Саясат

Қаһарына мінген самурай

Жапонияның саяси тарихында ең ұзақ мерзім министр болған (2012-2020) Абе Шинзо мырза өткен жұма күні кісі қолынан қаза тапты.

Қаһарына мінген самурай

АҚШ, Англия, Австралия, Үндістан қатарлы елдер мемлекеттік туын жартылай түсіріп, Жапондық саясаткерге аза білдірді. Көңіл айтқан елдерде көп болды. Арасында Путин де бар. Абенің қазасын мерекелеген жалғыз ел – Қытай болды. Топырақты өлімді торқалы тойға айналдырған Қытай интернет қолданушыларының ессіз әрекеті әлем жұртының назарын аударғанда барып, Қытай басшысы жұбайы екеуінің атынан көңіл айту хатын жолдады.

Денсаулығына байланысты уәзірліктен түссе де, саясаттан кетпеген Абе Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Азия, Тынық мұхит аумағының қауіпсіздігіне алаңдап, әйгілі басылымдарға ашық сұхбаттар беріп, батыл пікірлерімен ел назарын аударып еді. «Ресей Украинаны алса, Қытай Тайуаньға шабуылдауы мүмкін» деген қауесетке байланысты пікір білдіргенде: «Тайуаньға қауіп төнді деген сөз, Жапонияға қауіп төнді деген сөз. Жапонияға қауіп деген сөз Америка бастаған одақтастарына қауіп төнді деген сөз» – деп жауап берген. Англияның «Экономика» газетіне кезінде Трампты Қытайға экономикалық соғыс ашуға қалай көндіргенін де бүкпесіз айтқан. Қытайдың соңғы 30 жылда әскери салаға бөлген қаражаты 40 есеге ұлғайғанын айтқанда, аузы аңқиған Трамп: «Қытайдың қасында Солтүстік Корея мәселесі елеусіз болып қалады екен», депті.

Абенің өлімінен саяси астар іздеушілердің Қытай мен Солтүстік Кореядан күмәндануының себебі де сонда жатыр.

Абе билік құрған кезде сыртқы саясатта тұралаған экономиканы қайта гүлдендіруде айрықша табысқа жетті. Ол бас уәзір болып тұрғанда, жапон экономикасы 71 ай ұдайы өсім көрсеткен. Оның ақшаны еркін айналымға жіберу, белсенді қаржылық қолдау, тиімді құрылымдық реформа сияқты өндірісті жебеу саясаты «Абеше экономика» деген атау алды. Оның көзі тірісіндегі ең басты мақсаты негізгі заңға өзгеріс енгізу еді. Тарихта Самурайлар елінің Азияда бірінші болып, өнеркәсіптік елге айналғаны, дүниежүзілік бірінші, екінші соғыста алдынғы шепте жүргені белгілі. Кезінде Алаш арыстары Жапон елінен үйреніп, қуатты мемлекетке айналуды армандаған еді. Жапония екінші жаһандық соғыста жеңілгеннен кейін, 1946 жылы 3 қарашада Американың бастамасымен жаңаша негізгі заңы жазылып, қолданысқа енді. Оның 9-бабында Жапонияның әскери державалық жолдан бас тартатыны, қорғанысқа ақша бөлмейтіні, қауіпсіздігін одақтас елдермен бірігіп қамтамасыз ететіні шегелеп жазылған. Ол бапты өзгерту, аталмыш «Бейбітшілік келісімінен» шығу үшін парламент депутаттарының үштен екісі қолдауы, халықтық референдумда 50 пайыздан астам дауысқа ие болуы керек болатын. Абе бас уәзір болып тұрғанда, бұл мақсатына жақындап қалған еді. Кейінгі әлемдік геосаяси ахуал: Ресейдің Украинаға соғыс ашуы, Қытаймен бірлесіп, Жапонмен даулы аралдар да әскери жаттығу өткізуі Жапон халқының саяси санасын оятып, Абенің таңдаған жолының дұрыстығына көздерін жеткізген.

Абе көзі тірісінде Үнді, Тынық мұхит жағалауы аймақтарының қауіпсіздігін ғана ойламай, Орталық Азияны, Кавказ бен Сібірді, Ресей қармағындағы Түркі республикаларын демократияландыруды да мақсат еткен. Бұл туралы өзінің «Құндылықтар дипломатиясы» бағдарламасында анық жазған.

Саясаткер отбасынан шыққан Абе (Әкесі сыртқы істер уәзірі, нағашы атасы бас уәзір болған) саяси мұрагерсіз қалған жоқ. Шешесінің тегін иеленген туған бауыры Қорғаныс уәзірі. 10 шілде күнгі парламент сайлауында оның партияластары, жақтастары басым дауысқа ие болды. Абенің арманы шындыққа айналуға жақын. Ғылым-техникасы қарыштап дамыған, экономикасы қуатты Жапонияның қысқа уақытта әскери әлеуетін қалпына келтіреріне әлем жұрты сенім білдіріп отыр.

Тегтер: Без Тега
Есбол Үсенүлы
Есбол Үсенүлы Есбол Үсенүлы

Оқыңыз