Live

Мұнай бағасы АҚШ-тың Иранға жасаған соққысынан кейін қымбаттап жатыр

АҚШ әскерінің Иранның оңтүстігіндегі нысандарға жасаған соққыларынан кейін әлемдік мұнай бағасы күрт өсті.

Мұнай

Brent маркалы мұнайдың бағасы 26 мамыр таңертеңгі саудада 3,3 пайызға қымбаттап, барреліне 99,33 долларға жеткен.

Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы жұма күнгі жабылу бағасымен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендеп, барреліне 92,79 доллар деңгейінде саудаланған.

Сарапшылар Brent мұнайы Таяу Шығыстағы жағдайға, әсіресе Ормуз бұғазы арқылы тасымал қауіпсіздігіне тікелей тәуелді екенін айтады. Сондықтан бұғаздағы кез келген шиеленіс мұнай бағасын бірден өсіреді.

Ал WTI бағасы негізінен АҚШ ішкі нарығындағы ұсынысқа байланысты қалыптасады.

Newsweek басылымының жазуынша, жанармай бағасының күрт өсуін тежеу үшін АҚШ стратегиялық мұнай қорларын белсенді пайдаланып жатыр.

Швейцариялық UBS инвестициялық банкі әлемдік мұнай нарығында қысым күшейіп келе жатқанын мәлімдеді. Банк дерегіне сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдердің бұзылуына байланысты наурыз-сәуір айларында әлемдік мұнай қоры 246 миллион баррельге қысқарған.

UBS болжамынша, мамырдың соңына қарай өндірістегі жиынтық шығын 1 миллиард баррельден асуы мүмкін.

Айта кетейік, 26 мамырға қараған түні АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі зымыран ұшыру алаңдары мен мина қоюға әрекеттенген кемелерге соққы жасаған.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы — CENTCOM бұл әрекет «өзін-өзі қорғау» және «Иран күштерінен төнген қауіптің алдын алу» мақсатында жасалғанын хабарлады.

Сонымен бірге АҚШ әскері қолданыстағы бітім кезінде «ұстамдылық танытып отырғанын» мәлімдеді.

Ал Ислам революциясы сақшылары корпусы жауап шаралары болатынын ескертті.

АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату режимі 8 сәуірден бері күшінде.

АҚШ президенті Дональд Трамп 25 мамырда Иранмен келіссөздер «жақсы жүріп жатқанын» мәлімдеді. Бірақ келісім жүзеге аспаса, жаңа шабуылдар болуы мүмкін екенін де ескерткен.

«Бұл не бәріне тиімді тамаша келісім болады, не мүлде келісім болмайды», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Тегтер: Мұнай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз