Қазақстандық оқырмандар қандай кітап оқиды?
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда жалпыға қолжетімді кітапханалар арасында әлеуметтік зерттеу жасалғанын хабарлады.
Әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша, Қазақстанда кітапханаға баратын оқырман жас ерекшелігі 15 пен 86 жас аралығындағы адамдар. Олардың 65%-ы әйелдер болса, 35%-ы ерлер екені анықталды.
Кітапханаға ең көп баратын орта мектеп оқушылары, орта білім мен жоғары оқу орындарының студенттері, шағын бизнес өкілдері, зейнеткерлер мен уақытша жұмыс істемейтін азаматтар.
Жүргізілген зерттеуге сәйкес, респонденттердің 48%-ы өздері кітап оқитынын, 35%-ы оқуды ұнататынын, 15%-ы көп оқитынын және 2%-ы оқымайтынын көрсеткен. Сауалнамаға қатысқан 90% оқырманды кітапханалардың кітап қоры қанағаттандырады. Респонденттердің 45%-ы кітапханаларға жиі барса, 70%-ы тек жұмыс күндері барғанды жөн көреді екен. Оқырмандар сұранысы бойынша детектив жанрындағы шығармалар мен психологияны оқитындар – 38%, өмір, махаббат туралы романға қызығатындар – 32%, естелік және тарихи кітапты оқитындар – 26%, салалық сипаттағы кітаптарды (аспаздық рецепттер, анықтамалықтар, медицина бойынша кеңестер) – 4%-ды көрсетіп отыр. Ал егде жастағы адамдардың оқуға деген құштарлығы жоғары, оның көрсеткіші – 60%, делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстандағы жалпыға қолжетімді кітапханалар арасында әлеуметтік зерттеу жасалды. Оның ішінде сауалнама, экспресс-сауалнамалар, сондай-ақ оқырман формуляры бойынша оқуды талдау, жеке әңгімелесу сияқты зерттеу әдістері жүргізілді. Кітапхана оқырмандарынан оқу, қызмет көрсету сапасы, сондай-ақ респонденттердің жасы, білімі мен гендерлік белгілері туралы пікірлері сұралды.
Фото: pixabay