Непалдағы су тасқынында жоғалып кеткен қазақстандық әйел елден табылды
Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін хабарсыз кеткен үш қазақстандық әйелдің бірінің қайда екені анықталды.
Ол Қазақстаннан табылған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, әйел осы уақыт бойы өз үйінде болған.
Ал қалған екі қазақстандық әйелдің тағдыры әзірге белгісіз. Олардың жақындары ДНҚ сараптамасына қажетті биологиялық материал тапсырған. Қазір жоғалып кеткен азаматтарды анықтау жұмыстары Непал мен Қытайда жүргізіліп жатыр.
Непалда іздестіру жұмыстары 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір елде апат салдарын жою және қалпына келтіру шаралары қолға алынған. Ал Тибеттің Гьиронг уезінде іздеу топтары зардап шеккен аумақтарды тексеруді жалғастырып жатыр.
Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткен азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға қажетті көмек көрсетуде.
Еске салайық, тамыз айында болған табиғи апат Непалда 1 455-тен астам адамның өмірін қиды. Тағы 5 285 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Қытайда 43 адамның қаза тапқаны расталған, ал 519 адамның тағдыры әлі белгісіз.