LRT-ге міндің бе?
Астанадағы LRT – жай ғана көлік емес, қаланың өсіп өнуіне жасалған инвестиция. Бір кездері «мәңгі бітпейтін құрылыс» деген атақ алған LRT бүгінде елорданың көлік жүйесіндегі ең үлкен өзгерістердің біріне айналып отыр.
2026 жылғы мамыр айында жүйе ресми іске қосылып, алғашқы жолаушы ретінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүріп өтті.
LRT идеясының түпкі мақсаты
Астана соңғы жылдары тек халық саны жағынан емес, көлік жүктемесі бойынша да тез өсіп келеді. Таңертеңгі және кешкі кептеліс – қаланың күнделікті мәселесіне айналды. Осындай жағдайда LRT идеясының түпкі мақсаты – адамдарды көлікпен емес, уақытпен қамтамасыз ету.
LRT-ның басты артықшылығы – жер үстіндегі қозғалысқа тәуелсіздігі. Яғни көше кептелісі болса да, пойыз өз кестесімен жүреді. Бұл әсіресе әуежай, EXPO аумағы, әкімшілік орталық және жаңа тұрғын аудандар арасындағы қатынасты жылдамдатуға мүмкіндік береді. Жоба бағытында халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалы секілді маңызды нүктелер қамтылған.
Бұл жобаның тағы бір маңызды тұсы – қала мәдениетін өзгертуге талпыныс. Қазақстан қалаларында қоғамдық көлік көбіне әлеуметтік қажеттілік ретінде қабылданса, әлемдік мегаполистер оны өмір сапасының көрсеткіші ретінде қарастырады. LRT осы логиканы енгізуге ұмтылады: жеке көлік – таңдау, қоғамдық көлік – тиімді шешім.
LRT кезең кезеңге бөліне ме?
Әрине, бұл жобаға қатысты қоғамда сын да болды. Құрылыстың ұзаққа созылуы, қаржылық мәселелер, бірнеше мәрте кейінге шегерілуі халықтың сеніміне әсер етті. Бірақ инфрақұрылымдық жобалардың бағасы көбіне алғашқы күні емес, бірнеше жылдан кейін көрінеді. Егер жүйе тұрақты жұмыс істеп, жолаушы ағынын қалыптастыра алса, бүгінгі күмән ертеңгі қалыпты өмірдің бір бөлігіне айналады.
Қазірдің өзінде билік LRT-ның екінші кезеңін қарастырып отыр: жаңа желілерді «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» тұрғын алабы және Қосшы бағытына дейін ұзарту жоспары жарияланды. Жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болатын қосымша желі мен 20 станция қарастырылған.
LRT туралы пікір әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық: Астана енді тек автомобиль қаласы болудан бір қадам алыстады. Ал қаланың болашағы тек кең жолда емес, жылдам әрі болжамды қоғамдық көлікте жатыр.
Көлік мамандары LRT-ның іске қосылуын елорданың сол жағалауы мен оң жағалауын, сондай-ақ әуежай мен вокзалды байланыстыратын маңызды инфрақұрылым деп есептейді. «Ол қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Толық бағытты шамамен 40 минутта жүріп өтеді», – дейді мамандар.
Көлік логистика саласының маманы Ермек Қайырбекұлының айтуынша, LRT – заманауи қала үшін таптырмас көлік. Сала маманы LRT-ның қала мен оның тұрғындары үшін басты 5 пайдасы барын айтып өтті.
«Біріншіден, кептеліссіз әрі жылдам қозғалыс береді. LRT пойыздары жалпы жолдан бөлек, арнайы эстакада немесе қоршалған рельспен жүреді. Көлік кептелісіне мүлдем тәуелсіз, кесте бойынша дәл уақытында қатынайды. Екіншіден, Бір LRT пойызы бірнеше автобустың немесе жүздеген жеңіл көліктің орнын басады. Сұранысы жоғары бағыттардағы, мысалы, әуежай мен вокзал арасындағы көлік жүктемесін жеңілдетеді. Үшіншіден, электр қуатымен жұмыс істейді. Ауаға зиянды түтін мен газ шығармайды. Экологияны жақсартады. Тұрғындар көліктен LRT-ға ауысқанда, қаладағы смог деңгейі төмендейді. Төртіншіден, инвестиция тартады. LRT станцияларының айналасында жаңа бизнес нысандары, сауда орталықтары мен тұрғын үйлер тез салынады. Заманауи пойыздар мен станциялар қаланың архитектуралық стилін жаңартып, заманауи етеді. Бесіншіден, басқа көліктермен қиылыспайтындықтан, жол апаты қаупі өте төмен. Пойыздар дыбыссыз, тегіс жүреді, іші кең әрі салқындатқыш (кондиционер) жүйелерімен жабдықталған.
Урбанистер не дейді?
Қазақстандық урбанистердің айтуынша, Астана соңғы он жылда «автокөлікке ыңғайланған қала» болып қалыптасты. Кең көшелер, алып жолайрықтар, ұзақ қашықтық – мұның бәрі жеке көлікке тәуелділікті күшейтті. Соның салдарынан бүгінде елордада кептеліс тұрақты құбылысқа айналды. Осы тұрғыдан алғанда LRT – көлік жүйесін әртараптандыруға жасалған алғашқы ірі қадам.
Урбанист әрі қала жоспарлау сарапшыларының пікірінше, заманауи мегаполисте тек автобуспен мәселені шешу қиын. Өйткені автобус та жолдағы кептеліске тәуелді. Ал рельсті көлік – уақыт тұрақтылығын береді. Яғни адам межелі жеріне қанша минутта жететінін нақты біледі. Бұл – қала экономикасы үшін маңызды фактор.
Астана тұрғындары да, түлектер де қуанышты
Айта кетсек, Астана тұрғындарынан бөлек бұл жобаның жүзеге асқанына мектеп бітіруші түлектер де қуанышты. Мәселен, Астанадағы №91 мектеп-гимназиясы түлектері соңғы қоңырау қарсаңында ерекше форматтағы әсерлі музыкалық флешмоб ұйымдастырды. Жас түлектер балалық шақпен қоштасу мен ақ арманның символына айналған Мұхтар Шахановтың «Ақ бантик» әнін елордадағы LRT вагонында орындап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Түлектердің айтуынша, білім ордасының маңынан бой көтерген LRT олар үшін тек заманауи көлік инфрақұрылымының нысаны ғана емес, Астананың қарқынды дамуы мен болашаққа ұмтылысының белгісі. Сондықтан мектеппен қоштасу сәтін қаланың жаңа даму кезеңімен байланыстыру идеясы оқушылар тарапынан үлкен қолдау тапқан.
«Түлектеріміздің тарихи мектеп бітіру сәті мен LRT-ның іске қосылу кезеңі қатар келіп отыр. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың туған қалаға деген құрметін көрсету мақсатында осындай ерекше іс-шара ұйымдастырдық. Бұл түлектердің есте қаларлық сәттерінің бірі болады деп сенеміз», – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ахметова.
Ал Астана қаласының тұрғыны Қуаныш Бекхожин болса бұл жобаның қалаға да, халыққа да берері мол екеніне сенімді. Жалпы, LRT-ға барушылардың көбісі заманауи үлгідегі мұндай жобаның елімізде тәжірибеге енгеніне қуанышты.
Қ. САЙЛАУБАЕВА
Астана қаласы