Павлодар облысындағы кәсіпорында алты адамның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы кәсіпорындардың бірінде алты адамның өмірін қиған қайғылы оқиға болды.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиға Жоламан ауылындағы кәсіпорын аумағында болған. Топтық жазатайым оқиға туралы ақпаратты өңірдің ресми қызметтері растады.
Қаза тапқандардың ең жасы – 17-де
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, 20 шілде күні сағат 12:01-де ЖШС-лердің бірінен шұғыл шақырту түскен. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер алты ер адамның қаза болғанын анықтады.
Қаза тапқандардың туған жылдары:
1963,
1975,
1983,
1998,
2006,
2009.
Осылайша, көз жұмғандардың ең жасы небәрі 17-де болған.
Бір адамның өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.
Оқиға салдарынан 1988 жылы туған тағы бір ер адам зардап шегіп, Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, оған орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылған.
«Науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Жағдайы тұрақты. Сондықтан оны Павлодар қаласына тасымалдау қажет емес», – деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция тергеу бастады
Павлодар облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу барысында кәсіпорында қауіпсіздік талаптарының сақталуы және нысанда кәмелетке толмағандардың қандай негізде жүргені анықталады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта арнайы комиссия қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.