Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Мектеп құрылысын аяқтай алмаған Сұлтанғазиев мердігерді сотқа сүйреп жүр

Сұлтанғазиев
Фото: из открытых источников

Аталған мақалада Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысының белгіленген уақыттан кешеуілдеп жатқаны айтылған болатын. Материал дайындау кезінде біз мектеп құрылысына жауапты мердігер «Техноснаб 2002» ЖШС-нан ресми жауап ала алмаған едік. Енді материал жарияланған соң мердігер компания редакцияға хабарласып (компания заңгері Нұрлан Сапарбаев), бұл істің мән-жайын айтып беруге құлықты екенін жеткізді.

Мердігер «Техноснаб 2002» ЖШС-ның жауабына сүйенсек, аталған мектеп құрылысының уақытылы аяқталмауына тапсырыс беруші тарап (Алматы облысы) кінәлі көрінеді. Нақтырақ айтсақ, мынадай үш себеп жұмыстың жоспарға сай жүруіне кедергі келтірген.

«Біріншіден, құрылыс жұмыстарының 74%-ы аяқталғанына қарамастан, тапсырыс беруші тарапынан тек 30% көлемінде ғана қаржыландыру қамтамасыз етілді. Бұл қаржыландырудың жеткіліксіздігі біздің жұмысымызды айтарлықтай қиындатып, жоспарланған мерзімдерге әсер етті. Жасалынған құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы шамамен 800 миллион теңгені құраған кезде, осы көлемдегі жұмыстарды қаржылық қолдау болмаған жағдайда жалғастыру мүмкін болмай қалды.

Екіншіден, тапсырыс беруші ұсынған жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыздығы біздің жұмысымызды одан әрі қиындатты. Құжаттамадағы қателіктер қосымша жұмыстарды орындауды талап етіп, бұл өз кезегінде мерзімдердің ұзаруына алып келді. Біз бірнеше рет тапсырыс берушіге бұл мәселелерді түзетуді сұрап жүгінгенімізбен, қажетті өзгертулер уақытында енгізілген жоқ. Мұндай әрекетсіздік бізге үлкен зиян келтіріп, жобаның орындалуына айтарлықтай кері әсер етті.

Үшіншіден, 2024 жылдың қазан айында біз 400 миллион теңге көлемінде орындалған жұмыс туралы актілерді тапсырдық, бірақ тапсырыс беруші қаржыландырудың болмауына сілтеме жасап, оларды қабылдаудан бас тартты. Сонымен қатар тапсырыс беруші 2024 жылдың қарашасынан бастап біздің компанияға 201 476 074 теңге қарыз болып отыр. Мұндай қаржылық қиындықтар құрылыс жұмыстарының тоқтауына себеп болып, біздің компанияның жұмысын ауырлатты».

Сондай-ақ мердігер компания 2024 жылдың қазан айында тапсырыс беруші өздерінің келісімінсіз жобаның 861 947 000 теңге көлемдегі қаржыландыруды 2025 жылға ауыстырғанын айтады. Негізі осыдан соң Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сай шарт мерзімдеріне түзетулер енгізілуі тиіс дейді. Алайда тапсырыс беруші оны да ескермеген көрінеді. Енді құрылыстың аяқталу мерзімін ұзарту үшін мердігер компания тапсырыс берушіні сотқа беріп отырғанын жеткізді.

Аталған мектеп құрылысына қатысты біз осыған дейін жариялаған материалымызда Алматы облысы білім басқармасынан ресми жауап алған едік. Алайда бұл жауаппен біз жоғарыда келтірген «Техноснаб 2002» ЖШС-ның жауабының кейбір тұстары сәйкес келмейді. Мысалы, Алматы облысы білім басқармасы «жұмыстың 60%-ы орындалды» дейді, алайда «Техноснаб 2002» ЖШС «құрылыс жұмысының 70%-ы орындалды» дейді. Сонда кімге сенеміз?! Сондай-ақ Алматы облысы білім басқармасы «мердігер «Техноснаб 2002» ЖШС-на келісімшарттың міндеттерін орындамауына байланысты сотқа шағым берілді» дейді. Алайда «Техноснаб 2002» ЖШС «біз өз құқықтарымызды қорғау мақсатында сотқа жүгінуге мәжбүр болдық» дейді. Сонда аяқталмаған мектеп құрылысы үшін кім-кімді сотқа беріп әлек?!

Енді қайтадан Алматы облысы білім басқармасына хабарластық. Ресми сауалымызды жібердік. Бұл жолы білім басқармасы біздің ресми сауалымызға ресми жауап берген жоқ. Есесіне, Алматы облысы білім басқармасының бас маманы Г.Қ Уальбаева тікелей телефонымызға хабарласып, сұрағымызға жауап берді.

«Сотқа олар да берді (мердігер компанияны айтады – ред.) біз де бердік. Мердігер компаниямен келісімшарт жасалған, соның уақыты өтті, бірақ құрылыс жұмысы біткен жоқ. Енді бізге уақытын созып беріңіздер дейді, бірақ біз ешқандай негіздемесіз уақытын соза алмаймыз. Негіздеме ол соттың шешімі болып табылады. Мердігер компания жұмыстың 70 пайызын бітірдік деп айта береді. Техникалық бақылау деген болады. Сол мамандардың айтуынша құрылыстың 60 пайызы дайын.

Біз бюджетке қарасты мекемеміз. Атқарылған жұмысқа ғана ақша аудара аламыз. Мердігер компаниядан 2024 жылы 31 желтоқсанға дейін құжат күттік, олар ештеңе әкелген жоқ. Ал игерілмеген ақша бюджетте қалып барады. Сондықтан оны үкіметке қайтардық та, биыл қайтадан сұрап алдық. Сондықтан «Техноснаб 2002» ЖШС-ның айтып отырғаны ешқандай негізсіз. Біздің тараптан заңбұзушылық болған жоқ. Қазір мердігер компания бізді «ақша аудармады» деп емес, келісімшарттың уақытын созу үшін беріп отыр.

Біз жұмысты үнемі қадағалап, бақылап отырдық. Кешеуілдеп жатқанын білген соң бір-екі рет ескерту де берілді. Олар «жақсы, бітіреміз» дейді, бірақ орындамайды. Сосын сотқа бердік. Бұл жерде мердігер кінәлі. Біздің мақсатымыз – жұмысты тездетіп аяқтату», – дейді Г.Қ Уальбаева.

Екі тараптың уәжі, міне, осындай. Ендігі шешім соттың құзырында. Қалай десек те, мұнда ауыр салмақ ауыл оқушыларының, мектеп ұжымының мойнына, сосын балаларын көлік жалдап мектепке жеткізіп жүрген ата-аналардың қалтасына түсері анық. Сұлтанғазиев бұл сотта жеңіп, одан мектеп құрылысының жұмысы қайта жалғасып, ол жұмыс аяқталғанша Алматының қары еріп, аязы қайтып, көктем келіп, тіпті жаз шығар. Істің беталысына қарағанда әзірге 4-тоқсан аяқталғанша құрылыс жұмысының бітуі қиын секілді. Ендігі бар үміт – көрнекті жазушы, Кеңес одағының батыры М.Ғабдуллин атындағы мектепте алғашқы қоңырау соғылса екен деп тілейміз.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ