Кейіпкер

"МӘ" САНАТЫ

Өзінің қай санатқа жататынын білмейтін қазаққа министр Асқарбек Ертаев "әл-ауқат калькуляторын қосып" берді.

Асқарбек Ертаев

 Енді eGov және eGov Mobile қосымшалары арқылы өзіңіздің әл-ауқат деңгейіңізді оп-оңай көре аласыз. Бірақ "А" және "В" санатына ілігем деп иегіңіз қышымай-ақ қойсын. "С" санатына іліксеңіз, қуаныңыз, өйткені жағдайыңыз тәуір деген сөз. Ал "Д-да" тұрсаңыз – экономикалық тұрғыдан мұқтаж адам, "Е-де" жүрсеңіз – тақыр кедейсіз.

 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгереді. Өзгерістің мәнін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев түсіндіріп берді. "Ақпақұлақ жұрт ұмытып қалып жүрмесін" деп қауіп қылды ма, министрдің әл-ауқатын "тексеру" шарасы тікелей эфирде көрсетілді. Ауқатын қайдам, әл мәселесінде Асқарбектің жағдайы тәп-тәуір екен. Астанада екі пәтері, астында "Тойота Камри 50" автокөлігі, 4 баласы, 1 әйелі бар. Әйелі жұмыс істемейді, екі баласы еңбек етеді, бірі 400 мың, екіншісі 600 мың жалақы алады. Министрдің 1 млн 200 мың айлығын қосқанда, Ертаевтардың отбасына ай сайын 2 млн 200 мың теңге кіріс кіріп тұрады деген сөз. Міне, осы деректерді "бойына сіңірген" калькулятор Асқарбек Ертаевтың әл-ауқат деңгейін "В" санатына жатқызды.

Дегенмен калькулятор да кей нәрсені "түсінбей" қала ма, әлде жұмыс істемейтін шенеуніктің әйелін жатыпішер екен деп "ойлап қалды" ма, бүкіл елдің көзінше білдей министрді "В-ға" тыға салды. Әйтпесе "А" санатына министрлер мен облыс әкімдері кірмесе, оның несі "А"? Осы жерде бір қызық мәселе бар. Біздіңше, Ертаевтың қаттап-шоттаған санаттары біреуге кем секілді. Мұны түсіну үшін алдымен "А" санатына кімдер кіретінін қараңыз: Бір адамға шаққандағы айлық кіріс 356 мың теңгеден басталғанда, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі болғанда, ірі бизнес және люкс санатындағы автокөлік болғанда, әл-ауқаты жоғары деңгейдегі отбасыға жатады.

Былай қарасаңыз, бірнеше үй, люкс санатындағы автокөлік дегеніңіз, Қазақстандағы бай-шонжарлар үшін баланың ойыны секілді дүние ғой. Алатаудың құнарлы бөктерін, табиғаты тамылжыған мекендерді, мұнай-газ көздерін, кен орындарын меншіктеп алған дөкейлер "А" санатының "ауқымына" сия ма? Базар жағалап, сауда жасап, мал өсіріп, қоң жинап, сөйтіп жүріп, 2-3 үй, 1-2 көлік алғандарды мемлекеттің есебінен байыған шонжарлармен салыстыруға бола ма?

Міне, сондықтан Асқарбек Ертаевтың түзген 5 санатына қосымша тағы бір санат сұранып тұрған секілді. Оны "А-ның" алдына шығарып, "Мә" деген атау берсе, қатып кеткелі тұр. Себебі берсең де, бермесең де, олар бәрібір алады. Олар жегенін бәрібір тоқтатпайды.

Жеу дегеннен шығады, осы жиында министр Ертаев бір қызық дерек келтірді: "Бюджетте қаражат жеткілікті. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік көмекті шынымен қажет ететін азаматтарға жеткізу. Қазір "А" санатындағы 77 мың, "В" санатындағы 475 мың адам әлеуметтік төлем алып отыр. Алдағы уақытта мұқтаж отбасыларға берілетін көмекті күшейту жолдарын қарастырамыз".

Енді қараңызшы, "А" санатындағы 77 мың адам ұялмай-қызармай әлеуметтік төлем алып отыр. Төлемді тоқтатудың немесе қайта "құстырудың" жолы бар ма? Егер сұрақ осылай қойылса, Асқарбек Ертаевтың жүзі бал-бұл жанып шыға келер еді? Неге? Өйткені қазір түзіліп, 5 санатқа бекіген талаптар бойынша "А" мен "В-ға" жәрдемақы берілмейді. Бірақ бұл өзгеріс 2027 жылдан басталады. Сонда қаңтар туғанша "А" санатындағы жағдайы жақсы жұрт кедей-кепшік, жарлы-жақыбайдың үлесіне ортақтаса бергені жөн бе?

Ақыл айтқан түгіміз жоқ, бірақ "А" санатында тұрса да, алақан жаятын адамдарды тәубесіне түсірудің жолы көп қой. Мысалы, министрлік 77 мың адамның тізімін жариялап жіберсе, шіркін! Нағыз қызық сол кезде болар еді. Неше түрлі таныстар, елге белгілі фамилиялар кездесері анық. "Бәленше мен Түгенше өздерінің байлығын түгендей алмай жатып, мемлекеттен жәрдемақы алады екен" деген сөз кімге жақсы дейсіз? "А" мен "В" санатындағыларды "тәртіпке" шақырудың бұдан асқан қандай жолы болуы мүмкін?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл реформасы онсыз да, жүзге, руға бөлінетін қазаққа тағы бір жіктелу үлгісін жасап бергендей. Бұрын "Қай жүзденсің, руың кім?" деп сұрайтындар енді "Қай санаттансың?", "Е" санатынан саумысың?" дейтін сияқты. Өйткені "Е" санаты – елдің соңы, көштің арты деген сөз. Қазақша айтқанда, тақыр кедей, кірісі кедейлік шегінен төмен отбасылар. Ал олардың саны бақандай – 128 мың отбасы.

"D" санаты да оңып тұрған жоқ. Айлықтары шайлығына жетпейтін экономикалық тұрғыдан осал отбасылар. Бұл санатқа шамамен 1,4 млн отбасы кіреді. Санатқа бөлудің "сұрқиялау" сыры сол, бұрын әлеуметтік жағынан осалдау отбасылар жалаңбұт болса да, көптің арасында жүре беретін. Енді Асқарбек Ертаев басқаратын министрлік маңдайға басқан таңбадай етіп, әріппен белгілеп, бес санатқа бөліп тастады.

Бірақ таңбаның да әртүрі болады ғой. "А" мен "В" санаттарының "азуынан жұлып" алынатын қаржы нақты мұқтаждарға берілсе, кедейшілік қамытына жегілген жұрттың жәрдемақысы көбейсе, онда Ертаевтың бастамасы өзін ақтайды. Ал олай болмаса ше? Онда белгілі ғой, министр онсыз да әрең жан бағып отырған жарлы-жақыбайдың жәрдемақысынан үнем жасағысы келіп, "арандаған шенеунік" ретінде есте қалады. Түсінген адамға одан артық таңба бола ма?!

Сансызбай НҰРБАБА

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз