«Отбасынан» бас кетсе... IPO ұшпаққа шығара ма?
Қазір «Отбасы банкті» жекешелендіру жайы жиі талқыға түсіп жүр. Болашақта бұл банктің акциялары ІРО-ға орналаспақ. Банктің жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық холдингінің ресми мәліметінше, «Отбасы банкінің» IPO-ға шығу мерзімі мен форматы туралы нақты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен үкіметтің жеңілдікпен жекешелендіру жоспарларына сәйкес, банктің акцияларын қор нарығына орналастыру 2025-2026 жылдар аралығына жоспарланған.
ІРО «тәтті бәліш» пе?
Жалпы, ІРО – бастапқы жария орналастыру дегенді білдіреді. Қарапайым тілмен айтсақ, «компанияның халықтық дүкенге сатылымға шығуы» деп түсіндіруге болады. Мәселен, бұған дейін компания тек бір қожайынға, мемлекетке немесе бір кәсіпкерге тиесілі болса, IPO-дан кейін кез келген қарапайым адам оның ортақ иесі, яғни акционері атана алады. Мысалы, үлкен, өте дәмді және үнемі табыс әкелетін бәліш сататын компания бар делік. Бұрын бұл бәлішті тек бір адам ғана жеп рахатын көрсе, енді сол бәлішті мыңдаған кішкентай тілімдерге (акцияларға) бөліп, халыққа сатуға шығарды. Сіз сол тілімнің біреуін сатып алсаңыз, сіз де сол тәтті бәліштің ортақ иесі атанасыз. Ал енді «Отбасы банк» ІРО-ға шықса «тәтті бәліш» бола ала ма?
Бүгінде «Отбасы банк» қарапайым коммерциялық банк емес. Ол – мемлекет жүргізіп отырған тұрғын үй саясатының негізгі құралы. Мыңдаған отбасы дәл осы банк арқылы жеңілдетілген несие алып, баспаналы болды. Бірақ IPO-дан кейін жағдай өзгеруі әбден мүмкін.
Қаржы сарапшыларының пікірінше, жария компанияға айналған банк ең алдымен акционерлердің мүддесіне жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал акционер үшін басты мақсат – әлеуметтік міндет емес, табыс пен дивиденд.
Әсіресе Halyk Finance сарапшылары осы тәуекелге ашық тоқталды. Олардың бағалауынша, IPO-ға өткен жағдайда «Отбасы банк» қазіргі мемлекеттік артықшылықтарының бір бөлігін жоғалтуы ықтимал. Атап айтқанда, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының негізгі операторы ретіндегі рөлі әлсіреуі мүмкін. Субсидиялар қысқарып, жеңілдікті механизмдер саны азаюы ғажап емес. Ең басты мәселе – банк өзінің әлеуметтік миссиясынан алыстап кетуі мүмкін.

Бұған қатысты экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков былай дейді:
«Қазір «Отбасы банк» халықтың белгілі бір бөлігін қолдауға бағытталған жүйе ретінде жұмыс істейді. Ал IPO-дан кейін инвесторлар банктің әмбебап коммерциялық қаржы институтына айналуын талап етуі ықтимал. Бұл жағдайда тұрғын үй жинақ жүйесінің философиясы өзгеріп, «әлеуметтік банк» біртіндеп, кәдімгі табыс қуалайтын қаржы құрылымына айналуы мүмкін. Сондықтан келешекте бұл банк «тәтті бәлішке айналады» деп айта алмаймын».
«Қош бол, арзан ипотека!»
Сарапшылар тағы бір маңызды мәселеге назар аударуда. Егер банк ІРО-ға түссе, тұрғын үй құрылыс жинақтары нарығындағы монополиялық позициясынан да айырылуы ықтимал. Бір қарағанда, банк акцияларының ІРО-ға шығуы бұл бәсекелестікті күшейтетін оң өзгеріс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, екінші жағынан, мемлекет бақылауы әлсіресе, халыққа арналған арзан ипотекалардың болашағы бұлыңғыр тартады. Осыдан барып арзан ипотекалық өнімдермен қош айтысуымыз мүмкін.
Өйткені IPO – жай ғана акция сату емес. Бұл – банктің басқару философиясын өзгерту. Бүгін мемлекет «Отбасы банк» арқылы әлеуметтік саясат жүргізіп отырса, ертең сол банктің шешіміне жеке инвесторлардың ықпалы күшейеді. Ал инвестор үшін халықтың әлеуметтік жағдайынан бұрын қаржылық көрсеткіш маңызды болатыны түсінікті.
Бұған дейін банк басшысы Ләззат Ибрагимова IPO кезінде инвесторлар үшін «Отбасы банктің» тартымдылығы жоғары болатынын айтқан. Оның сөзінше, ІРО мемлекет бақылауы мен қаржының ашық жұмсалуына сенім қалыптастырады. Алайда дәл осы мемлекеттік бақылау IPO-дан кейін әлсіресе ше?
Экономист-сарапшы, Дәурен Арынның сөзіне сүйенсек, қазір сарапшыларды алаңдатып отырғаны – банктің акциясы қаншаға сатылатыны емес, ертең «Отбасы банк» халықтың банкі болып қала ма, әлде акционерлердің банкіне айнала ма?» деген сауал.
«Отбасы банкінің» басшылығы IPO-ға шыққаннан кейін мемлекеттік бағдарламалар қысқармайтынын және қазіргі жеңілдетілген мөлшерлемелер өзгеріссіз сақталатынын ресми түрде мәлімдеді. Дегенмен тәуелсіз қаржы сарапшылары мен талдаушылар ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік қолдаудың азаю тәуекелі бар екенін ескертеді. Осыны ұмытпау керек. Жеке инвесторлар келгеннен кейін олар банктен таза пайданы арттыруды және бизнесті коммерцияландыруды талап ете бастауы ықтимал. Ұзақ мерзімде мемлекет тарапынан берілетін тікелей субсидиялар мен арзан қаржыландыру көлемі кемуі мүмкін. «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі жеке-дара монополиялық позициясын жоғалтып, нарық басқа екінші деңгейлі банктерге де ашылуы мүмкін. Әрине, мемлекет банк акцияларының тек бір бөлігін (40 пайызға дейін) сатуды жоспарлап отырғандықтан, бақылау пакеті үкіметте қалады. Сондықтан әлеуметтік ипотекалық бағдарламалар бірден күрт қысқара қоймас. Дегенмен болашақта осындай арзан ипотекалық өнімдер арзандаса, халыққа қиын болады. Меніңше, ІРО-дан бұрын банктің жұмысына басқаша жаңалықтар енгізген абзал», – дейді сарапшы Дәурен Арын.
Банк жаңа саясатқа бейімделе ала ма?
Жалпы, «Отбасы банктің» жұмысына жаңалық енгізу керектігі, тұрғын үй саясатына халыққа қолайлы өзгерістер қажеттігі бізде үнемі айтылады. Бұл тақырып тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларына да арқау болды. Банктің ипотекалық бағдарламаларын халыққа қолжетімді ету, бұқараны арзан баспанамен қамту, жастардың тұрғын үй мәселесін шешу, жалдамалы пәтерлер санын арттыру дейсіз бе, толып жатқан жаңалықтар мен ұсыныстар айтылды. Бір қарағанда, «Отбасы банк» те, үкімет те халықты тұрғын үймен қамтудың заманауи тетіктерін меңгерген тәрізді көрінеді. Алайда індете түссек, сол баяғыша бұрынғы бағдарламалардың өңін айналдырып, халық оңай олжаға кенелетіндей жарнамасын асырып жүрміз.
Мысалы, президент 2021 жылғы жолдауынан бастап жаңа тұрғын үй саясаты туралы қаузапты. Артынша жолдауды «қолдағыш», тапсырманы «орындағыш» министрлер «Отбасы банктің» ипотекалық бағдарламаларына қатысты жеңілдіктер жайында сайрай жөнеледі. Сол тұста индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Бейбіт Атамқұлов: «Бұдан былай үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі», – деп мәлімдеме жасады. Бірақ бұл «Бақытты отбасы» мен «Шаңырақ» бағдарламаларында әу бастан бар, бұрыннан бері көрсетіліп келе жатқан шарт еді. Сонымен бірге Атамқұлов отбасы табысына байланысты ипотека пайызы жылдық 2 пайыз және 5 пайыз болатынын да жаңалық қылып жеткізген. «Бақытты отбасы» (қазір бұл бағдарламаның атауы «Концепция» болып өзгерген) бағдарламасының сол кезден бері мөлшерлемесі 2 пайыз, ал «Шаңырақ» бағдарламасының пайызы да әу бастан 5 пайыз екенін ескерсек, бұл шарттардың еш өзгермегенін байқаймыз. Сондай-ақ экс-министр құрылыс салушыларды қолдау мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және үлестік құрылыс әлеуетін пайдаланып, жобалық қаржыландыру тетігі енгізілетінін де айтты. Бұл да екінші деңгейлі банктер бұрыннан қолданып келе жатқан амал. Шындығын айту керек, үкімет тұрғын үй саясатына қатысты президенттің тек бір ғана тапсырмасын орындай алды. Ол – халықтың зейнетақы жинақтарын «Отбасы банк» депозиттеріне аудару мүмкіндігі. Себебі бұған «Отбасы банктің» өзі қатты мүдделі болды. Бұл тәсіл арқылы банк азаматтардың зейнет жасына деп жинаған тұрақты әрі мол қаржы легін өзіне бұрып алып, есебінен жақсы кіріс түсірді. Қазір пайдасын көріп, жасарын жасап алғаннан кейін үкімет пен «Отбасы банк» халық баспана алу үшін пайдаланатын зейнетақы шегін адамның ойына келмейтін сомаға көтеріп қойды. Міне, біздегі тұрғын үй саясатына қатысты жаңашылдықтардың базасы – осы.
Ойлап қарасақ, қызметі қолданысқа енгелі бері әрісі – «Тұрғын үй жинақ банкі», берісі «Отбасы банк» болған кезеңде де – бұл банк халыққа қолайлы бағдарламалар легін жасақтай алды дей алмаймыз. Рас, белгілі бір көлемде бұл банктің арқасында елдер баспаналы болды. Оны жоққа шығармаймыз. Дегенмен біз тілдескен сарапшылар «банк тұрғын үй саясатына қатысты жаңа жүйеге қауқарлы емес, өйткені ескі бағдарламаларды еңсере алмады» дейді.
Бағдарламалардың қызығын қашан көреміз?
Жалпы, тақырыпты зерттеу барысында біз алматылық кейіпкерлердің де пікірін білуді жөн көрдік. Олар банктің бағдарламаларына бірнеше жыл қатарынан қатысып көргенімен, бақтары жанбаған. Мәселен, Алматыдағы жастардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін «Алматы жастары» бағдарламасы осы банк арқылы жүзеге асады. Қазір банк қызметкерлері бұл бағдарламаға өтініш қабылдау маусым айында басталатынын айтып-ақ жатыр. Ең қызығы, осы уақытқа дейін бұл бағдарламаға қатысқандар арасында конкурстан жоғары балл алғандар өте алмай, керісінше, ұпайлары төмендердің асығы алшысынан түскен. Барлық талапқа сай, жұмыс өтілі он жылдан асқан жандар іріктеу тізіміне ілінбей, 0 ұпай алғандардың баспаналы болған оқиғасы көп кезіккен. Бағдарламаға неше жыл қатарынан қатысып, жолы болмаған Алматы қаласы, Алмалы ауданының тұрғыны Айғаным Серғалиеваның сөзіне сүйенсек, осындай мысалдар бар. Бес баласы бар кейіпкеріміз көпбалалы жас отбасы ретінде «Бақытты отбасына» да, «Алматы жастарының» да талабына келіп тұрғанын, бірақ соңғы жеті жыл бойы конкурстан өтпей жүргенін айтады. Кейіпкеріміз тіпті «мұндай бағдарламаларда байқаудан өту үшін тұрғын үй департаментінен, «Отбасы банктен» таныс тауып, кезекті жылжытуға болады» дегенді де естіген. Жалпы, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында осындай былықтардың болып жатқаны бұған дейін де айтылып келді. Үйлі болғысы келгендер сүттей ұйып отырған отбасымен ажырасып, жалғызбасты ана да атанды, ірі мегаполистерге тұрақты тіркеуге тұру үшін де «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барғандарды да көрдік, өз атындағы жылжымайтын мүлікті өзгенің атына аударып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, нағыз мұқтаждарға мүмкіндік бермей жүргендер де болды. Осындайда тұрғын үй департаменті мен «Отбасы банк» жұмысына қатысты нақты бақылау, жоғарыдан мықты бір пәрмен керектігін айтпасқа тағы болмайды.
«Отбасы банктің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық холдингі. Банктің бағдарламаларын осы алпауыт холдинг қаржыландырады. Негізінде, шындап келгенде, «Отбасы банктің» барлық мемлекеттік бағдарламалары халыққа тиімді деп айта алмаймыз. Банк бәрібір өз есебін ойлайды. Банктің кейбір пайызы қымбат бағдарламалары бай-манаптарға арналған тәрізді. Алып мегаполистердің халқы баспана алудың басқа жолы болмаған соң амалсыз банк қызметіне жүгінетінін айтады. Пайымдағанымыз, мемлекет бақылап, мемлекет субсидиялап отырғанда осындай жайттар болып жатыр. Ал болашақта банктің акциясын жеке инвесторлар ала бастаса, бақылаудың пәрмені одан әрі әлсірей түспей ме? Бұл әлі де басы ашық сауал.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ