Сараптама

Мәскеу тағы да жаппай шабуылға ұшырады: Украина мыңға жуық дрон ұшырды

Бұл Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы бергі ең ірі дрон шабуылдарының бірі болды. Мәскеудегі Капотня ауданында орналасқан мұнай өңдеу зауытында тағы да өрт шықты.

Мәскеу

Мәскеу мэрі Собяниннің айтуынша, бірнеше дрон мұнай өңдеу зауытына жетіп үлгерген. Қазір шабуылдың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде.

Telegram-арналарында шабуылдан кейін шыққан өрт пен қала үстіне көтерілген қою түтіннің видеолары жарияланды. Кейбір кадрларда жанармай сақтау қоймасындағы жарылыс кезінде шатыр бөлшектерінің жан-жаққа ұшып жатқанын көруге болады.

Украина күштері Капотнядағы зауытқа бұған дейін де – 16 маусымға қараған түні шабуыл жасаған. Ал мамыр айының ортасында да бұл нысан соққыға ұшыраған еді. Reuters агенттігінің мәліметінше, қауіпсіздік мақсатында зауыт жұмысы уақытша тоқтатылған.

18 маусымдағы шабуыл кезінде Мәскеудің оңтүстік-шығысындағы «Садовод» сауда орталығы аумағына да дрон сынықтары түскен. Собяниннің айтуынша, ғимараттардың біріне аздаған зақым келген.

Котельники ауданындағы Волгоград даңғылы мен Новорязан тасжолында көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Мәскеу мэрі әуе қорғанысы күштері қалаға бағытталған 180 дронды атып түсіргенін хабарлады.

«Агентство» басылымы бұл шабуылды соғыс басталғалы бергі ең ірі дрон шабуылы деп атады. Ал ТАСС агенттігі оны соңғы екі жылдағы ең ауқымды шабуылдардың бірі деп бағалады.

Әуежайлар жабылды

Түнгі шабуыл кезінде Мәскеудегі төрт ірі әуежай – Шереметьево, Домодедово, Внуково және Жуковский халықаралық әуежайларының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Кейін шектеулер алынғанымен, біраз уақыттан соң қайта енгізілді. Ресей Көлік министрлігі мұндай шаралар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін мәлімдеді.

Зардап шеккендер бар

Мәскеу облысындағы Жуковский ауданында дрондардың бірі Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге соғылған.

Облыс губернаторының мәліметінше, шабуыл салдарынан 16 адам жарақат алған, олардың екеуі – балалар.

Степаново ауылында жеке тұрғын үйге дрон сынықтары құлап, бір әйел иығынан жараланған.

Люберцы қаласында фитнес-орталық пен өндірістік аймақтағы нысандар зақымданған. Ал Котельникидегі «Белая Дача» сауда орталығы аумағында өрт шыққан.

Ростов облысында адам қаза тапты

Украина дрондары Ресейдің Ростов облысына да шабуыл жасады.

Облыс губернаторының мәліметінше, Гуково қаласында бір адам қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған. Зардап шеккендер теміржол жүк станциясының қызметкерлері болған.

Шабуыл нәтижесінде тепловоз зақымданып, екі коммерциялық нысан өртеніп кеткен.

Ресей: 992 дронның шабуылы тойтарылды

Ресей Қорғаныс министрлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері бір түн ішінде және күндіз Украина ұшырған 992 дронды, төрт қанатты зымыранды және он авиациялық бомбаны залалсыздандырғанын мәлімдеді.

Ал Украина президенті Зеленский бұл операцияны Ресейдің Украина қалаларына жасаған шабуылдарына берілген «әділ жауап» деп атады.

«Осы аптада екінші рет Мәскеу мұнай өңдеу зауытына соққы берілді. Сонымен қатар Ростов облысы мен Украинаның уақытша оккупацияланған аумақтарындағы нысандар нысанаға алынды», – деп жазды Зеленский.

Ол сондай-ақ соғысты аяқтайтын уақыт келгенін және Ресей дипломатиялық қадамдарға баруы тиіс екенін мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз