылдары салдарынан қазақстандық кәсіпкерлердің алдын ала шығыны 1 млрд теңгеден асты.

Wildberries

 Зардап шеккендер қатарында еліміздің 100-ден астам кәсіпкері бар.

Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның ECOMMERCE-KZ электрондық сауда кәсіпкерлері қауымдастығына сілтеме жасап хабарлады.

Қазір «Атамекен» Қазақстанның барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлердің шығыны туралы мәліметтерді жинақтап жатыр. Сондықтан келтірілген залалдың нақты көлемі әзірге анықталған жоқ.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда және интеграция министрлігіне ресми сауал жолдап, қазақстандық сатушылардың құқықтарын қорғау және өтемақы төлеу процесін жеделдету үшін мемлекетаралық тетіктерді іске қосуды ұсынды.

Сондай-ақ «Атамекен» мемлекеттік органдардың, Wildberries басшылығының және кәсіпкерлердің қатысуымен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл топ келтірілген шығынды бағалау тәртібін әзірлеп, зардап шеккен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсету мәселесін қарастыруы тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдегі біріктірілген Wildberries-Russ компаниясының бірнеше ірі логистикалық қоймасы дрон шабуылдары салдарынан зақымданғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ Атырау облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Ресейдегі Wildberries қоймаларындағы өрттен тауарлары зардап шеккен қазақстандық сатушылар туралы ақпаратты жедел жинауға кіріскен еді.

Тегтер: Wildberries
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз