Әлеумет

Нұрай Серікбай ісі: жәбірленуші тарап сот отырысын тікелей эфирде көрсетуді талап етпек

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесін тікелей эфирде өткізу ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін мәлімдеді.

Нұрай

Адвокаттың айтуынша, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жолдаған.

«Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Енді іс мәні бойынша сотта қаралады. Сонымен қатар сот процесін тікелей эфирде өткізуді талап етеміз», – деді Аянхан Омаров.

Ол жәбірленуші тарап сот барысында марқұмның отбасының құқықтарын қорғауды жалғастыратынын және заң талаптарына сәйкес қоғамды істің барысы туралы хабардар етіп отыратынын айтты.

Нұрай Серікбай оқиғасы

2025 жылдың 11 қаңтарында Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбай дүкенге бара жатқан кезінде өз үйінің маңында кісі қолынан қаза тапты. Оған алдын ала торуылдап жүрген жігіт кенеттен шабуыл жасап, бірнеше жерінен пышақтаған. Ауыр жарақаттан Нұрай оқиға орнында қаза тапты. Күдікті 28 жастағы ер адам болып шықты, ол оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай қала сыртынан ұсталды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен тергеу басталды.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде қыздардың қауіпсіздігі, олардың соңынан қалмай аңду (сталкинг) және қоқан-лоқы көрсету фактілеріне полицияның дер кезінде шара қолданбауы қызу талқыланды. Нұрайдың туыстары құқық қорғау органдарынан ұсталған қылмыскерге ең қатаң баптар бойынша айып тағып, әділ жазалауды талап етті.

Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты халық арасындағы ашу-ыза билік органдарының назарын аудартты. 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Президент осы мәселеге арнайы тоқталды. Тоқаев күдіктінің Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталғанын, ақырында оның соңы адам өліміне соқтырғанын атап өтті.

Бұдан кейін көп ұзамай Шымкент қаласында бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері, соның ішінде Шымкент ПД басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен шеттетілді.

"Жас Алаш" Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбайдан эксклюзив сұхбат алды

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз