Отставкаға арыз жазу неге ойыншыққа айналды?
Былтыр желтоқсанда Тоқаевтың жарлығымен қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, басшысына отставкаға арыз жазуды міндеттейтін заң күшіне енді.
Осылайша атқамінерлердің жемқорлыққа қатысты жауапкершілігі күшейтілген-ді. Содан бергі аралықта бірнеше басшы отставкаға арыз берді. Бірқатары орындарынан босады. Жасыратыны жоқ, билік біразына кешірім жасады. Міне, енді олардың арасында мемлекеттік марапаттардың иесі атанып жатқандар да бар. Енді біраз уақыттан кейін қызметі өсіп кеткендердің табылуы да ғажап емес. Мұның бәрі де отставкаға арыз жаздыруға мәжбүрлейтін тәртіптің бірте-бірте маңызынан айырыла бастағанын, осыған қатысты қабылданған шешімдерде ағаттықтар болғанын көрсететін сияқты.
Отставка мәселесінің басы әжептәуір екпінмен басталып, ақыр аяғының сиырқұйымшақтанып кеткені рас. Мәселен, Түркістан облысында отставкаға арыз жазу «бақыты» алғаш болып Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың маңдайына жазылды. Биыл мамырда Есбаевтың тікелей өзі тағайындаған кадры – Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Құрманәлиев жер телімін беру үшін әлдебір азаматтан 400 мың теңге алу барысында қолға түсті. Шілдеде аудандық сот оны 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Қазанда облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді күшінде қалдырды.
Осыдан кейін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкаға арыз жазуға тиіс болатын. Ел арасында Есбаевтың қызметінен міндетті түрде кететіні туралы әңгімелер айтыла бастады. Оған себеп жоқ емес. Осыдан екі жыл бұрын бала зорлау, кланаралық текетіреспен аты шыққан Келесте биыл сыбайлас жемқорлықтың өршіп кеткені рас еді.
Ақментай Есбаев 2018 жылы өз алдына қайта отау тіккен Келес ауданының алғашқы әкімі саналады. Араға 20 жылдан астам уақыт салып қайта құрылған ауданның тұңғыш әкімі орынбасарларынан бастап, ауылдың әкіміне дейінгі аралықтағы барлық кадрды өзі тағайындаған. Яғни қарамағындағы қызметкерлері жемқорлыққа былықса, Есбаевтың біреуге өкпелейтіндей жөні жоқ. Жоғарыдағы ауыл әкімінен бөлек, маусымда ақпарат құралдарында Келес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі башысының парамен ұсталғаны туралы мәлімет таралды. Басшы «Қызыл әскер» қосалқы станциясының құрылысын жүргізіп жатқан мердігерден осы құрылысқа бөлінген 3 миллиард теңгенің 1 пайызын, нақты айтқанда 30 миллион теңге, талап еткен көрінеді. Аудандық деңгейдегі шенеуніктің 30 миллион теңге парамен ұсталуы бұрын-соңды кездескен емес (егер бөлім басшысы сотталар болса, Есбаевтың отставкаға екінші қайтара арыз жазуына тура келеді). Оның артынша Келес аудандық спорт бөлімі басшысының 1 миллион теңгемен ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде жазылды. Бұл істің толық мән-жайы бізге белгісіз. Бірақ бейресми дереккөздеріне қарағанда, басшы «кадр бизнесімен» айналысқан көрінеді. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс кейінірек қысқартылады. Бірақ шенеуніктің өзі қызметінен босатылды.
Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевке қатысты іске де әлі нүкте қойылмай жатыр. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, ауданның бас мұғалімі екі қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Дәлірегі – ол тергеушілерге «жалған арыз беру» және «параға сатып алу» деректері бойынша жауап беріп жатқан көрінеді.
Енді мына қызықты қараңыз, отставкаға кетеді деп жүрген Ақментай Есбаев Тәуелсіздік күнінде президенттің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін темір тордың ар жағына топырлап түсіп жатқан Есбаевқа мұндай сый-құрмет не үшін көрсетілді?! Мұны әкімді осындай марапатқа ұсынушылар жақсы білетін шығар деген ойдамыз.
Жалпы, отставкаға арыз жазуды міндеттейтін заңның шикі, шала, құлаққа қонымсыз тұстары көп. Жергілікті жердегі шенеуніктердің оны ойыншыққа айналдырып жібергені сондықтан болу керек. Жуырда Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкіміне қарағанда, әкім қарамағындағыларға тапсырма бере отырып, жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласына арналып, қайырымдылық қорына жиналған қаражаттың 80 миллион теңгесін төрт құрылыс компаниясына аудартқызған. Артынша бұл қаржы айналып келіп облыс әкімінің уысына түскен сыңайлы. Білдей облыстың әкімі көпшіліктің жырымдап жинаған қайырымдылық қаржысына қол салды дегенді бұрын-соңды кім естіген десеңізші?! Сот үкімінен бөлек, Қызылорда облысы әкімінің атына жеке қаулы шығарды. Қаулыда мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүргізу қажеттігі жазылған. Біздің ойымызша, сот жеке қаулыны Қызылорда облысының әкіміне емес, президент әкімшілігіне, дәлірегі ел президентінің атына, шығаруы тиіс еді.
Неге десеңіз, облыс әкімін қызметке тағайындайтын президенттің өзі емес пе?! Мемлекет басшысының жарлығымен былтыр 28 маусымда Қызылорданы біраз жыл басқарған Қырымбек Көшербаевтың президент әкімшілігінің басшысы лауазымына ауысып, оның орнын орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың басқаны белгілі. Өкініштісі сол – аса ірі көлемде алаяқтық жасап, сыбайлас жемқорлыққа былыққан Қуанышбек Ысқақов үшін енді ешкім жауап бермейді. Себебі, біріншіден, оны қызметке тағайындаған президент отставкаға арыз беретіндердің тізіміне енгізілмеген. Екіншіден, қылмыс жоғарыдағы заң күшіне енгенге дейін болып қойған. Алайда заңдық тұрғыдан жауапкершілік жоқ болғанымен, моральдық тұрғыдан бар ғой.
Бар болғанда қандай! Енді президентке облыс басшыларының отставкасын қабылдаудың қаншалықты ауыр болатыны айтпаса да түсінікті шығар.