ҚазТАГ бас редакторының жұбайы сот процесті тездетуге тырысып жатқанын мәлімдеді
ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің жұбайы Айгүл Қасенова соттың істі мүмкіндігінше жедел қарауға асығып жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған дейін Әмір Қасеновке қатысты сот процесі 15 маусым күні Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында офлайн форматта өтетіні белгілі болған. Осыған байланысты отбасы Алматыға алдын ала жол жүруге дайындалып, бес адамға арналған қайтарылмайтын әуе билеттерін сатып алған.
– Мен Әмірдің сыртқы әлеммен байланыс жасайтын жалғыз адамымын әрі оны барлық жерде өзім алып жүремін. Сондықтан Алматыға бірге баруым керек. Бізбен бірге үш кішкентай баламыз да жүреді, өйткені оларды қалдыратын ешкім жоқ. Жаз мезгіліндегі билет бағасының қымбат екенін ескеріп, бес қайтарылмайтын билет сатып алған едік. Алайда бүгін соттың істі күтпеген жерден 11 маусымға ауыстырғанын білдік, – деп жазды Айгүл Қасенова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзінше, адвокаттардың басым бөлігі жұмыс кестелерін алдын ала жоспарлап қойғандықтан, 11 маусымдағы отырысқа қатыса алмайды.
– Тіпті «Фридом Финанс» компаниясының адвокаттары да 11 маусымда қатыса алмайтындарын мәлімдеді. Барлығы сот отырысын 15 маусымда өткізуді сұрап отыр. Соған қарамастан сот 11 маусымда келуді талап етуде. Бізде жаңа билет сатып алуға қаражат жоқ екенін түсіндіріп, қосымша қаржылық ауыртпалық түсірмеуді сұрадым. Бірақ әзірге Алмалы аудандық сотынан жауап алған жоқпын, – деді ол.
Айгүл Қасенова сондай-ақ істің материалдары Әмір Қасенов олармен толық танысып үлгермей жатып сотқа жолданғанын айтты. Оның пікірінше, егер сот мерзімі өзгеріссіз қалса, Қасенов өз адвокаттарының қатысуынсыз сот алдында жауап беруге мәжбүр болуы мүмкін.
– Егер біз тағы да билетке ақша тапқан күннің өзінде, Әмір адвокаттарынсыз сотқа қатысуы ықтимал. Міне, біздің сот жүйесіндегі «Заң мен тәртіп», «Әділетті Қазақстан» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымдарының көрінісі осындай, – деді ол.
Еске салайық, 2 маусымға қараған түні Әмір Қасеновтің жақын досы Елдар Жүргенов оның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған бейнеүндеуін жариялаған болатын.