«Қазмырыштағы» жарылыс неден шықты?
Өскемендегі «Қазмырыш» кәсіпорнында болған жарылыстың алдын ала себебі белгілі болды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, оқиғаға технологиялық процестің бұзылуы түрткі болуы мүмкін.
Министрдің айтуынша, жүргізілген тексеру барысында тау-кен жұмыстарының бекітілген техникалық құжаттама талаптарына сәйкес орындалмағаны және өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру деңгейінің төмен болғаны анықталған. Сондай-ақ бұған дейін «Қазмырыш» нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар тіркелген.
Атап айтқанда, техникалық құжаттаманың талаптарға сәйкес келмеуі, жабдықтарды пайдалану мерзімін ұзарту бойынша сараптамалардың болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқулар, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және тозығы жеткен жабдықтарды уақытында ауыстырмау фактілері анықталған.
Еске салайық, 5 мамыр күні Өскемендегі мырыш зауытында жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Оқиға салдарынан кәсіпорынның үш қызметкері қаза тапты.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен оған жауапты тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.