Қызылордалық тұрғын әлеуметтік желі арқылы жүзден аса адамды алдаған
Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмысы үшін сотталды.
Қызылорда қаласының «А» есімді 32 жастағы тұрғыны интернет желісі арқылы жасалған алаяқтығы үшін 2026 жылы 6 наурыздағы сот үкімімен 3 жыл 1 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
«А» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake.87089241173» деп аталатын жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденген.
Нәтижесінде республика бойынша 154 адам алданып, келтірілген мүліктік залал 12 млн теңгеге жеткен.
Басты сот талқылауында сотталған кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен өтеуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған. Бүгінгі күні сотталған «А» тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеуде.
Үкім заңды күшіне енген.