КТК теңіз терминалына дронмен шабуыл жасалды
Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалына дронмен шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Компанияның хабарлауынша, 19 шілдеде мұнай тиеу жұмыстары кезінде ВПУ-1 және ВПУ-3 айлақтарында тұрған екі танкер нысанаға алынған. Олардың бірі – ASIA танкері («Теңізшевройл» мұнайын), екіншісі – NISSOS IOS танкері («Қашаған Б.В.» мен «ҚазМұнайГаз» компанияларының мұнайын) тиеп жатқан.
Шабуыл салдарынан ASIA танкерінде өрт шыққан. Өрт КҚК-ның апаттық қызметтерінің көмегімен толық сөндірілді.
Оқиғадан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген, экипаж мүшелері медициналық көмекке жүгінбеген. Қазір танкерлердің зақымдану деңгейі бағаланып жатыр.
Каспий құбыр консорциумы бұл шабуылды халықаралық құқықпен қорғалатын азаматтық инфрақұрылымға жасалған кезекті шабуыл деп бағалап, оның консорциумға мүше елдердің экономикалық мүдделеріне де қауіп төндіретінін мәлімдеді.