Сараптама

Кувейтте Иран шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, ондаған адам жараланды

Дрон шабуылдары нәтижесінде Кувейт халықаралық әуежайында бір адам қаза тауып, 60-тан астам адам жарақат алды.

1

Кувейт Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны «Иранның қылмыстық агрессиясы» деп атады. Ал Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы әуежайға жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарып, келтірілген залал АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің қателігінен болғанын мәлімдеді.

2 маусым күні жарияланған бітімге қарамастан, АҚШ пен Иран қайтадан бір-біріне соққы жасады. АҚШ-тың Иранның мұнай танкері мен Кешм аралындағы нысандарға жасаған шабуылдарына жауап ретінде Тегеран Парсы шығанағындағы америкалық әскери базаларды нысанаға алғанын хабарлаған болатын.

Өз кезегінде АҚШ Иранға қарсы соққыларды «өзін-өзі қорғау мақсатында» жасағанын айтып, Кувейт пен Бахрейн бағытына ұшырылған ирандық зымырандардың жойылғанын немесе тосқауыл қойылғанын мәлімдеді.

Кейін Кувейт билігі халықаралық әуежайға ирандық дрон соққы жасағанын растады. Әлеуметтік желілерде Т1 терминалына дронның соғылуы және әуежай ішіндегі жарылыстар түсірілген бейнежазбалар тарады.

Жергілікті билік мәліметінше, шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, 63 адам жарақат алған. Кейін қаза болған адамның Үндістан азаматы екені анықталды. Үндістан Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, шабуылды айыптады және бірнеше үндістандықтың жараланғанын хабарлады.

Оқиғадан кейін Кувейт Сыртқы істер министрлігі екі ирандық дипломатқа елден 24 сағат ішінде кетуді бұйырып, Иранның уақытша сенімді өкілін түсініктеме беру үшін шақыртты.

Сонымен қатар Иран сәрсенбі күні АҚШ әскери-теңіз күштерінің кемесіне соққы жасағанын мәлімдеді. Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Иран жауапкершілікті мойындамай отыр

Сәрсенбі күні кешке Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы Кувейт әуежайына жасалған шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ресми Тегеран келтірілген шығын АҚШ-тың зымыранға қарсы жүйесінің техникалық қателігінен болғанын алға тартты.

Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы бұл мәлімдемені жалған деп атап, Иранның әуежайға қарсы «әдейі жоспарланған және негізсіз шабуыл» ұйымдастырғанын айтты.

Кувейт Қорғаныс министрлігі шабуылды «Иранның қылмыстық агрессиясы» деп бағаласа, Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық нысандардың да зардап шеккенін хабарлады.

Соңғы шиеленіс АҚШ пен Иран арасындағы нәзік бітімнің болашағына қауіп төндіріп отыр. Екі ел арасындағы келіссөздер тұйыққа тіреліп, соғысты тоқтату жөніндегі келісімдер әзірге алға жылжымай жатыр.

Трамп: «Иран келісімге келгісі келеді»

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада сыншыларын «сабыр сақтауға» шақырып, Иранның шынымен де келісімге қол жеткізгісі келетінін және мұның АҚШ үшін тиімді болатынын айтты.

Сәрсенбі күні эфирге шыққан сұхбатында Трамп Иранның ядролық қаруға ие болмауға «әлдеқашан келіскенін» мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздерге Иранның жоғарғы жетекшісі ретінде аталған Можтаба Хаменеи де тартылған.

«Біз онымен жақсы тіл табысып келеміз», – деді Трамп.

Журналистер оның Можтаба Хаменеимен кездесуді қалайтынын сұрағанда, АҚШ президенті:

«Иә, кездескім келеді. Барлығының қалай аяқталатынына байланысты, бәлкім, бір күні кездесерміз», – деп жауап берді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз