Әлеумет

Колония Думан Мұхаммедкәрімнің өзіне зиян келтіруге әрекет жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Түрмедегі журналистің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, дейді мекеме өкілдері.

Думан Мұхаметкәрім

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекеме сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің өзіне зиян келтіруге әрекет жасағаны туралы хаттағы мәліметтер расталмайтынын мәлімдеді.

«2026 жылғы 21 шілдеде сотталған Думан Мұхаммедкәрім қолсағаттың батарейкасын жұтып қойғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат берген. Бұл мәліметті тексеру үшін ол дереу Қызылорда қаласындағы медициналық мекемеге жеткізіліп, рентгенологиялық тексеруден өтті. Тексеру қорытындысы бойынша оның ағзасында батарейка бары расталмады», – делінген ведомствоның «Власть» басылымының журналисіне берген жауабында.

Сондай-ақ түсініктемеде мекеме бастығының міндетін атқарушы Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Тілеп Алмасты жеке қабылдағаны айтылған. Кездесу барысында оған ұлының денсаулық жағдайы қанағаттанарлық екені, өзін жайсыз сезінуіне қатысты ешқандай шағым айтпағаны хабарланған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Думан Мұхаммедкәрімнің хаты жарияланған болатын. Онда ол 2024 жылдың желтоқсанынан бері карцерде отырғанын жазған. Хатында журналист екі рет өзіне зиян келтіруге әрекет жасағанын мәлімдеген. Алғашында көп мөлшерде дәрі ішкенін, кейінірек сағат батарейкасын, шақпақ тасты және басқа да заттарды жұтып қойғанын айтқан.

Думан Мұхаммедкәрім – оппозициялық журналист әрі Ne Deidi YouTube арнасының авторы. Ол саяси тақырыптарда бейнероликтер түсіріп, Қазақстан билігін ашық сынап келген. 2023 жылы парламент сайлауына кандидат ретінде қатысқан.

2024 жылы сот оны «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Айыптау негізіне оның оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен жасаған сұхбаты алынған.

2024 жылдың қараша айында апелляциялық сот Думан Мұхаммедкәрімге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сол жылдың соңында ол Қызылордадағы түзеу мекемесіне этаппен жеткізілді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз