Саясат

Петропавл емес, Қызылжар!

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да жалтақтық танытып, Петропавлға Қызылжар атауын қайтарумәселесін шеше алмай келеміз.

Петропавл емес, Қызылжар!

Тіпті, бұл мәселе айта-айта қазақтың жанды жеріне айналып барады. Әйтсе де билікке ұлтының қалауынан гөрі, өзгелердің көңілін қалдырмау маңызды болып отыр. Сондықтан халық петиция жариялап, қол жинаса да, ұлт жанашырлары талай рет биік мінберден көтерсе де тарихи атауды қайтаруға биліктің шамасы жетпей келеді. Осы орайда атап өтер жайт, Қызылжар – Петропавл қаласының көне атауы. Мұны дәлелдейтін тарихи фактілер де, құжаттар да баршылық.

Жақында редакциямызға келіп түскен сондай бір құжатта, тіпті, сонау  1925 жылы қаланың ресми түрде Қызылжар аталғанына көз жеткіздік. Мәселенің анық-қанығына жету үшін Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәуле Зейноллақызына арнайы хабарластық.

Архив директорының айтуынша, бұл құжат облыстық архивте сақталған. Келер жылы архивімізге жүз жыл толады. 1923 құрылған архивімізде Азамат соғысы жылдарындағы, одан кейінгі кездердегі құжаттар жақсы сақталған. Сол құжаттардың ішінен табылып отыр. Құжат бойынша 1924 жылы Большевиктер үкіметі, осындағы Ақмола Губерниялық партия ұйымына, Ақмола Губерниялық атқару комитетіне хат жолдап, өзінің бірінші қаулысын қабылдаған екен. Ол осы Петропавл қаласының атауын өзгертуге қатысты шешім қабылдайды. Өзгертуге қатысты шешімде оның ертеден келе жатқан атауы Қызылжар деп көрсетіп, оны қайтару керек деп жазылған. Ондағылар 1924 жылы алған құжаттарды қарай отыра, өзінің отырысында Ақмола губерниялық атқару комитеті қаланың атауын өзгерту жөнінде шешім қабылдайды. Яғни Қызылжар губерниясы деп аталған. Бұл 1925 жыл болатын. Губернияның құрамына Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары кірген. Одан кейін уисполкомның бекіткен шешімін әрі қарай жоғары атқару органдарына жіберу керек болады. Сол кезеңде дінге көзқарас басқаша болды. Сондықтан «бұл Петропавл деген атау христиан әулиелері Петр мен Павлдың атымен аталған екен. Ал енді соның атауын өзгерту керек, ертедегі атауы – Қызылжар деп қайтару керек, деген ұсыныс жасап, бекітеді. Одан кейін бұл шешім біздің Қазақ орталық атқару комитетіне жіберіледі. Олар 1925 жылы сәуір айларында осы шешімді ресми түрде бекітеді. Сөйтіп, бір жылдай көлемінде Қызылжар атанған, кейін Мәскеу Қызылжар атауын бекітпейді, «бұл сұрақпен енді шықпаңыздар» деген сәлемдеме де жолдайды. Бірақ сол кезеңдерде ақындар мен жазушылардың шығармашылығынан Қызылжар атауын өлеңге де, әңгімелеріне де қосқанын байқаймыз. Абылайдың тұсындағы құжаттарды қарайтын болсақ, сауда-саттық айтарлықтай дамыған. Сол кезеңдерде осы «Қызылжар» деген атаудың, сөздің, түсініктеменің тарихи деректерде болғанын көріп отырмыз. Бұл жердің «Қызылжар» деп аталғанын Ресейдің 18-ші ғасырдағы құжаттарынан да аңғаруға болады. Бұл құжаттарды біз Омбы қаласынан тауып алдық. Ресейден анықталған құнды материалдарда «Қызылжар» елді мекеніне бекіністерді салу жөнінде түрлі хат алмасу жүрген екен.

«Тағы бір үлкен деректер – ол Кеңес дәуіріндегі құжаттар. Осылайша, жоғары жақтан қолдау таппаса да біз 1925 жылғы құжаттардан қаланың Қызылжар деп аталғанын көріп отырмыз. Осы 1925 жылы біздің өңірде шыққан «Мир Труда», «Бостандық Туы» газеттерінде «Қызылжар Сегодня», «Қызылжар Бүгін» деген атаумен сүйінші, сұрау, қолдау сияқты мақалалар да жарық көрген. Тіпті, Сергей Марковтың «Қызылжар» қаласының осы атауының өзгеруіне байланысты өлеңі де жарияланыпты. Сол сияқты осындай деректер біздің архивте жетерлік. Яғни 1924 жылы ұсыныс тасталып, 1925 жылдың қазан айына дейін бұл қала «Қызылжар» деп аталған. Сондай-ақ 1928 жылы Губерниялардың әкімшілік өзгерістері жойылып, орнына округтер құрылды. Сол уақытта біздің Петропавл округінің аты Қызылжар округі деп өзгерген екен. Бірақ екі айдан кейін атауы қайтадан өзгертіліп тасталды. Осылайша, Қызылжар атауы үнемі шетқақпай көріп келеді. Сондықтан тарихи атауды қайтаруға негіз бар», – дейді Сәуле Зейноллақызы.

Бұрын атауын қайтара алмасақ, Мәскеуден көрер едік, ал бүгінгі күні ше? Ендігі жалтақтығымыз Тәуелсіздігімізге сын емес пе?! Осы орайда, жас саясаттанушы Ермек Хамиттің пікірі көңілге қонымды.

 «Сол Ресейдің өзінде де талай атау өзгертілді. Бірақ ешкім ондағы халықтың пікірін сұраған жоқ. Бізде де солай болуы керек. Қазақ өз жерін қалай атаса да, өз еркі. Қазақстандағы өзге ұлттардың өз тарихи Отаны бар. Егер ел басына күн туса, олар өз елдеріне көшіп кете алады. Қазақтарға басқа барар жер жоқ. Себебі олар осы жердің қожайыны. Сондықтан қожайынның шешіміне араласудың қажеті жоқтығын біз оларға сездірту керекпіз. Жалпы, елдегі идеологияның жоқтығын осындайда байқаймыз. Әйтпесе, отыз жыл ішінде мұны өзіміз де ұғып, өзгелерге де түсіндірген болар едік», – дейді.

          Жасыратыны жоқ, осындай жалтақтығымыздан «Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері» деп аузына келгенін айтып жүргендер де бар. Әшейінде,«қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы негізгі институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының» да осындайда жұмған аузын ашпайтынын, бұғып қалатынын байқаймыз. Теріскей халқының басым бөлігін өзге ұлт өкілдері құрайтынына бола бір қаланың атын ауыстыра алмай, отыз жылдан бері жыр қылып келеміз. Ал биылғы жылдың сәуір, маусым айларында Ресейден елімізге 568 мың адам шекара асып келіп, 42 мыңнан астамы ЖСН алған. ІІМ мәліметінше, биыл көрсеткіш бұрынғымен салыстырғанда, 19 есеге асып отыр. Былтыр мұндай құжат 2,5 мыңдай ресейлікке ғана берілген екен. Онсыз да оларға айтқанымызды жасата алмай отырып, тағы мыңдап кіргізіп алып жатырмыз. Ал осы шекараны айқара ашып тастаудың зардабын сезінетін күн алыс емес секілді...

Тегтер: Без Тега
Қуаныш Әбілдақызы
Қуаныш Әбілдақызы Қуаныш Әбілдақызы

Оқыңыз