НАТО жойғыштары Латвия аспанында дронды алғаш рет атып түсірді
НАТО жойғыш ұшақтары Латвияның әуе кеңістігіне кірген ұшқышсыз ұшу аппаратын алғаш рет атып түсірді.
Бұл туралы 8 маусым күні Латвия ұлттық қарулы күштері хабарлады.
Хабарламаға қарағанда, операция Франция әскери күштерімен бірлесіп жүргізілген. Латвия Қарулы күштерінің өкілі Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде кем дегенде бір дронның Ресей аумағынан Латвияның әуе кеңістігіне кіргенін айтты.
Оқиға алдында және шамамен 40 минуттан кейін Латвияның Краслава және Лудза аудандарында әуе қауіпі туралы дабыл жарияланған.
Балтық елдері мен Финляндияның алаңдаушылығы
Сарапшылардың айтуынша, бағытын жоғалтқан әскери дрондардың Балтық елдері мен Финляндия аумағына енуі Украинадағы соғыстың НАТО-ның солтүстік шекараларына таралу қаупі жөніндегі алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Бұл жағдай Украинаның Балтық теңізіндегі Ресей мұнай терминалдарына жасаған шабуылдарының жиілеуімен тұспа-тұс келуде. Кейбір дрондар нысанаға жетпей, бағытынан ауытқып кететіні айтылуда.
Азаттық радиосының мәліметінше, бұған дейін де ұдрондар Латвия әуе кеңістігіне кірген. Алайда мұндай дрон алғаш рет атып түсіріліп отыр.
Бұрын дәл осындай жағдайда дронды жою туралы шешім қабылданбағандықтан, Латвияда саяси дағдарыс туындап, үкімет ауысқан болатын.
Молдова аумағынан да дрон табылды
Осы уақытта Молдова Қорғаныс министрлігі 8 маусымға қараған түні елдің әуе кеңістігіне Украина шекарасына жақын орналасқан Михайловка-Лопатна бағыты жағынан дрон кіргенін хабарлады.
Арнайы қызметтердің тексеруі нәтижесінде Лопатна ауылы маңындағы егістік алқаптан ұшқышсыз аппараттың бөлшектері табылған.
Министрлік мәліметінше, оқиға орнында жарылыс іздері анықталған. Қазір табылған сынықтарға сараптама жүргізіліп, дронның қай елге тиесілі екені және оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.