Саясат

Қаскелеңде кірпіш бар, барсаң... Алаяқ алаңсыз, іс қараусыз, сот шешімі сұраусыз қала бермек пе?

«Оңай ақшаны олжалаймыз» деп, қаржы пирамидасына алданып, қалтасы қағылғандардың мұң-мұқтажын жиі естиміз.

Қаскелеңде кірпіш бар, барсаң... Алаяқ алаңсыз, іс қараусыз, сот шешімі сұраусыз қала бермек пе?

Ал бұл жолы «үй саламыз» деп, қаражатын қолымен беріп, сотпен ала алмай жүргендердің арыз-шағымын тыңдалық. Редакциямызға Асима Бабажанова есімді Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласының тұрғыны хабарласып, көмек сұрады. Айтуынша, айдын-күннің аманында кірпіш алуға берген ақшасынан айырылып, сот пен әкімдіктің табалдырығын тоздырған.

Мәселенің жай-жапсарын толық тарқату үшін арнайы Қаскелеңге жол тарттық. Бір ғана тұрғынның талабын тыңдауға барған бізді 20 шақты адам күтіп алды.  Барлығы – бір кәсіпорыннан аузы күйгендер. 3 жыл бойы бармаған жері, баспаған тауы қалмаған олар «бар үмітіміз сіздерде» деп, қаумалай кетті.

— 2020 жылы Қызылордадан Алматыға көшіп келдік. Қаскелең қаласынан жер сатып алып, үй салуға кіріскенбіз. Ғаламтордан кірпіш зауытын тауып, иесіне хабарласып, сол жылдың тамыз айында кірпішке тапсырыс бергіміз келетінін жеткіздік. Ол кісі ертесі Қаскелеңге келіп, келісімшартқа отырып, 810 мың теңге көлемінде 30 мың кірпіш алатын болып, ақшасын Kaspi Gold арқылы жібердім. Келісімшарттан бөлек, кәсіпорын иесі ақшаны алғаны туралы қолхат та жазып берді. Зауыт кірпішті 15 күн көлемінде жеткізіп беруі керек болған. Сол уақытқа жұмысшылар жалдап, олардың да ақшаларын төлеп қойдым. Алайда зауыт иесінен мүлдем хабар болмады. Талай рет қоңырау шалдық, жауап бермейді, – дейді Асима Бабажанова.

Талайды сан соқтырған кәсіпорын – Кирпичный завод №1. Тұтқасын көтермейтін басшысы – Диас Ахметов. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорынның жұмысы тоқтағанына 3 жылдан аса уақыт болған. Алайда иесі жоқ кірпішті «әкеліп беремін» деп уәде еткен-мыс. Ақпараттың дұрыс-бұрысын растау үшін Қарасай ауданы Бекболат Әшекеев ауылында орналасқан зауытқа барып көрдік. Зауыт құлау алдында тұр. Ішінен тек пештерді ғана көзіміз шалды. Кезінде кірпіш шығаратын зауыт болғаны рас-ақ. Алайда жұмыс істемегеніне біраз жылдың жүзі болғаны көрініп тұр. Сырты қирандыларға толы, іші қоқыс алаңына айналған. Ақпаратымызды айқындайық деп, зауытқа жақын тұрғын үйлерге бас сұқтық. Бірі «зауыт туралы білмейміз» деп бастарын ала қашса, енді бірі жаңадан көшіп келгендерін айтып, жауап беруден бірден бас тартты. Үмітімізді үзбей, «білері бар біреуді кезіктірерміз» деп, ауылды түгел аралап шықтық. Іздегеніміз табылды. Жанзия есімді ауыл тұрғыны көкейтесті сұрағымыздың жауабын тауып берді.

— Зауыт 2020 жылдың көктеміне дейін кірпіш шығарып келді. Менің күйеуім осы зауытта жұмыс істеген. Бірақ жалақысы бірде бар, бірде жоқ болып жүрді. Үйімізге жақын болғасын, жұмыстан шықпады. Соңғы уақыттарда мүлдем айлық алмай кетті. Біраз жұмысшылар шу шығарып, жалақыларын талап еткен. Соңы зауыттың жабылуымен аяқталды. Басшысы «ақша жоқ, жалақы төлей алмаймын» деп жұмыстан бәрін шығарып жіберген, – дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындар тапсырыстарын тамыз айында берген. Ал зауыт наурыз айында жұмысын тоқтатқан. Демек, Диас Ахметов мырза зауыттың 6 ай бойы істен шығып тұрғанын біле тұра, бізге белгілі 20 адамнан тапсырыс алған. Тіпті заңдастырылған келісімшартқа отырған. Осы тұста, «құжатқа кепілдік бермесе, нотариустан не пайда» деген сауал туындайды.

— Заңдастырылған келісімшартқа сеніп, ақша беруге мүлдем болмайды. Қазір алаяқтар нотариалдандырылған келісімшартқа отырып, көптің ақшасын жымқырып жүр. Мұндай жағдайлар тәжірибемізде талай болған. Келісімшарттың аты ғана болмаса, заңды түрде салмағы ондай қатты мықты емес. Сондықтан «қолымда келісімшартым бар екен» деп, көрінгенге сене беруге болмайды. Себебі нотариус қызметкерлері ақшаны өндіріп бере алмайды, – дейді заңгер Мұратқожа Амитов.

 «Соттан сүйінші жоқ»

Қолхаттан қайыр жоғын біліп, келісімшарттан күдер үзген тұрғындар дәлелдерін арқалап, Қарасай ауданының сотына барған. Олар «Диас Ахметовтің тұрғылықты жері бойынша шағымданасыздар» деп, алданғандардың арызын қабылдамапты. Зауыт иесінің тұрғылықты жері Әуезов ауданына тиесілі екен. Салы суға кеткен тұрғындар ат терлетіп Алматыға келіп, аудан сотына арыз берген.

— Талай жердің есігін қақтық. Алдымен, Қаскелең, кейін Әуезов ауданы сотына бардық. Әйтеуір дегенде шағымымызды қабылдады. Арамызда заң жағынан сауатты ешкім болмағасын, біраз ұрындық. Оның бір дәлелі – арызымызды азаматтық сот бойынша қарапты. «Мейлі» деп сот шешімін күттік. 2021 жылдың 12 сәуірінде сот шешімді біздің пайдамызға шығарып берді. Басында қатты қуандық. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады, – дейді арызданушы.

Қуаныштың су сепкендей басылуына себеп – азаматтық сот болып тұр. Бұл туралы сәл кейінірек. Тұрғындардың айтуынша, сот жүргізу барысында екі тарап кездеспеген. Карантин салдарынан сот онлайн форматта өткізіліпті. Талапкерлер жауапкерді соңғы рет телефон арқылы ғана көргендерін айтады. Бұдан кейін Диас мырза ізін суытқан.

— Сот шешімін қолымызға алып, Диас Ахметовке хабарластық. Қоңырау барып тұр. Бірде тұтқаны мүлдем алмайды, бірде қоңырауымызды өшіре салады. Сот «ақшамызды өндіріп бермейміз» дейді, зауыт басшысы мүлдем хабарсыз, – дейді арызданушы Гүлзира Адибаева.

Ұстатпай жүрген кәсіпорын иесіне біз де хабарласып көрдік. Төбе көрсетпеген жауапкермен жолығып, екінші тараптың да айтарын естімек болғанбыз. Диас мырза қоңырауымызды өшіріп, хат жазуымызды сұрады. Өтінішін жерге қалдырмай, мессенджеріне сауалымызды жолдадық. Ол қазір жолда екенін айтып, «ертең хабарласайық» деп жауап қатты. Ертеңді күттік… Хабарластық… Алмады… Сөйтіп, Диас Ахметов мырзаның телефонындағы «қара тізімге» біз де қосылдық.

Енді, сот шешімімен танысып алайық. Алматы қаласы, Әуезов ауданының №2 аудандық сотының судьясы И.Е.Қосаевтың құзыреттілігімен шығарылған сот шешімінде былай делінген:

«Жауапкер ЖК «Кирпичный завод №1» Ахметов Диас Кентайұлынан талап қоюшы Асима Бабажанова Асылбековнаның пайдасына 859 040 теңге ақша сомасын және 8 590 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін».

Арада 2 жылдан аса уақыт өтті. Ақша өндірілмеген. Сотқа барса «шешімді пайдаларыңызға шығарып бердік» деп жылы орындарынан қозғалмапты. Амалы таусылған 20 адам құжаттарын көтеріп, Қарасай ауданы әкімдігіне табан тіреген. Әкімдіктегі комиссияның алдында сөз сөйлеп, талап-тілектерін жеткізген тұрғындардың сөзі ешкімді селт еткізбепті. Әкімдік шарасыз, соттың «сүйіншісі» жоқ арызданушылар сот шешімі жазылған 1 жапырақ қағазды анда апарып, мында сүйреп шаршаған. Сонда, сот сөзінің  салмағы жоқ па?

— Азаматтық сот тек шешім шығарып береді. Ақшаны өндірумен сот орындаушы айналысады. Ол шешімді алған бетте жауапкерге хабарласып, мәселені шешуі керек. Егер, жауапкер тұтқасын алмаса, тұрғылық жеріне баруы қажет. Ол жақтан да таппаса іздеуге беруі керек, – дейді заңгер М.Амитов.

Көтеріліп жатқан арыз бойынша жұмыс істеген сот орындаушы – Шыңғыс Медыбаев. Талапкерлерден  телефон номерін алып, мәселенің мән-жайын білуге ниеттендік. Ол қазір аталған жағдай бойынша жұмыс істемейтінін, тіпті, жұмыстан шығып кеткенін айтып, сұрағымызды жылы жауып қойды.

Енді, азаматтық соттың жайына оралайық. Әуезов ауданы соты талап қоюшылардың арызын Азаматтық кодекстің 715 бабының 1 тармағы, 293 бабы бойынша қабылдаған. Заң беттеріне көз жүгіртейік.

715 баптың бірінші тармағы:«Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi». 

293 бабы:«Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес». 

Баптардан байқағанымыз, бұл тұста мәселе несие беруші, заемшы туралы қозғалған. Ал арызданушылардың ақиқаты «қарызға ақша беруден» әлдеқайда алыс. Демек, шағым дұрыс қабылданбаған. Бұл жерде 1 емес, 20 адамның жағдайы таразы басында тұр. Сөзімізді заңгер де құптады.

— Арыз басынан-ақ қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қозғалуы керек еді. Себебі, бұл жерде алаяқтық фактісі тұр. Талапкерлер несие беріп емес, «кірпіш аламыз» деп алданып отыр. Сондықтан, қылмыстық сот болуы керек еді. Қазір, енді, азаматтық іс бойынша сот шешімін шығарып қойған. Шағымданушылар «қылмыстық іс бойынша арыз береміз» десе де прокуратура «қолдарыңызда шешім бар» деп, шағымдарын қабылдамауы мүмкін, – дейді Мұратқожа.

Заңгердің айтқандары айдай келіп, Алматы қаласы Әуезов ауданы прокуратурасы шағымдарды қабылдамаған. Себебі, тағы сол – азаматтық кодекс. Тұрғындардың заң тұрғысынан сауаты сәл-ақ екенін ескеріп, көзімді жұмып қаралық. Ал заң шеңберінде жұмыс істеп жатқан Әуезов ауданы сотының қылмыстық істі азаматтыққа бұрмалауы өрескел қате. Бұл «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүру емес пе? Санамызда сан ойнаған сұрақты аудан сотына, прокуратурасына жолдадық. Әзірге екі жақтан да хабар жоқ.

P.S.«Жаңа Қазақстан» орнағалы бері Қаскелең жаққа көз атаулы тігулі, құлақ атаулы түрулі. Соншама уақыт бойы жұмыскерлеріне жалақы бермей-ақ бизнесін дөңгелетіп келген Ахметовтің телефон көтермейтіндей не басына күн туды екен? Қашып жүргеніне қарағанда «крышасынан» айрылғандардың бірі емес пе екен?..

Тегтер: Без Тега
Шыңғыс Атай
Шыңғыс Атай Шыңғыс Атай

Оқыңыз