Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 11 Маусым 2024

Қызылорда оқу жылын қылмыспен бастап, қылмыспен аяқтады

мектеп
Фото: moscowchanges

Жасыратыны жоқ, өткен оқу жылы қызылордалықтар үшін оқыс жағдайларға толы болды.

Үш бірдей жасөспірім топтық төбелесте көз жұмып, жақындары қара жамылып қалды. Педофил мұғалімнің ұсталғаны аздай, педагогтың есірткі затын саудалайтындығы тағы анықталды. Ал жуырда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі өз әріптесін өлтіріп, қоғамның жағасын ұстатты. Дегенмен бұл жағдайлар аймақтағы білім басқармасындағыларды ойландырмайтын сияқты. 

Әрбір ата-ана баласын мектепке білім мен тәрбиені қатар алсын деп береді. Ұлағатты ұстаздарға үлкен сенім артып, баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалғанын көргісі келеді. Алайда қазіргі күні көпшілік баласының қауіпсіздігі үшін алаңдап, мектепке кеткен ұл-қыздарының аман-сау келгенін тілеп отыратын жағдайға жеткен. Өкінішке қарай, алаңдауға себеп те жоқ емес.

Өткен оқу жылы Сыр өңірі үшін жағымсыз жаңалықпен басталды. Қызылорда қаласына жапсарлас жатқан Белкөл кентіндегі №189 мектеп оқушылары арасындағы төбелестен бір бала көз жұмды. Белгілі болғандай, түстен кейін оқушылар кент орталығында көпқабатты үйдің ауласында ерегісіп, соңы топтық төбелеске ұласқан. Ауыр соққы алған 9-сынып оқушысы медициналық бекетке жеткізілгенше қаза болды. Оқушы өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалып, мектеп директоры жұмысынан қуылды. Облыстық білім басқармасындағылар мектептердегі жағдайды қатаң бақылауға алатынын айтқан еді.

Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты алдын алуға бағытталған шаралар еш нәтиже бермеді. Араға біршама уақыт салып, Сырдария ауданы Амангелді ауылында мектеп оқушысының өлімі тіркелді. Кешқұрым жасөспірімдердің төбелесі салдарынан бір үйдің жалғыз ұлы көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді. Алайда марқұмның жақындары күдіктілерге кешірім беріп, мәселе жылы жабылды.

Есесіне, Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылында төбелес кезінде қаза тапқан 16 жастағы Ерасыл Төребаевтың анасы кінәлілер заң алдында толықтай жауап берсін деп отыр. Биыл 18 мамыр күні жасөспірімнің денесі ауыл шетіндегі стадион маңынан табылған болатын. 9-сынып оқушысын өлтірді деген күдікпен екі оқушы қамауға алынса, оның бірі мектеп директоры орынбасарының баласы деген бейресми емес ақпарат бар. Иә, «тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді».

Ш.Қодаманов ауылындағы оқушы өлімінен кейін аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры және учаскелік инспектор қызметінен қуылған болатын.

Ең қызығы, өңірде мектеп оқушыларының ғана емес, мұғалімдердің де тәртібі өзектілігін жоймай тұр. Ұстаздардың беделіне нұқсан келтіретін жағдайлар жиі орын алуда. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс жасайтын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қамауға алынған. Ұстаз мектеп оқушысына қатысты сексуалды сипаттағы анайы әрекет жасады деп күдікке ілінген еді. Қазіргі таңда аталмыш жағдай негізінде сот процесі жүріп жатыр.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары «педофил-ұстаз» ұғымына қоғамның еті үйренді. Жаға ұстатарлық жағдай болса да аса таңғалмайтын болдық. Мектеп оқушыларына зорлық әрекет жасап, сотты болып кеткен педагогтардың талайын көрдік. Ал есірткі затын саудалаған мұғалім биыл алғаш рет құрықталды. Ұстаз біршама уақыттан бері заңсыз затты сатып, қосымша табыс көзіне айналдырғанға ұқсайды. Бүгінгі күні қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары мұғалімнің есірткі затын оқушыларға сату фактілерін анықтап жатыр.

Осыдан бір апта бұрын Қызылордада елді елең еткізген тағы бір жағдай орын алды. Жаға ұстатарлық жағдай. Облыс орталығындағы үздік мектептердің бірінде жұмыс істейтін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі кісі қолынан қаза тапты. Күдікті ретінде марқұмның әріптесі қамауға алынды.

«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, күдікті қамауға алынды, тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді құзырлы органның баспасөз қызметі.

«31 мамырда екі мұғалімнің де еңбек демалысына кеткенін хабарлаймыз, оқиғаның мән-жайын құзырлы орган анықтап жатыр», – деп ақталды білім басқармасындағылар.

Жалпы өңірде жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі, мектеп оқушыларының ерте жүктілігі де өзекті болып тұр. Жеткіншектердің қатысуымен орын алатын қылмыстар саны біршама төмендесе де ауыр санаттағы құқық бұзушылықтар артқан. Қызылордада оқыс оқиға орын алғаннан кейін, жиын өткізу құдды бір жазылмаған дәстүрге айналып бара жатқандай. Билік басындағылар себебімен емес, салдарымен күресуді сәнге айналдырған. Жазалыларды қызметінен қуып, қоғам назарын басқа дүниеге бұру әзірге шенеуніктердің қолынан келіп тұр.

Айнұр Төлешова

Тегтер: