Павлодарда 24 млн теңгені алма ағашының түбіне көміп қойған күзетші ұсталды
Павлодарда кәсіпорындардың бірінде күзетші болып жұмыс істейтін азамат шамамен 25 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінді.
Полицейлер жоғалған ақшаның басым бөлігін ерекше жерден — алма ағашының түбіне көмілген қазанның ішінен тапқан.
Ірі көлемдегі ақшаның жоғалғаны туралы полицияға қаладағы ЖШС өкілдері хабарлаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары кәсіпорын күзетшісінен күдіктенген.
Полицейлер бау-бақша серіктестіктерінің біріндегі саяжай аумағын тінту кезінде жерге көмілген қазанды анықтаған. Оның ішінде 24 млн теңге қолма-қол ақша болған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген қаражат қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелген.
Бұл туралы Павлодар қалалық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров мәлімдеді.