Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:19, 13 Ақпан 2024

Малшашпақ Мусиннің Тайландтан тартып алған тойы

Мусин
Фото: из открытых источников

Қазақстан кейінгі 30 жылда түрлі халықаралық форумдар мен конференция өткізуден көз ашқан жоқ. Діндарлар съезінен бастап, экономикалық және медиа форумдар қаптады. Алты құрлыққа сауын айтып, ЭКСПО өткіздік. Оның алдында қысқы Азия ойындары мен Универсиада спорт жарысын қабылдадық. Осының бәріне мемлекеттік бюджеттен мол қаржы бөлінді.

Билік мұның бәрі елдің сыртқы имиджін жақсартатынын айтады. Сол арқылы елге туристер мен инвестиция ағылады-мыс. Бірақ сол үміттің ешбірі ақталған жоқ. Экономикалық форумдар ел экономикасына, медиа жиындар баспасөз еркіндігіне оң әсер ете алмады. Тіпті 565,1 миллиард теңге қаржы жұмсап, 2,3 миллион турист келеді деп жар салған ЭКСПО-мызға мұғалімдерді мәжбүрлеп апарып, масқара болдық.

Түрлі саяси саммиттерге де әбден «тойдық». «Ядролық қауіпсіздік», «өңірлік тұтастық» деген атаулармен өтетін жиындардың қазаққа бергені аз. Мұндай жиналыстарға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әуестенгені сонша, қыза келе әлемдік дау-дамайға ақсақалдық жасап, бітім айтатын бас қазы атанғысы келген. Астана әлем елдерін бірлікке шақырудан шаршамайды деп желпінгендер көп болды. Бірақ біздің билік қанша тыраштанса да, әлем мойын бұрып қараған жоқ. Еуразия төсіндегі елеусіздеу ел болып қала бердік...

2020 жылы қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев имидждік іс-шараларға кететін бюджет шығынын қысқартуды тапсырды. Осыдан кейін елде қажетсіз форумдар сап тыйылды демеспіз, бірақ 2008 жылдан 2019 жылға дейін өтіп келген Астана экономикалық форумы тоқтады. Кейбір дерек бойынша, осы форумның екі-ақ күнге созылған соңғы жиынына бюджеттен 1,4 млрд теңге жұмсалыпты.

Тойқұмар Бағдат Мусин

Кейінгі кезде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «сауықшыл» болып кетті. Бұрынғыны айтпағанда, биыл ақпан айының басынан бері министрлік екі жиын өткізіп тастады. Министр Бағдат Мусин ШЫҰ цифрлық форумына да, «Digital Almaty-2024» цифрлық форумына да қатысып, жалынды сөз сөйледі. Алғашқысында «Қазақстан цифрландыру саласында, GovTech-те және ақпараттық технологияларды дамытуда айтарлықтай жетістікке жетіп, Орталық Азия елдері арасында көш бастады» деп мақтанды.

Ал екінші жиында елде 5G технологиясы жалпыласып жатқаны сөз болды. Осы жерде Қазақстанның көп өңірі 5G түгіл, 3G интернетке зар болып отырғанын Мусин мырза естен шығарып алса керек. Бағдат Мусиннің «Токиодағыдан жылдам» интернет желісін осы күні ерінбегеннің бәрі күлкі қылып жүр. Алыс ауылдарды айтпағанда, Астана мен Алматыда тұратын ағайынның өзі байланыс сапасына наразы. Халықаралық зерттеушілер дерегі бойынша, Қазақстандағы мобильді интернет жылдамдығы әлемде 67-орында тұрады.

Бірақ бұған бас қатырып отырған Мусин жоқ. Биыл күзде аса ауқымды конференция өткізуге дайындалып жатыр. «Ұлы тойдың» Ашық НҚА порталында жарияланған ресми атауы «Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы». Шұбалаңқы сөйлемнен шошығандар үшін жиынның «Asia-Pacific Digital ministerial conference on digital inclusion and transformation» деген ағылшынша атауын қоса ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша, бұл Азия-Тынық мұхиты елдері цифрлық даму министрлерінің конференциясы болса керек.

Негізгі мәселе конференцияның атында емес, затында болып тұр. БҰҰ мен Қазақстан үкіметі жасаған конференцияны ұйымдастыру жөніндегі келісімді оқып шықтық. 42 беттен тұратын келісімшартта бастан-аяқ ел үкіметінің міндеті мен жауапкершілігі жазылған, ал жиынның Қазақстанға қандай пайдасы тиетінін ашалап көрсетпепті. Бар болғаны «конференция елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра отырып, өңірдегі қазақстандық АТ шешімдерін жарықтандыруға мүмкіндік береді» деген екі ауыз сөзді малданып отырған сияқтымыз.

Бұл қандай конференция?

БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 2022-2026 жылдарға арналған «APIS іс-қимыл жоспары» бар. Мусиннің конференциясы осы жоспар аясында өтеді. Алғашқы жиын 2022 жылы қарашада Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өткен. Конференцияның Корея экономикасы мен цифрлық өміріне ұшан-теңіз пайда әкелгені жайлы ақпарат жоқ. Дүркіреген «тойдан» қалған жалғыз белгі – Сеулге жиналған қонақтар тізімі мен олар жасаған баяндама тақырыптары ғана. Ұйымдастырушылардың ресми сайтында осы ақпараттар ғана сақталыпты, ал конференциядан көрген пайдасы мен жұмсалған қаржы жайлы мәлімет таба алмадық.

Мұндай конференцияны Оңтүстік Корея өткізсе жарасатын шығар. Цифрлық әлеуеті дамыған, халқы толық жылдам интернетпен қамтылған. Интернет жылдамдығы бойынша бұл ел әлемдегі үздік бестікке енеді. Технологиялары да мінсіз. Ал біздің елде осының бірі жоқ. Бағдат Мусин шетелден келген қонақтарға қандай жетістігін көрсеткелі отырғаны белгісіз. Әлде, үкімет емес, екінші деңгейлі банк жасап берген цифрлы жүйені алға тарта ма? Айтпақшы, Сеулдегі конференцияға біздің елден де делегация барған. Вице-министр Асқар Жамбакин бастаған топ «Сергек» камераларын көрсетіп, мақтанып қайтыпты. Ең қызығы, «Сергек» те жеке компания мамандары жасаған жоба.

Сеулден кейін конференцияны өткізуге көп ешкім қызықпаған сияқты. Өйткені екінші жиын ЭСКАТО-ның штаб-пәтері орналасқан Бангкок қаласында өтеді деп жоспарланған. Бірақ оны ұйымдастыруды Қазақстан үкіметі сұрап алыпты. Сол үшін ЭСКАТО «жиынды Тайландтан Астанаға көшіруге қажетті барлық шығынды Қазақстан көтерсін» деп талап қойып отыр. Біздің билік бұған да бас шұлғи келіскен.

ЭСКАТО конференцияның мақсаты – өңірдегі цифрлық алшақтықты жою, цифрлық дағдыларды оқытуды қамтамасыз ету, цифрлық байланысты нығайту, цифрлық технологиялар саласындағы сенім мен қауіпсіздікті арттыру, өзара тәжірибе алмасу және инклюзивті цифрлық экономикаға жәрдемдесу екенін айтады. Мұндай мақсат жалған есепсіз, шынайы жұмыс істеген мемлекетте жүзеге асуы мүмкін. Ал ең қарапайым мобильді байланысты реттей алмай отырып, «интернетіміз Токиодан мықты» деп асыра есеп беруге әуес елде мұның бәрі жоспар күйінде қалуы мүмкін.

Конференцияға қанша қаржы жұмсалады?

Жоспар бойынша конференция 2024 жылы қыркүйек айында Астана қаласында өтеді. Нақты қай күндері екені қазірше анық емес, бірақ 3 күнге жалғасатыны белгілі. 50 елден мәртебелі қонақтар келеді. Жиынға жұмсалатын қаржы мөлшері де аз емес. Біздің қолымызға ЭСКАТО сұраған әкімшілік және мамандардың жүріп-тұруына арналған шығындар есебі ғана түсті. Ал Бағдат Мусин конференцияға жалпы қанша қаржы жұмсайтыны белгісіз. Министрлікке ресми сауал жолдаған едік, газет беттелгенше жауап келмеді.

Әдетте біздің билік елде өткен форумдарға қанша қаржы жұмсалғанын айтпайды. Бюджеттен бөлінетін қаржы жабық коммерциялық мәселе деп санайды. Кейде мұндай жиындарды өткізуге бюджеттен ақша жұмсалмағанын, жеке компаниялар демеуші болғанын айтып ақталады. Бірақ бұл жолы олай бұлғақтауға мүмкіндік жоқ. Үкімет пен БҰҰ арасындағы келісімшартта «шараның жалғыз қаржыландыру көзі – Қазақстан үкіметі» деп көрсетілген.

Сонымен, Қазақстан тып-тыныш Тайландта өткелі тұрған жиынды Астанаға көшіргені үшін ЭСКАТО-ға қосымша шығын ретінде 237 302,84 доллар (106 млн теңге) төлейді. Бұл соманы биыл 30 маусымнан кешіктірмей БҰҰ депозитіне аудару міндеті мойнында тұр. Сондай-ақ ЭСКАТО жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан бюджетінен тағы 535 212,64 доллар (239 млн теңге) қажет деп отыр. Әрі келісімшартта бұл сомалар өзгеруі мүмкін екені жазылған. Шығын бұдан көп болса, Астана толықтырады, аз болса артығын ЭСКАТО қайтарып береді.

Бұл сомаға «Қазақстанның конференцияны өткізу мақсатында конференц-зал, кеңсе-офис, жабдық және автомобиль жалға алу, жергілікті көмекші персонал ұсыну, жарнама және ақпараттық материалдар басып шығару және басқа шығындар» кірмейді. Қазақстан шенділері үшін ең маңызды түйін де осы шығар. БҰҰ белгілеп берген 350 млн теңге біздің атқамінерлер үшін тиын-тебен ғана. Қазақ билігінің бюджет қаражатын жұмсаудағы «тәбеті» бізге жақсы таныс. Жоғарыда 2 күндік Астана экономикалық форумына 1,4 миллиард теңге жұмсалғанын айттық. Ал дүбірі әлден естіліп тұрған қыркүйектегі 3 күндік «тойға» бұдан әлдеқайда көп қаржы бөлінуі мүмкін.

Бұған неге қызыға қалдық? Үкіметтің ойынан «болмай қалған бір тойы» кетпей жүр. 2020 жылы ел билігі Астанада Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын өткізіп, оған 3 миллиард теңге жұмсауды жоспарлаған. Бірақ коронавирус пандемиясы мен халықтың қарсылығын ескеріп, ол конференцияны өткізуден бас тартуға мәжбүр болды. Шенділердің күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтын осы іс-шараның орнын жабатын мүмкіндік енді туған сияқты. Осыған қарап, қыркүйектегі конференцияның жалпы шығыны 4 жылдың алдындағы межеге жақындауы мүмкін деп болжап отырмыз.

ЭСКАТО конференцияны қабылаушы елге бірқатар талап қойып отыр. Келісімшартта жиналыс өтетін залдардың көлемі, ондағы микрофондар саны, тіпті ноутбуктердің жүйесі мен жады қандай болатынына дейін көрсетілген. Қонақтар мінетін машинаның саны мен түрі де анық жазылған. Сондай-ақ жиналыс өтетін аумақтағы интернет жылдамдығы кем дегенде 200 Мбит/с болуы керек екен. Бағдат Мусин дәл осы проблеманы қалай шешетіні қызық. Өйткені Қазақстанда орташа мобильді интернет жылдамдығы – 35,49 Мбит/с, стационарлық интернет жылдамдығы – 51,41 Мбит/с ғана. Әлде елде цифрлық конференция өткен кезде интернет сапасы жақсара ма екен?!

Экономист Ануар Нұртазин Қазақстанда өтетін жиналыстардың көбі елге пайда әкелмейтінін айтты.

«Қазақстанда форумдардың бәрі дәстүрлі форматта өтетінін мойындауымыз керек. Оның үстіне спецификациялық бір түрге бейімделген, нақты мамандандырылған форумдардан гөрі ауқымды, аты жер жарған жиындар көп өтеді. Осының әсерінен өтіп жатқан іс-шараның тиімділігі төмендеп кетеді. Яғни әр саланы нақты көрсететін форум болмағандықтан, оның инновациялық және инвестициялық пайдасы да болмайды. Бізде бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлерге арналған конференциялардың өзі классикалық формадан ажырай алмаған. Әрі мұндай форумдар 2020, 2023 деген сияқты атаулармен жыл сайын немесе белгілі бір мерзім интервалында қайталап өтіп отырады. Мұндай пайдасы аз жиындарды қатар-қатар өткізіп, шығын шығара бергеннен тоқтатып тастаған тиімді.

Мұндай форумдардың нәтижесін экономикалық тұрғыдағы әсеріне қарап бағалау және сол форумды Қазақстанда өткізгеннен бізге қандай пайда келеді дегенді ескеру керек. Мысалы, ЭКСПО-ны алып қарасақ, оның жоспары мен қаржысы жағынан көптеген заң бұзу әрекеті болды, оның жартысын білдік, жартысын білмей де қалдық. Елде форумдар мен конференцияларды өткізу қате деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ оларды өткізерде қаржы бөлудегі рационалдық пен нәтиже болу-болмауына қарап шешім қабылдау керек», – дейді маман.

Түйін. Жақында су жаңа премьер-министр Олжас Бектенов: «Қаржы министрлігі 10 күнде республикалық бюджетке, бір айда жергілікті бюджеттерге ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек» деген болатын. Бектенов Бағдат Мусиннің конференциясын қажетсіз қаржы шашу деп қысқартып тастай алмас. Дегенмен Мусиннен жақсылап бір есеп алып, біз болжап отырған миллиардтық шығынның алдын алуға мүмкіндігі бар.

Қуаныш Қаппас