Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 14 Наурыз 2024

Мусиннің мегабайты бітсе де, мақтаны бітпейді

Мусин
Фото: Жас Алаш коллаж

Былтыр тамыз айынан бастап елдегі ұялы байланыс пен мобильді интернет бағасы 30 пайызға қымбаттады.

Сөйтіп, мобильді төлемдердің ақысын қымбат бағамен төлей бастадық. Қызмет түрі бірден шарықтап шыға келгенде «енді сапалы қызметті тұтынамыз, өлеусіреген интернеттен құтыламыз» деп дәмеленгенбіз. Әсіресе ауыл халқы «бұдан былай біреумен байланысқа шығу үшін желі ұстайтын жер іздеп, тау-тастың, қора-қопсының төбесіне шықпайтын шығармыз» деп үміттенді...

Бірақ «тариф қымбаттады, оның қызметі де сапалы болады» деген аңқау ел көп өтпей бұл да осы саланы монополиялап алған компаниялардың ашкөздігі ғана деген шешімге келді. Өйткені тариф қымбаттағанмен, халық тұтынатын қызметтің сапасы мүлде өскен жоқ. Тіпті кейбір ауылдар мен қалалардағы көптеген нүктелер қазір жағдайдың күрт төмендеп кеткенін айтып, бір оператордан екінші операторға ауысып, одан да түк шықпаған соң Wi-Fi қостырып, соның интернетін талғажау қылып отыр.

Байланыс операторлары бұл қымбатшылықтың себебін инфрақұрылымдық шығындардың артуымен, инфляциямен және ғаламдық логистикалық тізбектің бұзылуымен байланыстырды. Аталмыш нарықтағы компаниялардың мәлімдеуінше, олар ұялы бай­ла­ныс мұнараларын жаңғыртуға арналған құрал-жабдықтарды шетелден сатып алады. Мұндайда доллар бағамының бір өсіп, бір түсуі күрделі шығындарға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан ұялы байланыс операторлары қыз­меттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және одан да озық технологиялар мен қыз­меттерді ұсыну үшін тарифтердің бағасын өсіруге мәжбүр болдық деп жүр.

Халықтың көңілі толмаса да, цифрлық даму және аэроғарыш министрі Бағдат Мусинге бұл саладағы қызмет сапасы әйтеуір қатты ұнайды. Министр бұл жайында былтыр елорданы дамытуға арналған кеңесте кеңінен толғап, біраз мақтанды. Тіпті ол қызды-қыздымен «Астанада интернет сапасы Токиодан да жоғары» деп салып, оны жұрт жаппай әжуаға айналдырып, ең соңында жапондар естіп қоймасын, масқара боламыз деген ортақ шешімге келіп, әрең тыншыған. Иә, қалай дегенде де елдің абыройы, итің жаман десе намыстанып қаламыз, министрің өтірікші екен десе қай бетімізді айтамыз! Дегенмен көпшілік министр мақтанам деп, «көрмес түйені де көрмес» дегенге салынды, интернеттің қандай екенін білгісі келсе ауылға келсін деп көп күнге дейін кіжініп жүрді. Әрине, Мусиннің интернетін зерттеп жүрген сарапшылар да қарап қалған жоқ, түрлі фактілер, дәлелдер ұсынып жатты. Айталық, Мусин айтқан Астанада интернет жылдамдығы секундына 15 мегабайт деңгейін көрсетсе, бізден «артта қалған» Токиода ғаламтор жылдамдығы секундына 200 мегабайт екен. Айырмашылық – он үш бүтін оннан үш есе... Қалай мақтансаң да өзің біл.

Мусин арнайы айтқан соң біз де арнайылап тоқтала кетейік. Біз Астананы барлық жерде «ақылды қала» және аймақтық IT Хаб деп жариялап жүрміз. Осыған сүйенсек, Астанада автоматты түрде цифрлық инфрақұрылымның сапасы жоғары болуы керек. Алайда елордадағы интернет пен ұялы байланыстың да сапасы мүлде сын көтермейді. Деректерге жүгінсек, былтыр үкі­метке байланыс және ақпараттандыру мә­селелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түскен. Соның нәтижесінде, Аста­нада интернет нашар тартатын тұрғын үй кешендері анықталған. Қа­зір елордада интернет ұстамайтын, ұялы байланыспен сөйлесу мұң болған 67 орын нақтыланған. Сондай тұрғын үйлердің бірінде тұратын Астана тұрғыны Ақмарал Арғынбаевамен тілдесіп көрдік. Оның айтуынша, елордаға көшіп келгеніне бес жыл болған. Бірақ сол аралықта интернет сапасының жақсарғанын көрмепті.

«Өзім бірінші қабатта тұрамын. Кешкісін біреумен сөйлесу үшін жетінші қабатқа шығамын немесе сыртқа байланыс ұстайтын жерге баруыма тура келеді. Басында байланыс тарифіне 990 теңге төлейтін едім. Қазір 5090 теңге төлеймін. Көшіп келгеніме бес жыл болды. Жыл сайын министрдің «интернет сапасы жақсарады» деген уәдесін естиміз. Былтыр «Астанадағы интернет сапасы Токиодан асып түсті» дегенді де естідік. Егер қызмет сапасы мінсіз болса, онда министр неге жыл сайын «сапаны жақсартамыз» деп уәде беріп жүр? Абсурд қой», – дейді Астана тұрғыны.

Ал министр болса, Астанадағы интернет сапасының нашарлап кететінін тұрғындардың өзінен көреді. Мусин мұны радиофобиямен байланыстырады. Министрдің ойынша, бұл радиотолқындағы ақаудан қорқатын жұрттың ойдан шығарып отырғаны. Бұған қатысты министрдің өзі келтірген деректерге сүйенсек, Астанада 2022 жылдың бірінші тоқсанында 37 базалық стансасы орнатылып, қазір оның 35-і алынып тасталған. Министр «тұрғын үйлердің бір-екі тұрғынының арыз-шағымына байланысты шатырларда орнатылған базалық стансаларды алып тастауға мәжбүрміз» дейді. Мусиннің бұған қатысты мына бір сөзі де таңғаларлық:

«Біз үйдегі 99 тұрғынды тыңдап, байланыс сапасын қамтамасыз етуіміз керек пе, әлде радиофобиямен ауыратын бір тұрғынды тыңдаймыз ба? Ол тұрғын мұның барлығын денсаулығына зиян деп санайды. Оның ойынша, отбасында біреу қатерлі ісікке шалдықса, оған қондырғы кінәлі. Ал біз үнемі бір жерден алып, басқа жерге орнатуға мәжбүрміз. Бұл, әрине, тиімсіз жұмыс».

Осындай уәж айта келе өткен жылы Мусин депутаттарға бұл мәселені заңнамалық деңгейде қарауды сұрады. Оның пікірінше, базалық стансаны бұзу туралы шешім көпшілік дауыспен қабылданып, дауыс беруді ұйымдастыруды жылжымайтын мүлік иелері қауымдастығына (МҚБ) тапсыру керек.

ІТ-ағартушы, осы саланы зерттеп жүрген сарапшы Елдос Еркебай министрдің мұндай уәжімен келіспейді. Маманның байламынша, қандайда бір базалық стансаларды орнатарда байланыс операторлары санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкестігін тексереді. Оны орнатуға рұқсат алады. Осыдан кейін барып стансалар орнатылады. Бізге интернет сапасына қатысты қырық түрлі сылтау айтудан бұрын, нақты жұмыс істеуге көшу керек. Елде расымен де тұтыну қызметінің бағасы қымбат. Халықтың қалтасы көтермейді.

«Бұл арада Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өкілеттілігін кеңейту қажет. Қазір бұл агенттік ұялы байланыс операторларына бағаны өсіруге тыйым сала алмайды. Себебі олар жекеменшік монополия, аталмыш агенттіктің оларға барып «бағаны өсірмеңдер» деуге қауқары жетпейді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі оларға тек айыппұл ғана сала алады. Былтыр өзінің міндеттемесіне сай сапа­лы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл са­лын­ған болатын. Негізінде, монополистерге агенттіктің салған мұндай айыппұлын төлеп, әрі қарай жұмыстарын жалғастырып отыра берген ыңғайлы. Олар өз шығындарын тарифтерді қымбаттатып, халықтың қалтасынан қағып алады. Бұған мемлекет араласуы керек. Агенттікке тариф бағасын бақылауға алатын, оны белгілейтін әлеует берілген жөн. Монополистерге мемлекеттік деңгейде тыйым салынуы қажет. Жай ғана желі тартып беретін ке­зеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Жұрт тариф­тер­дің ақысын толығымен төлеп отыр. Сон­дықтан сапалы қызметті талап етуі орынды», – дейді ІТ сарапшы Елдос Еркебай.

Алайда мұндай пікірлерге де министр Бағдат Мусиннің айтары дайын. Оның пі­кі­рін­ше, Қазақстанда тариф қымбат емес, керісінше, арзан болғандықтан да интернет жыл­дамдығы баяу. Былтыр Астана халықаралық форумында министр Мусин дүниежүзіндегі ең арзан байланыс тарифі Қазақстанда екенін айтып, тағы таңғалдырды. Министрдің осы сөзінен кейін-ақ ұялы байланыс операторлары тұтынушыларға «30 күннен кейін тариф бағасы қымбаттайды» деген хабарламаларды бірінен кейін бірі жарыса жібере бастады. Олардың айтуынша, бай­ланыс сапасын ұстап отыру және жақсарту же­ліні дамытуға үлкен инвестиция салуды қа­жет етеді. Тіпті мұндай шараларға елдегі байланыс операторлы 100 миллиард тең­­геден аса қаражат жұмсайды-мыс.

Міне, содан бері халық мобильді төлемдер мен интернет қызметіне қымбат бағамен төлей бастады. Бірақ бағасы қымбаттаған аталмыш қызмет түрінің кетеуі кетіп, жылдам хабар алғызуы тиіс интернетіміз бен байланысымыз өгіз аяңдап қалды.

Бұдан бөлек, бізде нақ осы цифрлық даму министрлігінің бастамасымен тәжірибеге енген әлеуметтік қызметтерге арналған өтінім беретін сайттар да жиі-жиі істен шығады. Электронды үкіметтің және басқа платформалардың да қызметі сын көтермейді. Мысалы, тұрғын үй кезегіне тұруға қатысты платформалар да, медицинаға қатысты цифрлы жүйе де тап солай. Egov.kz порталынан да бір құжатты алу үшін қарапайым халыққа мың жүйке талшығын үзуге тура келеді.

Бірақ осыған қарамастан, Бағдат Мусин асқақ қиялдың жетегінде жүр. Бұған қатысты ол: «Болашақтағы стратегияық мақсатымыз – барлық қалаларды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 5G интернетпен қамту. Бұл бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау» дегенді жиі айтады.

Жалпы, экономист-сарапшылардың пікіріне сүйенсек, еліміздегі мобильді байланыс пен интернеттің қымбатшылығын реттеудің жолы бар. Сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, мұны шешу үшін үкімет нарыққа өзге ойыншыларды енгізуі керек. Бұған қатысты әлемдік нарықта виртуалды мобильді операторлар деген ұғым бар.

«Бізде инфрақұрылымдық жүйелер бар. Стансалар бар, оптикалық талшықты кабельдер жердің астында жатыр. Басқа компанияларға соны пайдалануға рұқсат беру керек. Виртуалды компаниялар шетелден, қашықтан отырып та бұл істі жүргізе алады. Мұндай компаниялар жер шарында көп. Болашақта біз соларға жол беруіміз керек», – дейді М.Төртенова.

Иә, біздегі қалыптасқан жүйе бойынша Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары арасында бәсеке жоқ, тұтынушыларда таңдау еркіндігі аз, үлкен бір компания өз жұмысын тек бірнеше шағын компанияларға ғана бөледі, содан барып бұл нарыққа басқа да үлкен компаниялар келмей жатыр. Мамандар тіпті «елдегі интернет сапасын, байланыс қызметін жақсарту үшін Илон Масктің «Старлинк» жүйесін бізде сатып алатын мүмкіндік болса немесе әрбір бизнес орталық өзі сатып алса жақсы болар еді» дейді. (Starlink – ірі қалалардан шалғайдағы елді мекендерді, теңізде жүзіп жүрген кемелерді интернет байланысымен қамтамасыз етіп, автократиялық режимдерде цензурасыз ақпарат тарату үшін SpaceX компаниясы ойлап тапқан теңдессіз деп бағаланған ғаламдық жүйе).

Бірақ ғажап интернеті үшін Астананы шексіз сүйетін министрінің мұндайды ойлауға әзірге мұршасы жоқ. Қазір Бағдат Мусин Біріккен ұлттар ұйымының «Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы» атты жиынды өткізудің әлегімен жүр (ресми аудармадағы атауы). Бұл жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қомақты қаржылық шығындарды талап етеді. Себебі аталған «тойға» төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар жиналмақ. Алдын ала есеп бойынша бұл жаһандық «тойдың» әкімшілік шығындарына ғана 237 302 АҚШ доллар қаражат кетпек.

Осынша ақша не үшін керек демей тұра тұрыңыз, бұл Мусин үшін, оның имиджі үшін, еліміздің абыройы (!) үшін қажет дүние. Бұйырса, бұл жиында Американы басып озғанымыз жайлы ақпарат тарап жатса таңғалмаңыз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ