Әлеумет

Министрлік: сәбиін көтеріп курьер болған ананың отбасы Алматыдан көшіп кеткен

Сәбиін көтеріп курьер болып жүргені қоғамда қызу талқыланған келіншектің отбасы Алматыдан кетіп, Шымкентке көшкен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.

 курьер ана

Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары отбасының үйіне барып, жұмысқа орналастыру бойынша көмек ұсынған.

«Отбасы ұсыныстан өз еркімен бас тартты. Кейін Алматыдан кетіп, бұрын тұрғандай ата-аналарымен бірге Шымкентке қоныстанды. Бұл – өздерінің шешімі», – деді Ербол Тұяқбаев.

Журналистер вице-министрден курьер ананың туыстары мен несиесі туралы мәліметтердің жариялануы қаншалықты заңды болғанын сұрады.

Тұяқбаевтың айтуынша, министрлік ешқандай жеке деректерді жарияламаған.

«ЖСН, ағасының аты-жөні немесе нақты жұмыс орны айтылған жоқ. Тек отбасының жалпы әлеуметтік жағдайын бағалау мақсатында мәлімет берілді. Бұл олардың сән-салтанатпен өмір сүріп жатқанын білдірмейді. Біздің цифрлық отбасы картасы бойынша олар орташа деңгейдегі отбасы санатына жатады», – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр күйеуінің несиесі туралы ақпараттың айтылуынан заң бұзушылық көрмейтінін жеткізді.

«Біз жеке деректерді жариялаған жоқпыз. Тек күйеуінің несиесі бар екенін ғана айттық», – деп толықтырды Ербол Тұяқбаев.

Тегтер: курьер
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз