Live

Мұнай бағасы күрт төмендеді

Әлемдік мұнай бағасы 3 тамыздағы таңғы саудада күрт төмендеді.

Мұнай

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің бәсеңдеуі мүмкін деген үміт аясында Brent пен WTI маркалы мұнайдың құны шамамен 5 пайызға арзандады.

Астана уақытымен сағат 08:10-дегі мәлімет бойынша, Лондондағы ICE биржасында қазан айындағы Brent маркалы мұнай фьючерстері 5 пайызға төмендеп, бір баррелі 83,53 долларға дейін түсті.

Ал қыркүйек айындағы америкалық WTI мұнайының фьючерстері 5,68 пайызға арзандап, 79,86 долларды құрады.

Мұнай неге арзандады?

Бағаның төмендеуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға жоспарланған әскери соққыдан бас тартып, дипломатиялық келіссөздерге тағы бір мүмкіндік беретінін мәлімдеуі себеп болды.

Нарық қатысушылары тараптар келісімге келіп, әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қайта жандануы мүмкін деп күтуде.

Алайда Иран әзірге қандай да бір келісімге қол жеткізілгенін растаған жоқ. Елдің Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бағаи АҚШ соғыс пен бейбітшіліктің қашан басталып, қашан аяқталатынын шешпейтінін айтты. Оның сөзінше, болашақ келіссөздер Иранның ұлттық мүддесіне сай жүргізіледі.

Сондай-ақ ол Ормуз бұғазы әзірге жабық күйінде қалып отырғанын, ал Иран мен Оман стратегиялық бағытты басқару мәселесі бойынша келіссөздерді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Бұған қоса, мұнай бағасына ОПЕК+ ұйымының қыркүйек айынан бастап өндірісті тәулігіне 188 мың баррельге арттыру туралы шешімі де қысым көрсетіп отыр.

Тегтер: Мұнай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз