Қостанайда 8-сынып оқушысы мектеп пен сауда орталығы «миналанған» деп хабарлаған

Қостанайда 8-сынып оқушысы жалған түрде мектеп пен сауда-ойын-сауық орталығын «миналады» деп хабарлағаны үшін ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарланды.
Жарылғыш зат туралы хабарлама сауда орталығының қауіпсіздік қызметінің басшысына телефон арқылы келіп түскен. Оқиға орнына арнайы қызмет өкілдері жетіп, ғимарат пен маңайдағы аумақты толық тексерген.
Тәртіп сақшылары күдікті оқушыны анықтап, ұстады. Тергеу кезінде жасөспірім ақпан айында да Садчиков мектебіне осындай жалған хабарлама жібергенін мойындады.
Оның бұл әрекеті әзіл ретінде бағаланғанымен, енді салдарын ата-анасы тартатын болды.
«Кәмелетке толмаған жасөспіріммен тергеу іс-шаралары ата-анасы, мұғалім және психологтың қатысуымен жүргізілуде», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда үш баланың аяғы ауыр анасы ұрлықты жасыру үшін мейрамхананы «миналады» деп жалған хабар берген болатын.