Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:44, 10 Қазан 2024

Қызылордада полиция да ұрлайды

1
Фото: ашық дереккөз

Күздің берекесін жияр науқанда Ақтөбе ауылының тұрғындары жіпсіз байланып отыр.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылында 500 гектардан астам күріш алқабы әлі күнге дейін жиналмай жатыр. Ауыл диқандары бұған полицейлерді кінәлап, заңсыз әрекет жасалғанын айтып, наразы. Олар күріш оратын комбайнның қажетті қосалқы бөлшегін тәртіп сақшылары тәркілеп кеткенін алға тартады.

Комбайнның бөлшегі Канададан әкелінеді және құны 3,8 миллион теңге тұрады. Осы бөлшекті бірнеше ай күтіп, әрең алдырғанда мынадай қисынсыз іс алдарын орап кетеді. Диқандар жаз бойы күтіп-баптаған егіндерін жинай алмай, күзге жеткенде өнімдерін құстар жеп кетпесін деп қарауылдауға мәжбүр.

– Бізде қазір жұмыс жоқ, техника жүрмей тұр. Қаншама күріш далада тұр орылмай. Біздің жұмысымыз сол, күрішті құстар жеп кетпесін деп, тек қарауылдап отырмыз. Мына күрішті жинай алмасақ, біздің шығынымызға кім жауап береді? – дейді ауыл тұрғыны Асқар Татиев.

– Бітік шыққан егін әлі орылмай жатыр. Қай кезде орылады? Табиғаттың өзі бізге бір-ақ ай уақыт береді. Бір айдың ішінде біз жинап алуымыз керек, – деп ашынады тағы бір тұрғын Жеңіс Қарғабаев.

Қызылорда облысының басқа аудандарында егін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кейбір шаруашылықтар гектарынан 90 центнерден өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп жатыр. Алайда Ақтөбе ауылында күріш орылмаса, тұрғындардың ала жаздайғы еңбектері зая кетпек.

Ақтөбе ауылының «Оңталап» шаруа қожалығы биыл мың гектардан астам жерге күріш еккен болатын. Шаруалар егін жинауға кірісіп жатқанда, полицейлер шаруашылықтың көлігін тоқтатып, құжат тексереміз деген сылтаумен техниканы тәркілеген. Сол кезде техника үстінде шетелден алдырып жатқан комбайнның қымбат бөлшегі де болған.

– Машинасымен бірге қосып алып кеткен. Үш күн қатарынан бардық, көрсетпеді. Айыппұлын төлеп алуға барғанымызда, үстіндегі затымыз жоқ. Зат қайда деп едік, білмейміз деді, – деп қынжылады қожалық инженері Әлішер Маханов.

Полицейлер шаруашылық көлігін тоқтатқанда әкімшілік хат та толтырмапты. Адвокаттар мұны «өрескел заңбұзушылық» дейді. Осыған байланысты шаруалар аудандық полиция бөліміне арыз түсірген. Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздігі тексеру жүргізіп, істі ақыр соңы қысқартып жіберген.

– Осы қылмыстық істі тоқтату жөнінде тергеуші шешім, қаулы қабылдады. Біз қазір облыстық прокуратураға шағым бердік, – деді Қызылорда адвокаттар алқасының адвокаты Тілектес Өміржанов.

Қазіргі таңда іс ушығып кеткен соң, полицейлер істі қайта ашқан. Бұл мәселеге аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Талапбек: «Ақтөбе ауылы тұрғынының арызы негізінде Қармақшы аудандық полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жариялануға жатпайды», – дейді.

Ақтөбе ауылындағы күрделі жағдай диқандардың бар күш-жігері мен уақытын босқа кетірмеу үшін шұғыл шешім қабылдауды талап етеді.

Диқандар күнделікті өмірлерін тек қарауылдап өткізбей, еңбекпен жеткен өнімдерін жоғалтпай, толық көлемде жинап алуға үміттенеді.

Өйткені жиналмаған мыңдаған тонна астыққа енді орақ түспесе, шаруалардың жаз бойы еткен еңбегі еш кетпек. Сол себепті диқандар мәселе облыс көлемінде шешілмесе, елордаға барамыз деп отыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Қызылорда облысы

Тегтер: