Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 15 Мамыр 2024

Қызылордада кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығында балалар қауіпті жағдайда тәрбиеленуде

1

Қызылорда облысында ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бейімдеу орталығы жұмыс жасайды. Облыстық білім басқармасына қарасты мекемені қоғам белсенділері тексеріп, жаға ұстатарлық жағдайларға тап болған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Қызылорда облысында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының жұмыс жасап келе жатқанына 15 жылға жуық уақыт болды. Мекемеге ата - анасының қарауынсыз, өмірлік қиын жағдайда қалған жеткіншектер жеткізіледі. Балалар мамандардың қамқорлығында болып, тиісті тәлім - тәрбие алады.

Аталған мекеме жуырда жаңа мекен - жайға көшірілген болатын. Жаңа ғимараттың жайын қоғам белсенділері тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Оның ішінде жеткіншектердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар орын алуда.

"Жаңа мекен жайға көшкен орталықтың жай - күйі балаларды тәрбиелеуге мүлдем қолайсыз екені анықталды. Мәселен, аула ішінде орналасқан 3 кәріз құдығының беттері ашық болса, екеуі суға лық толы, үшіншісі терең және іші толған қоқыс. Сонымен қатар, аула ішінде жан - жағы ашық қолданыстағы сыртқы әжетхана бар. Мұның барлығы балалар тәрбиеленетін мекеме үшін өрескел кемшіліктер", - "Әділдік жолы" РҚБ Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.

Мұнан бөлек, қоғам белсенділері жаңа нысанда өрт қауіпсіздігі ережелері де талапқа сай келмейтіндігін анықтаған. Орталық басшысы аталмыш жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

"Қазіргі уақытта мекеме аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауласында орналасқан 3 кәріздің қақпағы ретке келтірілді. Екінші қабатта орналасқан апаттық шығу есіктерін қайта қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік сатып алу порталына байқау жариялау үшін құжаттамалық жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, мекеме ауласында орналасқан сыртқы әжетхана бұзылып, орны тегістелді. Алдағы уақытта, мекеме ғимаратының іші және сыртқы ауласының талапқа сай жарақтандыру жұмыстары жалғасын табатын болады", - деді орталық директоры Индира Қойшыбаева.

Айнұр Төлешова

Тегтер: