Қазақстандықтар үшінші тәулік қатарынан Қырғызстандағы тау аңғарынан шыға алмай отыр
Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан барған туристер тобы үшінші тәулік қатарынан Қырғызстандағы Чатқал аңғарында қалып қойған.
Су деңгейінің күрт көтерілуінен кейін Қара-Тоқой көлі маңындағы көпірлерді тасқын шайып кетіп, жол жабылған.
Туристердің бірі Вильданның айтуынша, олардың тобында 10 адам, оның ішінде үш бала бар. Жақын маңда Бішкектен келген тағы бір 30 адамдық туристік топ та күтіп отыр.
24.kg басылымының мәліметінше, өзендегі қатты ағысқа байланысты адамдардың өз бетімен арғы бетке өтуі мүмкін емес. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері азық-түлікті өзеннің арғы жағына лақтырып жеткізіп жатыр.
Вильданның сөзінше, туристердің көліктері мен шатырлары бар, сондықтан түнеуге жағдай жасалған. Барлығының жағдайы жақсы, дүрбелең жоқ.
Туристер сондай-ақ жергілікті тұрғындарға, шопандарға және құтқарушыларға көрсеткен көмегі мен азық-түлікпен қамтамасыз еткені үшін алғыс білдірді. Қазір олар көпірлер қалпына келтіріліп, тау аңғарынан қауіпсіз шығатын сәтті күтіп отыр.