Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:20, 05 Наурыз 2025

Легионері көп, иесі жоқ Қазақстан чемпионаты

Қазақ футболы
Фото: ЖИ

Көктемнің алғашқы күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы жаңа маусымы басталды.

Биыл ел чемпионатына 14 команда қатысқалы отыр. Былтырғы маусымның қорытындысы бойынша қарағандылық «Шахтер» Бірінші лигаға түсіп, төменгі лигада топ жарған көкшетаулық «Оқжетпес» пен «Ұлытау» ҚПЛ-ға жолдама алған.

Бірақ турнир дау-дамаймен басталды. Тіпті биылғы біріншілікті кім ұйымдастырып жатқаны да түсініксіз болып отыр. Биыл 28 қаңтарда Қазақстан футбол федерациясы кейінгі 10 жыл бойы кәсіпқой турнирлерді ұйымдастырып жүрген Qazaqstan Football League-ны таратып, Премьер-лига, Кубок, Суперкубок, Бірінші және Екінші лига клубтарының бәйгесін ұйымдастыру құқығын өзіне қайтарып алған. Ал бұл шешімге QFL наразы болып, ҚФФ шешімін сынға алды.

Мұндай шешім 2024 жылы желтоқсанда ғана ҚФФ президенті болып сайланған Марат Омаровтың шешімімен қабылданып отыр. Омаров кәсіпқой турнирлерді ұйымдастырумен ҚФФ өзі айналысатынын айтқан. Бірақ бірінші турдан кейін ел чемпионаты иесіз қалғандай күй кешіп отырмыз.

Алғашқы тур матчтары жайлы, олардың барысы, нәтижесі туралы ешкім ресми ақпарат таратқан жоқ. QFL сайты 27 ақпандағы лига президенті Ерлан Жамантаевтың сұхбатынан бері үнсіз отыр. Ал ҚФФ сайтында 26 ақпанда бірінші тур ойындарының кестесі жарияланған. Содан бері ақпарат жоқ. Ал жаңадан ашылған Qfl.kz деген сайтта біршама толық мәлімет бар, бірақ ол тек орыс тілінде жұмыс істейді екен. Лиганың ресми сайты болса, мемлекеттік тілдегі нұсқасы неге жоқ? Демек ол жеке сайт болуы мүмкін. Онда жанкүйер қауым ҚПЛ матчтары жайлы ресми ақпаратты қайдан алады?

ҚФФ жаңа президентінің негізгі жұмысы – бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы. Бірақ Омаров қазақ футболында монополия құрып жатқандай әсер қалдырады. Лига президенті Жамантаев оған осындай айып тағып отыр. Әлемде көбіне футбол федерациясы мен кәсіпқой лига бөлек болады. Омаров кәсіпқой чемпионаттарды федерация ұйымдастырады дегенді қайдан шығарғаны белгісіз.

ҚФФ бар құқықты өз қолына жинап алғанымен, лиганы ұйымдастыруға дайын емес сияқты. Жанкүйерлер алғашқы тур жайлы ақпараттарды әлеуметтік желідегі әуесқой парақшалардан алуға мәжбүр. ҚФФ-ның әлеуметтік желідегі парақшалары да ҚПЛ-дың бірінші туры жайлы ештеңе жазған жоқ. Мұны қалай түсінеміз, Омаров мырза?

Бірінші тур қалай өтті?

Алғашқы тур туралы ресми ақпарат жоқ екенін айттық. Ендеше, өзіміз көрген және клубтардың сайтында жарияланған деректер бойынша чемпионаттың алғашқы турына тоқтала кетейік. 2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасы 1 наурыз күні Атырауда «Атырау» – «Елімай» матчымен басталды. Чемпионаттың алғашқы голын жергілікті команданың шабуылшысы Едіге Оралбай соқты. Ал 7 матчта жалпы 11 гол соғылды. Оның бесеуін – қазақстандық, алтауын – шетелдік футболшылар өз атына жазды.

«Атырау» – «Елімай» – 2:1

Гол соққандар: Едіге Оралбай 11, Матеус Барбоса 54 (пенальти) – Фейсал Мулич 15

Атырау қаласы «Мұнайшы» стадионы, 1 наурыз;

«Ордабасы» – «Ақтөбе» – 0:0

Түркістан қаласы «Түркістан Арена», 1 наурыз;

«Тобыл» – «Ұлытау» – 2:0

Гол соққандар: Николай Сигневич 43, Ислам Чесноков 75

Қостанай қаласы «Тобыл Арена», 1 наурыз;

«Қайсар» – «Жеңіс» – 0:0

Қызылорда қаласы Ғани Мұратбаев атындағы стадион, 2 наурыз;

«Тұран» – «Оқжетпес» – 2:0

Гол соққандар: Шохбоз Умаров 32, Лука Згурский 70

Түркістан қаласы «Түркістан Арена», 2 наурыз;

«Қызылжар» – «Жетісу» – 1:1

Гол соққандар: Самат Жарынбетов 24 – Дмитрий Шмидт 77

Қостанай қаласы «Тобыл Арена», 2 наурыз;

«Астана» – «Қайрат» – 1:1

Гол соққандар: Марин Томасов 40 – Дастан Сәтбаев 66

Астана қаласы «Астана Арена», 2 наурыз.

Алғашқы турда ерекше атап өтетін 2 жағдай болды. Біріншісі, «Қайсар» мен «Оқжетпес» негізгі құрамда алаңға тек қазақстандық ойыншыларды шығарды. «Қайсар» сапында тіпті тек қазақтар өнер көрсетті. Қызылорда қаласында аппақ қардың астында өткен матчта жергілікті жігіттер 6 легионерді алаңға шығарған елордалық «Жеңіске» жеңісті берген жоқ. Бұл легионер алмаған команданың күні қараң деген қасаң түсінікті жоққа шығарған матч болды.

Ал екіншісі, «Астана» – «Қайрат» матчында (1:1) алматылық клубтың 16 жастағы жас шабуылшысы Дастан Сәтбаев гол соғып, көзге түсті. «Қайрат» академиясының түлегі биыл ақпанда Англияның атақты «Челси» клубына ауысқан. Ағылшын клубы Сәтбаев үшін 4,3 млн еуро төледі деген ақпарат бар. Ол жаңа командасына 2026 жылы тамызда, 18 жасқа толғанда қосылады.

Баяғы жартас – сол жартас

Былтыр Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін мәжіліс депутаттары легионерлерге тыйым саламыз деп белсенген. Сол мақсатта шетелдік спортшыларға мемлекет қазынасынан жалақы төлеуге шектеу қоятын арнайы заң дайындалды. Биыл жыл басында заң жобасының басы-қасында жүрген депутат Нартай Аралбайұлы легионерлерге ақша төлеуге жол бермейтін заң нормасын үкімет қолдап отырғанын хабарлады.

Оның айтуынша, заң жобасының 49-бабы 1-бөлігіне сай «Қазақстан азаматы саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады», ал 2-бөлігі бойынша «Қазақстан азаматы саналмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді» деп жазылды. Яғни легионерлерге бюджеттен бір тиын бөлінбейді.

Бірақ футболдан Қазақстан чемпионатының биылғы маусымы бұл өзгерісті сезінбеген сияқты. Клубтар жылдағыдай жарыса легионер шақырып, шетел футболшыларын төрге шығарып отыр. «Қайрат», «Елімай», тіпті чемпиондыққа таласпайтын түркістандық «Тұранның» өзінде 12 легионер бар. Ал «Астана» мен «Ақтөбеде» – 11, «Қызылжар» мен «Тобылда» – 10 легионер тіркелген. «Ордабасы» мен «Атырау» да олардан қалыспай, шетелден 9 футболшы шақырыпты.

«Жетісу» (7 легионер), «Жеңіс» (6), «Ұлытау» (6) сияқты клубтарда шетелдік шеберлерге есігін айқара ашқан. Тек «Оқжетпес» (4) пен «Қайсар» (0) ғана отандық ойыншыларға сенім артуға бекініп отыр. Соңғысы шетелден бірде-бір футболшы шақырған жоқ. Құрамындағы 24 ойыншының бәрі – қазақстандық. Осылайша, қызылордалық клуб легионерден толық бас тартып, үлкен тәуекел жасап отыр. Нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді.

Көкшетаулық «Оқжетпес» те әу баста легионерсіз ойнауға уәде берген. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметов тек қазақстандық ойыншылармен өнер көрсетуге бел буғанын айтқан. Бірақ клуб директоры Мұрат Тілешев команданы күшейту үшін 2-3 легионер алатынын айтты. Қазір командада екі сербиялық және бір хорват, бір украин ойыншысы бар.

14 команда сапында жалпы 329 футболшы өнер көрсетеді, оның 118-і шетелден келген ойыншылар. Атақты «Трансфермаркт» порталының есебінше, лиганың трансферлік құны – 70,2 миллион еуро. Футболшылары ең қымбат клуб – алматылық «Қайрат» (10,2 млн еуро). Ал құрамындағы ойыншылардың трансферлік құны ең төмен команда – «Ұлытау». Жаңа құрылған облыстың жаңа клубында доп тебетін 24 футболшы небәрі 1,7 млн еуроға бағаланып отыр.

Бірінші турдағы 7 матчта негізгі құрамда алаңға 154 футболшы шықты. Оның 79-ы легионерлер болды. Яғни алғашқы турда өнер көрсеткен ойыншылардың тең жартысынан көбі шетелден келген спортшылар. Өз ұландарымыз негізінен қосалқы құрамда отырды. Әсіресе «ел классикасы» атанған «Астана» – «Қайрат» матчында 18 – шетелдік, 4 – отандық ойыншы негізгі құрамда шықты.

Легионерлерге мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбейтін болса, клубтар 118 шетелдік футболшыға жалақыны қалай төлейді? Біздің елде кәсіпқой клубтардың бәрі («Қайраттан» басқа) облыстық және қалалық бюджеттің мойнына мініп отыр. Оларда жарытып ақша беретін демеуші де жоқ. Сонда олар жаңа заңға қолын бір сілтеп, халықтың қаржысын жалғасты легионерлердің қалтасына салып бергелі отыр ма?..

Қуаныш Қаппас

Тегтер: