Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 30 Мамыр 2024

Қызылордада бойжеткенді зорлады деп күдікке ілінген азамат бостандықта жүр

1
Фото: lubok.club

Қызылорда қаласының тұрғыны 19 жастағы қызын зорлаған азаматты қамауға алып, тиісті жазасын беруді талап етеді.

 Редакциямызға хабарласқан әйел осыдан бір ай бұрын құқық қорғау органдарына арызданып, шағым жазған екен. Алайда тәртіп сақшылары тергеу процесін сағызша созып келе жатқанға ұқсайды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Жәбірленуші тарап өз есімдерін жарияламауды сұрайды. Олардың айтуларынша полицейлер арыз аясында ешқандай әрекет жасамаған, тіпті тиісті сараптамалар да жүргізілмепті.

Біршама уақыттан бері зорлық көріп келе жатқан бойжеткеннің жасы он тоғызда. Әбден қорлық көрген қызылордалық өткен күндерді еске алудың өзі қорқынышты екенін айтады.

"Бұл жағдай өткен жылдың қазан айында басталды. Данияр - менің ағамның танысы. Ол маған жиі хабарласып, кездесуге шақыратын. Бірақ бастапқыда мен қарсылық таныттым. Бір күні ол мені өз үйіне шақырды. Көңілі үшін бардым, үйінде анасы бар екен. Данияр сыра ішіп отырды, мен ішімдік ішпедім. Бір - екі жұтым су ішкеннен кейін, денем жансызданып қалды. Ол осыны пайдаланып, зорлық әрекеттерін жасады. Мен бар двусыммен айқайладым, бірақ анасы көмекке келмеді", - дейді бойжеткен.

Жәбірленушінің сөзіне сенсек, осы жағдайдан кейін жігіт кешірім сұрап, үйленуге уәдесін де беріпті. Алайда зорлау кезінде видео түсіріп, бойжеткенді бопсалаған. Сол себепті жәбірленген бойжеткен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болып, ұрып - соғуына да шыдаған.

"Бұл жағдайды қызым менен біраз уақыт жасырып келген. Кейін бәрін айтып берді. Біз дереу полицияға шағым түсірдік. Бірақ зорлаған жігіт әлі күнге дейін бостандықта жүр. Тергеушілер ақша алып, істі жылы жабуды ұсынды. Бірақ біз қылмыскердің заң алдында жауап бергенін талап етеміз. Қызым өз - өзіне қол жұмсап, дәрі ішіп қойды. Құдай сақтап, дер кезінде үлгердім", - дейді жәбірленушінің анасы.

Қызылорда қалалық полиция департаменті аталмыш жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаудан бас тартты.

"Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді", - деп қысқа қайырды.

Тегтер: