Әлеумет

Қызылордада қоғамдық қордың жетекшісі сәби саудасымен айналысқан

Cәуір айында ел аумағында ІІМ тарапынан кезекті ауқымды «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеліп, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталды.

сәби

Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді. Анықталғандай, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін және туғаннан кейін мамандандырылған қоғамдық қорда тұрған.

«Оның баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді асырап алу мақсатында облыстың 50 жастағы тұрғынына бір миллион теңгеге сатуды ұсынған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Алматы қаласында қылмыстық мақсатта пайдалану үшін адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды іздеп тауып, олардың жалған оң несие тарихын қалыптастырып, кейін сол адамдардың атына Алматы және Шымкент қалаларында қымбат автокөліктер рәсімдеп, одан әрі сатуға бағытталған. Қазіргі уақытта негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Жетісу облысында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2005 және 2007 жылы туған жергілікті екі тұрғынға қатысты мәжбүрлі еңбек фактісі анықталып, жолы кесілді. Анықталғандай, оларды ұрлап әкетіп, бір ай бойы күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айырып, тұрмыстық химия өндірісінде жұмысқа жеккен. Осы факт бойынша адамды қанау мақсатында ұрлау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілді.

«Жастарды деструктивті және азғындық сипаттағы әрекеттерге тартумен, сондай-ақ қоғамның моральдық-адамгершілік ахуалына, отбасы институтына және өскелең ұрпақ тәрбиесіне теріс әсер ететін өзге де заңсыз қызмет түрлерімен айналысатын тұлғалар мен топтарды анықтауға ерекше назар аударылуда», - деді Қуандық Алпыс.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз