Пәкістандағы қайғылы оқиға: ауруханадағы өрттен 14 нәресте қаза тапты
Пәкістан астанасы Исламабадта қайғылы оқиға болды. PIMS ауруханасының перзентхана бөлімінде шыққан өрт салдарынан 14 жаңа туған нәресте қаза тапты.
Өрт кезінде бөлімде 15 сәби болған, олардың біреуін ғана аман алып қалу мүмкін болған. Бұл туралы BBC хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өртке кондиционердегі қысқа тұйықталу себеп болған. Жалын оттегі жүйесіне тарап, өрттің жылдам өршуіне әкелген.
Қаза тапқан сәбилердің туыстары мен оқиға куәгерлері ауруханада өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағанын айтып отыр. Нәрестелердің бірінің әкесінің сөзінше, ғимаратта келушілерге арналған бір ғана есік жұмыс істегендіктен, адамдарды эвакуациялау қиындаған.
Аурухана әкімшілігі бұл мәлімдемемен келіспейді. Олардың айтуынша, кезекші қызметкерлер жұмыс орнында болған және эвакуациялық шығу жолдары жабылмаған.
Оқиғадан кейін Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерін қызметінен шеттетті. Сондай-ақ өрттің себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Сарапшыларға қайғылы оқиғаның себептері туралы ресми қорытындыны 24 сағат ішінде ұсыну тапсырылды.