Саясат

Парламент қандай жолмен сайланса, халықтың оған деген сенімі де сондай болады

Жас-кәріміз түгелдей елеңдеп, құлақ түрген парламент сайлауы да өтті. Нәтижесі де белгілі болды.

Парламент қандай жолмен сайланса, халықтың оған деген сенімі де сондай болады

Сол сайлаудан бірге үміт күткен көңіл де су сепкендей басылды. Өзіміз өмір сүретін елдегі биліктің көпе-көрінеу көзбояушылыққа барып, мыңдаған, миллиондаған азаматтардың пікірін назарына ілмегені үшін оған деген жағымсыз сезім адамдардың бойын жаулап алғандай. Сайлау қорытындысында айтылған санның бәрі қазіргі билік үшін үлкен минус болды. Өйткені «Нұр Отанның» әдеттегідей жоғары дауыс жинауы көптеген адамдардың бірден күдігін тудырғаны анық. Себебі қоғам талабына мойынсынбаған билік үнемі заңды аяқасты етіп жүргені белгілі. Биліктің шын мәнінде плюралистік сайлау өткізуге жағдай жасамағанын, кейбір саяси партиялардың сайлауға қатыспай қалғанын және бірқатар үміткерлердің сайлаудан шеттетілгенiн халық көріп-біліп отыр.

 Басқасын былай қойғанда, барлық деңгейдегі сайлау комиссиясының мүшелерін және төрағасын билік өзі тағайындап бекітіп жатса, ондай сайлаудан басқа нәтиже күтуге болмайды. Биліктің ең әлсіз және сонымен қатар күшті буыны орталық сайлау комиссиясының төрағасы екені белгілі. Сондықтан да билік өзiнің сенімді адамын қоюға тырысады. Алайда осының өзі үлкен заңсыздық, әділдік пен теңдік принципін аяққа таптау болып табылады. Тіпті Қазақстан Республикасының барлық азаматтары ассамблея атына өтетін тоғыз депутатқа дауыс бермесе, олар қалайша парламент мәжілісінің депутаты болады? Билікке мұндай құқықты кім берген? Ешбір мемлекетте жоқ, тек Қазақстанда ғана үстемдік етіп тұрған бұл қандай заң?

Бүгінгі парламент заңды жолмен сайландық дей алмайды. Бәлкім, биліктің айнaласы үшін заңды шығар. Бірақ қоғам үшін олай емес. Бұл «Нұр Отанның» жеңісі емес, халықтың оған артқан сенімі емес. Президент әкімшілігінің, облыстық, аудандық деңгейдегі әкімдердің, сайлау комиссияларының  «жетістігінің жеңісі». Билік әрқашан елдегі ішкі тұрақтылықты алға тартып келеді. Сөйтіп, сол тұрақтылықты билікке басқа күштер келген жағдайда тұрақсыздыққа айналуы мүмкін деген ұстаным қашанда өзге күштердің белсенділігіне қайшы қойылуда.

 Естеріңізде болса,  жергілікті әкімді сайлау идеясын 2001 жылы билікті дүрбелеңге салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы аясында бас қосқан либерал жас шенеуніктер ұсынған болатын. Бүгінгі билік сол кездегі сайлау идеясы авторларының саясаттың «киндер-сюрприздері» деп мұқатқандары бар. Ақыры не болды? Бүгінде саясаттанушылар айтқандай, «сауатты оппозицияны тұншықтырамын» деп, халықтың басым бөлігі қарсы шығатын қоғамдық қатынасты қалыптастыру мемлекеттік мүдде үшін қажет пе еді? Жоқ. Бұл билік мүддесі үшін қажет болды. Ақиқатында, сауатты оппозицияны қолдан тұншықтырып, орнына бұқара халықтың қарсы шыққан тенденциясына тап болдық. Оппозициялық партиялардың құрылуы, парламенттен орын алуы тек қоғам үшін емес, билікке аса қажет. Алайда оппозицияны, өзіндік пікірі бар партияны билікке, бүгінгі парламентке жолатпау арқылы билік жағдайды ушықтырып алды. Бұқара халықтың қарсылығына тап болды. Митинг, шерулер осының кесірінен туындап отыр.

Халықтың сайлауға соншалықты самарқау қарайтынының басты себебі – олардың биліктен көңілінің қалуы. Көңілі қалмай қайтеді? Қазақ елінің сайлау жүйесі, оның кемшіліктері 30 жыл бойы айтылып келді. Нәтиже жоқ. Бұрынғы сайлау жүйесі, бұрынғы заң, бұрынғы тәсілдер, бұрынғы нәтижеге қол жеткізу. Сөйтіп, бүгінгі сайлау – парламент сайлауы, бүгінгі биліктің нағыз ойыны – бүгінгі саясаттың «киндер-сюрпризі» болды. Қитұрқы жолмен, әділетсіз өткен сайлау кімге жақсы атақ әперер? Олар осыншама бұрмалаушылықпен өткен сайлаудың адал, әділ саналмайтынын түсінбей ме? Халық соқыр емес. Парламент қандай жолмен сайланса, оған деген сенімі де сондай болады. Билік өз халқынан алыстаған сайын, оның халықтық емес екеніне көз жеткізесің.

Шынайы саяси реформа әділ де ашық сайлауды ұйымдастыру ісінен басталуы керек. Егер «Нұр Отан» «Парламент сайлауында бізге халықтың 51 пайызы  жақтап дауыс берсе, 49 пайызы қарсы дауыс берді. Енді біз бұдан былай осы 49 пайыз бізге неге қарсы дауыс берді деген мәселені бір сәтке де есімізден шығармай, осы 49 пайыздың  талап-тілегіне құлақ түріп, сол талап-тілектердің оң шешілуіне күш-жігерімізді жұмсаймыз» десе, бұл ұлтты біріктірудің бірден-бір жолы болар еді. Алайда кез келген сайлауда қалаған пайызын қолдан жасап, барлық жетістіктерді жеке басына меншіктеп, кемшіліктерге еш қатысы жоқ болып көрінгісі келетін  «Нұр Отан» саяси аренада жалғыз болғысы келеді. Ал жалғыздық саяси партияларға емес, тек Құдайға ғана жарасқан.

Бүгінгі өтіп жатқан реформалар, өкінішке қарай, қоғамда орын алған келеңсіздіктерді шынайы демократиялық жолмен шешіп жатқан жоқ. Керісінше, бұрынғыдай қоғамның назарынан тыс, жасырын әдістермен шешуге тырысып бағуда. Бірақ біздің қоғам анағұрлым жетілген. «Бізде бәрі дұрыс» деп, мәселені түбінде жасыра бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Жасырған мәселенің соңы неге ұласатынын халық көріп отыр. Бар мәселенің бір ғана шешімі бар: ол – әділ және ашық сайлау. Ал мұны билік ескеріп отырған жоқ.

 Рас, Тоқаевтың билігі кезінде алғаш рет өтіп тұрған бұл сайлаудан халық үлкен өзгерістер мен түбегейлі бетбұрыстар күткен. Алайда халық биліктен «сенімді азайтатын үлкен уәделерді ғана естіп жүр» (Гораций). Сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарын қудалау, тамыры тереңге жайылған жемқорлық, кейінге ысырылып, жылы жауып тасталған мәселелер, бет бақтырмайтын арнайы қызмет түрлерінің көбеюі мен сайлау қорытындыларын бұрмалау, қиянаттар мен қасіреттер сол саяси реформаны кейінге қалдырудан туындап отыр. Бүгінгі билік сайлауды өздерінің ойындағыдай өткізді, енді алдағы уақытта халықты алдаусыратып, үлкен саяси реформалар жасаған түр көрсетуге тырысады. Алайда сайлауды әділ өткізе алмайтын, әділ өткізуге тырыспайтын билік қоғам мүддесін көздейтін толыққанды саяси реформа жасауды қаламайды. Плюралистік парламент жоқ жерде, толыққанды саяси реформа жоқ жерде – ештеңе де жоқ.

Егер парламентке әртүрлі бағыттағы, әрқилы пікірдегі адамдарды топтастырғанда мұндай біржақты саясат жүрмейтін еді. Бүгінгі таңда өркениетті елдер қатарындағы қай мемлекетті алсаңыз да, олар халықты таңдап, халықты сыйлаған билігімен мықты. Биліктің мықтылығы  демократиялық негізге келіп тіреледі. Ал демократияның ең басты идеясы –  халықтың саяси еркіндігі. Билік жүйесі демократия мен азаматтардың еркіндігіне негізделген жағдайда нарықтық экономика қоғамның тұрақтылығына, ел мен халықтың өркендеуіне жол ашады. Ұлт еркіндігі үкімет пен парламентте қанша шенеунік отырғанымен де, шенеуніктердің аспандатып салған ғимарат, үйлерімен де өлшенбейді. Еркіндік қарапайым адамдардың бақытымен өлшенеді. Халыққа қызмет жасау халықтан жоғары және оқшау тұрудың амалы емес. Ұлтына сүйенген билік қана өміршең.

Тегтер: Без Тега
Мұрат Өтебайұлы
Мұрат Өтебайұлы Мұрат Өтебайұлы

Оқыңыз