КҚК мұнай қабылдап, резервуарларын толтырып жатыр – Энергетика министрлігі
Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы толық тоқтауы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомство мұндай сценарий қарастырылмайтынын мәлімдеді.
«Жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында КҚК жұмысы толық тоқтауы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда мұндай сценарий қарастырылып отырған жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, 31 шілдеде КҚК мұнай құбырының жұмысы уақытша тоқтатылған. Соған қарамастан жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау жалғасып, резервуарлар толтырылып жатыр.
1 тамыздағы жағдай бойынша тәулігіне 100 мың тонна мұнай қабылдануда.
Энергетика министрлігі тасымал көлемін одан әрі ұлғайту теңіз терминалында танкерлердің уақытылы тиеуге қойылуына байланысты болатынын атап өтті.
Ведомство КҚК және жүк жөнелтушілермен тұрақты байланыста екенін, жағдай толық бақылауда тұрғанын хабарлады.