Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 13 Маусым 2024

Лудомания. Қор болған өмір, желге ұшқан ақша

лудомания
Фото: narkology.info

Бейресми статистикаға сүйенсек, кейінгі бес жылда ойын бизнесі триллиондаған теңге пайда тапқан.

Осы уақыт аралығында аталған салада көрсетілген қызмет бірнеше есеге артыпты. Мұның бәрі қоғамда лудоманияның белең ала бастағанын аңғартады. Отбасы шырқын бұзатын, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін жетелейтін бұл кеселдің себебі неде? Онымен күресудің жолы бар ма? 

Оңай олжа іздеген желөкпелер

Лудоманияның қоғам кеселіне айналғанын мынадан-ақ байқауға болады. Пандемия кезінде гэмблинг нарығының көлемі 30 есеге артқан. Мысалы, 2019 жылы ойын бизнесі 13,6 миллиард теңгеге қызмет көрсетсе, 2021 жылы оның жалпы көлемі 501,2 миллиард теңгеге жетіпті. Ал 2022 жылы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар 571,1 миллиард теңге пайда тапқан.

Наурызда ойын бизнесін реттеу туралы заң жобасы мәжілісте бірінші оқылымда қаралған. Деректерге сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсайтындардың бестен бірі лудомания дертіне шалдыққан көрінеді. Сол секілді құмар ойынға құмарлық отбасы институтын да әлсіретіп отыр. Жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, оған қатысқандардың 40 пайызы ажырасудың басты себебі ретінде лудоманияны атап көрсетіпті.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтері де ахуалдың күрделі екенін көрсетеді. Мәселен, былтыр лудоманияға шалдыққан адамдар 300-ге жуық қылмыс жасапты. Соның ішінде екі мәрте кісі өлтірілсе, 25 тонау факті тіркелген. Қалғаны алаяқтық, ұрлық секілді қылмыстық әрекет. Жыл басынан бері құмар ойынның құрбанына айналғандар 16 мәрте заң бұзып үлгеріпті. Оның салдарынан бір адам қаза тапқан.

Өкінішке қарай, букмекерлік кеңселер мен лотоматтар жасөспірімдер мен балаларды да арбап отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметіне сай, Қазақстанда шамамен кәмелеттік жасқа толмаған 200 мыңға жуық бала ересек танысының атынан аккаунт ашып, бәс тігіп, құмар ойын ойнайтын көрінеді.

Сарапшылар елімізде 400 мыңнан астам адам гэмблингке ұрынғанын алға тартады. Дегенмен бұл болжам ғана. Шын мәнінде, бәс тігіп, жеңемін деген жалған үміттің артынан ергендер саны әлдеқайда көп екені анық. Өйткені Қазақстанда ойын бизнесімен айналысуға ресми түрде 30-ға жуық лицензия берілгенімен, астыртын жұмысын жалғастырып жатқандар бар. Сол секілді шетелдік букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналғандар саны белгісіз.

Дертке шалдыққандарға демеу керек

Қазақстанда ойын бизнесі заңмен реттелген. Аталған құжат 2007 жылы қабылданды. Соған сәйкес, елімізде казино, ойын автоматтар залы, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жұмысына рұқсат етілген. Ал электронды және онлайн казиноларға тыйым салынған. Сондай-ақ лицензиясы жоқ тұлғалардың бұл салаға араласуына, ұтыс ойындарын ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Бұдан бөлек, заңға сәйкес казинолар Қапшағай мен Бурабайдағы арнайы орындарға көшірілді.

Қайбір жылы ел аумағында ойын автоматтары көбейіп кеткен-ді. Кейінірек жаппай тексеру жүргізіліп, олардың көбі тәркіленді. Сосын құмарпаздардың желігі басылғандай көрінген. Алайда соңғы жылдары ойын автоматтары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Бұған әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен интернеттегі сайттарды қосыңыз. Мұның бәрі Одиссейді арбаған сиреналар секілді жастарды өзіне елітіп тұрады. Былтыр құмар ойындарының 41 онлайн-алаңы жабылған. Соларға тиесілі 5 700 сайт пен аккаунт бұғатталған. Осыдан-ақ бұл мәселенің қаншалықты қауіп төндіріп тұрғанын аңғару қиын емес.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Дәулет Байпейісовтің айтуынша, Қазақстанда лудомандарды емдеудің халықаралық стандарттарға сай келетін ережелері бар. Дегенмен оның көмегіне жүгінетіндер жоқтың қасы. Мысалы, қазіргі таңда ел аумағында 12 пациент қана тіркелген. Ал 2022 жылы 10 науқас қана емделіпті.

Ресми деректер осылай дейді. Алайда Қазақстан аумағында қанша адамның лудомания дертіне шалдыққаны белгісіз. Биылғы наурыздан бастап құмар ойындар мен бәс тігуді шектейтін онлайн қызмет пилоттық режимде іске қосылды. Оған eGov mobile бағдарламасы арқылы өтініш беруге болады. Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, сәуірде 7 мыңға жуық адам өз-өзін шектеу қызметін онлайн қолданыпты. Сондай-ақ үш мыңға жуық құмарпаз қағаз күйінде өтініш берген көрінеді. Осылайша, аз ғана уақыт ішінде 10 мың адам лудоманияға шалдыққанын мойындаған. Қазіргі таңда бұл шектеу мерзімі бір жылға дейін созылады. Қазір парламент қабырғасында талқыланып жатқан заңда оны 10 жылға дейін созу қарастырылмақ.

Жаңа заң тиімді ме?

Күні кеше мәжіліс ойын бизнесі туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжатта құмарпаздарға тізгін тартуға мүмкіндік беретін бірқатар ерекшелік қарастырылған. Біріншіден, букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу көзделіп отыр. Заңда оны үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында орналастыруға тыйым салынады. Сол секілді интернет-ресурстарда, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарда, фильмдерде, SMS хабарлама арқылы жарнамалауға да тосқауыл қойылмақ. Бұдан бөлек, блогерлердің, танымал тұлғалардың әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселерді насихаттауы шектеледі. Тек спорттық объектілер мен спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етілмек.

Жаңа құжаттағы келесі ерекшелік – борышкерлердің бірыңғай реестріне енген тұлғалардың құмар ойын мен бәс тігуіне толықтай тыйым салынады. Яғни алимент төлемей қашып жүргендер, несие қарызы бар адамдар ендігі жерде жеңіл ақшаның желігіне түсуіне тосқауыл қойылады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, мұндай борышкерлер әдетте тез ұтыс иеленемін деген жалған сеніммен құмар ойынның құрығына оңай түседі екен. Негізі, бұл бап аспаннан алынып отырған жоқ. Әлемде бар тәжірибе. Мәселен, Латвияда 2021 жылы алимент төлеуден жалтарып жүргендерге құмар ойындарына, лотереяға қатысуы заңмен шектелген.

Лотоматикке алданғандар жетерлік

Лудомания дерті бәс тігумен шектелмейтінін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда елімізде лотерея өткізуге «Сәтті жұлдыз» компаниясына ғана рұқсат етілген. Естеріңізде болса, 2016 жылы «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң жобасы қабылданды. Онда лотерея өткізуді үкімет белгілеген операторға ғана берілетіні көрсетілген. Ал 2017 жылы премьер-министрдің қаулысымен «Сәтті жұлдыз» компаниясына 15 жылға Қазақстан аумағында лотерея жүргізу құқығы берілді.

Заң жобасында лотоматиктерді жою қарастырылып отыр. Балалар, білім беру, медициналық және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Сонымен қатар заңсыз онлайн-казино ұйымдастырушыларға берілетін жаза мөлшері де нақтыланған.

Заң жобасында ойын бизнесін жүргізетін шетелдік тұлғалардың тізімі анықталып, оларға қаржылық төлем жасау шектеледі. Сол секілді букмекерлік кеңселердің нақты қанша пайда тауып отырғаны, неше қаражат айналымда екенін мемлекеттік кірістер органдары бақылауына алады. Сондай-ақ биометрикалық идентификация өткізу міндеттеледі. Қысқасы, заң жобасында лудоманияны шектеудің бүкіл тетіктері қарастырылған деп айтсақ қателеспейміз.

Құжатта бұл тетіктің қарастырылғаны оңды бастама. Өйткені елімізде жұмыс істейтін fonbet, 1xBet секілді компаниялар шетелдерде тіркелген. Сондай-ақ William Hill (Ұлыбритания), Bwin (Австрия) секілді букмекерлік кеңселердің интернет-ресурстары ел аумағында қолжетімді. Оларға да бақылаудың қажет екені түсінікті.

Жалпы, лудомания – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе. Онымен күресу үшін шартараптың түкпір-түкпірінде түрлі шаралар қабылдайды. Ұлыбританияда адамдар құмар ойынның жетегіне кетпес үшін ойын автоматтарында бір реттік бәс тігу құнын шектеп отыр. Қыркүйекте күшіне енетін заңда 18-24 жас аралығындағыларға 2 фунт-стерлинг, 25 жастан асқандарға 5 фунт-стерлинг сомасы шекті мөлшер ретінде белгіленген.

АҚШ-тың әр штатында құқықтық жағдай әртүрлі. Мысалы, Юта штаты мен Гавай аралдарында букмекерлік кеңселер, казинолар жұмысына, тіпті лотерея ойнатуға толықтай шектеу қойылған. Үш штат қана құмар ойындарының бүкіл түріне рұқсат еткен. Тіпті казинолардың отаны саналатын Невада штатында лотерея ойнату мен ат спортына бәс тігуге тыйым салынған.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙ

Тегтер: