Молалы айналма жолындағы жанжалға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жетісу облысының Ақсу ауданында бақша өнімдерін сатушылар арасындағы жанжал төбелеске ұласты. Жанжал кезінде әйелдердің бірін полиция қызметкерінің көзінше бетінен теуіп жіберген.
Оқиға Балқаш көліне апаратын тасжол бойындағы Молалы айналма жолының маңында болған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған дейін тасжол бойындағы ретсіз сауданы тоқтатып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлер үшін арнайы сауда орны ұйымдастырылған. Алайда саудагерлердің бір бөлігі жаңа орынға көшуден бас тартып, айналма жолдың маңында саудасын жалғастыра берген.
Салдарынан жол бойымен келе жатқан жүргізушілер ресми сауда орнына жетпей-ақ, алғашқы кездескен сауда нүктелерінен қарбыз бен қауын сатып алатын болған. Ал арнайы базарға көшкен кәсіпкерлер сатып алушылардың азайғанына шағымданған.
Олар бұған дейін бірнеше рет полициядан жағдайды реттеуді сұраған. Алайда саудагерлер арасындағы кезекті жанжал төбелеске ұласқан. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері төбелесті дер кезінде тоқтата алмаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан жерде жатқан әйелге екінші әйелдің жүгіріп келіп, бетінен қатты тепкенін көруге болады. Сол сәтте олардың жанында полиция қызметкері тұрған.
Зардап шеккен әйел түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Жетісу облысының Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен жәбірленуші бұған дейін бір-бірін таныған. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция.