Киевте қазақстандық журналистке белгісіз адам оқ атты
Киевте қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов оққа ұшты. Бұл туралы РБК-Украина басылымы жазды.
Оқиға туралы бірінші болып Украина Ұлттық полициясының баспасөз қызметі хабарлаған. Олардың айтуынша, Киев полициясының 102-нөміріне В.Ярмола көшесінде (Шевченко ауданы) атыс естілгені туралы хабарлама түскен. Осыдан кейін жедел қызметкерлер көрсетілген мекенжайға аттанды.
Бұған дейін тәртіп сақшылары көшеде тоқтап тұрған көлікке белгісіз біреудің жақындап келіп оқ жаудырғанын, содан кейін ол із-түзсіз жоғалып кеткенін анықтаған. Көлікте қазақстандық журналист пен әйелі отырған. Әйел зардап шекпегені айтылуда. Садықовтың жағдайы белгісіз.
Оқ тиіп жараланған қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов. Қазір оқиға орнында барлық құзырлы органдар жұмыс істеп жатыр, заңгерлік кеңес беру мәселесі шешіліп, оқ атқан адамды іздестіруде, деп жазады басылым.
Айта кетейік, Айдос пен Наталья Садықовтар «BASE» YouTube арнасының негізін қалаушылар. Аталған арнада журналистер Қазақстан билігі мен олигархтарды сынға алады. Садықов сонымен қатар 2022 жылдың қаңтарында ҰҚШҰ әскерлерінің елге кіруіне қарсы болуымен танымал. 2023 жылдың қазан айында оған «өшпенділік тудырды» деген айыппен Қазақстанда іздеуге жарияланды.
Оның арнасындағы соңғы видео бүгін «Қазақстан президенті ресейлік ықпалды агенттердің қуыршағына айналды» деген тақырыппен жарияланды.