Руханият

Мо Яньға жетпей қалған сұрақ...

22 маусым күні Алматыға әйгілі қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь келді. Оған де­йін «Мо Янь келе жатыр» деген ақпар қалам ұстаған, кітап құмар ағайын арасында желдей есті. Бұған біз де елең ете қалдық. Шынымен де бұл – делебеңді қоздыратындай-ақ жаңалық. Себебі Нобель сыйлығының иегері ауылымызға күнде келіп жатқан жоқ. Сондай-ақ Мо Янь – қазақ топы­ра­ғына алғаш табаны тиген әдебиет сала­сы бо­йынша Нобель сыйлығының иегері.

Мо Янь мен Мереке Құлкенов

Жазушының жолына қарап, елеңдеп отырғанымызда Мо Янь әуелі Ыстықкөлдің бойынан жарқ ете қалды. Сөйтсек, алдымен қырғыз еліндегі үлкен форумға ат басын бұрыпты. Сонда бірер күн аялдап, ке­йін Алматыға бет алған көрінеді. 

Мо Яньмен кездесу сағат 10:00-де, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоратындағы мәжіліс залын­да басталды. Кездесуге жазушы­мен бірге Қытайда тұра­тын белгілі қазақ қаламгері Әкбар Мәжитұлы қатысты. Жиынды Қазақ­стан Жазушылар одағы­ның басқарма төрағасы Мереке Құлкенов басқарды. Әдепкі бет­ашар сөзден ке­йін Мо Янь мен Әкбар Мәжитұлына универ­си­тет­тің Құрмет­ті профессоры ата­ғы табысталды. Сосын, Ә.Мәжитұлының қысқа лебізі­нен ке­йін жазу­шыға сөз берілді. 

Мо Янь біртоға, биязы, сабырлы қалпынан жазбай аяңдап, мінберге көтерілді. Жылы амандасудан соң лекциясын бастай жөнелді. Аздан соң залда отырған қазақ зиялылары бір-бірі­не аңтарылып қарай қал­ды. Мо Янь алдындағы парағына арагідік көз қиы­ғын салып қойып, желдірітіп барады. Құлағында ілеспе аударма жоқ залдағы қауым жазушының не айтып жатқа­нын ұғына алмай, аңтарылып, абың-гүбің күйге түсті. Өйт­кені жазушының сөзін ауда­рып жатқан ешкім жоқ.

Осыны байқаған Әкбар Мәжитұлы Мо Яньді кідіртіп, оның сөзін қазақшаға аудара бастады. Мо Янь мінбеге көтеріліп бара жатқанда М.Құлкенов «40 минут берілетінін» ескертіп еді, жазушы сол кесімді уақыттың 20 минутқа жуығын лекция оқуға жұмсады. Онда негізінен өзінің шығармашылық тарихын қысқа қайырып, алдағы уақытта жазбақшы болып жүрген романы туралы айтты.

Жазушы осы уақытқа дейін «Нобель сыйлығын алғаннан кейінгі шығармам тіпті де сүбелі болуы тиіс» деген ойдың жетегімен әлемнің біраз елін аралапты. Мәселен, Испанияға барып Сервантес тұрған үйді көріпті, Аргентинаға барып Борхестің үйіне бас сұғып, жазушының қол жазбасымен танысыпты. Достоевскийдің үйіне арнайы барып, «Ағайынды Карамазовтарды» жазған үстелін сипапты. «Осының бәрі – жаңа шығармаға дайындық, іштей ой түю» деді қаламгер. 

Жазушының шағын лекциясынан кейін көпшілік бір-бірлеп сұрақ қоя бастады. Осы кезде М.Құлкенов залда отырған ақын Алмас Ахметбекұлын шақырып, ендігі сұрақ-жауапты осы кісі аударатынын айтты. (Зайыры университеттің алдын ала дайындап қойған аудармашысы болса керек, босаға жақтан бір жас жігіт «мен аударайын» дегендей ыңғай танытып еді, Құлкенов оны қомсынды ма, тыйып тастады). 

1
Фото: Жазушылар Одағы

Сонымен залдан әртүрлі сұрақтар қойылды, дені – жазушының шығармаларына, шығармашылық лабораториясына қатысты сауалдар. Мо Янь оның бәріне баппен жауап беріп жатыр. Арасында «енді сіздерге сұрақ қояйын, менің шығармаларымның аудармасы қалай, жатық па, тұшынып оқи аласыздар ма?» деп, аудиторияны өзіне тарта сөйледі. Бұл сұраққа белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жазушының бұған дейін жарық көрген «Өлім мен өмір азабы» романының (роман 2021 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген аудармашылар Жәйірбек Мұхаметхан, Дүйсенәлі Әлімақын) аудармасы сапалы екенін айтып жауап берді. 

Бір кезде микрофон жас қаламгер, журна­лист Дастан Қастайға тиді. Ол жазушының шығарма­шылығымен етене таныс екенін, қалам­гердің үнемі дәуір, қоғам шындығын жазатынын айта келіп: «Сіздің бір кейіпкеріңіз Шынжаң өлкесінде, ондағы қалың қазақ пен ұйғыр арасында туса нені, қалай жазар едіңіз? Осы тарапта BBC News, «Азаттықтың» деректеріне сүйенер ме едіңіз?», – деді. Бастапқыда аудармашы сұрақты түсінбеген сыңай танытып, қайыра сұрады. Дастан қайтадан сұрағын нақтылады. Сосын А.Алмасбекұлы өзіне қайта-қайта қарағыштап тұрған Мо Яньнің жанына таяңқырап барып, жұртқа мойнын бұрып, «осы сұрақ керек пе?» деді. Жастар жағы «керек, орынды сұрақ» деп әр жерден дауыстады. Бірақ аудармашы «саясиландырмай-ақ қояйық» деді, М.Құлкенов те оны қостап, келесі сұраққа тез көше жөнелді. Осылайша, Дастанның сұрағы Мо Яньға жетпей қалды.

Шынын айтқанда, аудармашының сұрақтың қай тұсынан шошынғаны тіпті түсініксіз. Түптеп келгенде, бұл өзі үрке қарайтын, Мо Яньға жеткізбей «мойнын үзетіндей» «саяси» да сұрақ емес еді. Тіпті жазушы шығармашылығын терең түсінген, мән-мазмұнын жете таныған оқырман үшін қызықты болуы тиіс сұрақ. Ойымыз тиянақты болуы үшін Дастан Қастайдың сұрағының түп-тамыры қайда жатқанын меңзей кетейік. Мо Янь – 11 роман жазған жазушы, роман болғанда пышақтың қырығандай ғана жұқа жөп-жөнкі романдар емес, әрқайсысы 500-600 беттен тұратын кере қарыс роман (романды кең мол етіп жазу, әрі оқиғаларды тығыз, күрделі етіп өріп отыру жазушыға тән мәнер). Сондай сүйекті шығармаларының бірі – 2006 жылы Қытайда жарық көрген «Өлім мен өмір азабы» деп аталатын романы. Онда қаламгер 1950-2000 жылдары Қытайда жүргізілген жер реформасы, ұжымдастыру, аштық, аты шулы «Мәдени революция», кейінгі нарықтық реформаларды сөз етеді. Осы саяси науқандардың ақ түтек боранында, көз аштырмас қара дауылында қаңбақша ұшқан, жанышталған, дойыр саясаттың табанына тапталған адам тағдырының қыртыс-қатпарын еш боямасыз алдыңызға жайып салады. Романның формасы да тартымды.

Мұнда Мо Янь буддалық реинкарнацияны ұтымды пайдаланады. Яғни романның басты кейіпкері – Сымэнь Нао есімді дәулетті шаруа (жер иесі), ол 1948 жылғы жер реформасы кезінде «помещик» ретінде ату жазасына кесіледі. Алайда Сымэнь Нао өзін кінәсіз санап, о дүниеде де әділетсіз жазаға ұшырадым деп есептейді. Сөйтіп, тозақ әміршісінің үкімімен ол бірнеше рет қайта дүниеге келеді. Есек, өгіз, шошқа, ит, маймыл болып қайта туады. Алайда Сымэнь Нао өмірге қайтадан келген сайын бұрынғы адамдық жадын сақтап қалады. Сөйтеді де, жануар көзімен Қытай қоғамының жарты ғасырлық тарихын бақылап, елдегі үлкен өзгерістердің, қоғамдық, әлеуметтік оқиғалардың куәсі болады. Біздіңше, Дастанның әлгі сұрағы «Өлім мен өмір азабындағы» осы жайтпен сабақтасып жатыр. Яғни Мо Яньнің кейіпкері Шыңжаңда туса қалай болар еді, жазушы онда нақты нелерге мән берер еді, қандай мәселені көтерер еді деген ұшқыр қиял еді. Бәлкім, сұраққа орай жазушының ой тиегі ағытылып, әлдебір қызық дүниелер айтар ма еді, тіпті қазақ қаламгерінің сұрағы жазушыға ой салар ма еді?

Әттең, көлеңкесінен қорыққан аудармашы әдепкі, қарапайым сұрақтан секем алып, шоқ басқандай шыжалақ қағып ала жөнелді. Сұрақты Мо Яньға жеткізбеді. Енді біздің көңілімізде осыдан соң мынадай сұрақ туындады. Жалпы қаламгерлердің Мо Яньға қойған сұрағын сұрыптап, сүзгіден өткізіп, оны «саяси», «саяси емес» деп жіктейтіндей, ақырында көңіліне жақпағанын қағып тастап, аудармай қоятындай құқықты аудармашыға кім берді? Бұл қаншалықты этикаға саятын іс? Қалай десек те, «Мо Янь келе жатыр» деп ай бойы дүрліккенімізде жазушыға қойылатын қарапайым сұраққа дейін «тыйым салғанымыз» өкінішті-ақ. 

Кездесу соңында Мо Яньнің қазақ тіліне аударылған «Сарымсақ жыры» романы (аударған – Төлеген Меллат) мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» деп аталатын эсселер, сұхбаттар мен публицистикалық жазбалар жинағының (аударғандар – Еділбек Дүйсен, Әлихан Мақаш) тұсауы кесілді.

Жақсылық Қазымұратұлы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз