Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:41, 18 Қаңтар 2023

Қазақтың байлығы кімнің қолында?

None
None

Қазақстан – жер байлығын ат төбеліндей олигархтар талан-таражға салып, ал халқы жарымай отырған мемлекет.

«Жаңа Қазақстан» орнағалы, әділеттілік те орнай ма деген сұрақтар көбейіп барады. Бірақ олигархтар қалай отыр, сол қалпы мызғымады. Жалпы, қазақтың байлығы кімнің қолында? Солардың негізгілерін саралап көрсек.

Қазақтың болаты мен көмірі

ArсelorMittal корпорациясы мен миллиардер Лакшми Миттал

Иен дала Арқа төріндегі, Қарағанды мен Теміртау кен бассейніндегі болат пен көмірді әлемді жалмаған алпауыт, миллиардер Лакшми Миттал игеруде. Оның Қазақстандағы кәсіпорны «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы деп аталады.

Осы АМТ-ге қатысты үкімет тарапынан сұрақтар көбейіп барады. Себебі өндірісте қауіпсіздік сақталмайды. Салдарынан Қазақстан азаматтары өлуде. Мысалы, Миттал қойып кеткен үнді менеджері Биджу Наир «Арселор Миттал Теміртауды» басқарып отырған 2020 жылдан бері 14 адам өлді. Жыл сайын тұрақты түрде 4-5 адам апатты жағдайдың салдарынан қайтыс болады екен.

Атап айтқанда, 2006 жылы Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, 41 шахтер қайтыс болады. Сол кезде мемлекеттік комиссия «Арселор Миттал Теміртау» директоры Наренда Чаудхариге тиісе алмай, қарапайым Қазақстан азаматтарын, цех пен учаске басшыларын соттатып жіберген.

Жаһандық ArcelorMittal алпауыты 2021 жылы 8 миллиард доллар немесе 3,44 триллион теңге таза пайда көрді. Оның ішінде, қазақстандық кәсіпорыны 214 миллиард теңге кіріс әкелді. Бірақ пайда әкеліп отырған қазақстандық кәсіпорынның техникалық жарақтануына, қауіпсіздігіне Миттал пысқырып отырған жоқ.

Сонда үнді миллиардері тәуелсіз шетелдік компаниялар 3 миллиард долларға бағалаған Қарағанды металлургия комбинатын қалайша бар-жоғы 200 миллион долларға, оның өзінде «рассрочкаға» сатып алды? Бұл үлкен сұрақ.

«Elge qaitaru» қорының мәліметінше, Миттал тіпті өз ақшасын салмаған да. Ол комбинатты басқаруға алып, үкіметке 1996 жылы мамыр айында 22,5 миллион доллар, қараша айында 112,5 миллион доллар, 1997 жылы мамырда 22,5 миллион доллар және 1999 жылы 67,5 миллион доллар қылып жырымдап төлеген. Тіпті 1997 жылдан бастап Миттал қарызды Қарағанды металлургия комбинатының металлын сатып, содан түскен ақшаға төлеп отырған.

«Elge qaitaru» қорының тағы бір мәліметінше, Лакшми Миттал Назарбаевқа Патох Шодиев арқылы шыққан. Жалпы, Миттал келгелі бері оның шахталарында ең кем дегенде 100-ге жуық отандасымыз қайтыс болған.

Сондықтан қазақ байлығын өзімізге қайтаруды «АрселорМиттал Теміртаудан» бастауымыз керек.

Қазақтың түсті металлы

ERG корпорациясы мен Машкевич бастаған олигархтардың еуразиялық үштігі

«ERG S.a.r.l.» трансұлттық холдингі – баяғы ENRC компаниясы. Оның 20,7% үлесі олигарх Александр Машкевичтің, 20,7%-ы Мұқадасқан Ибрагимованың (марқұм олигарх Алиджан Ибрагимовтың жесірі), 18,6%-ы Патох Шодиевтің үлесінде. Ал 40 пайызы – Қазақстан үкіметіне қарайды. Бірақ еліміз одан еш пайда көріп отырған жоқ.

ERG-дің Африка мен Бразилияда металл өндіретін еншілес компаниялары бар. Бірақ негізгі нанын қазақ топырағынан табады. Мысалы, шетелдік активтері ERG-ге ортақ выручканың тек 30 пайызын ғана береді. Ал табыстың негізгі бөлігі Қазақстандағы кәсіпорындардан түседі. Корпорация біздің елімізде «Қазхром», «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты», «Шұбаркөл көмір», «Қазақстан аллюминийі», «Жәйрем марганеці» сынды ірі кәсіпорындарға иелік етеді.

Біздің қазба байлықтарды әлемдік биржаға шығарып сатып отырған трансұлттық корпорацияның 5 жыл бойы жұмыс істеген уақытында Қазақстанға бар-жоғы 365,6 миллион доллар, қазіргі бағаммен 170 миллиард теңге дивиденд бөлген. Ал «Elge qaitaru» қорының есебі бойынша бізге тиесілі дивиденд кем дегенде 370 милллиард теңге болуы тиіс еді. Енді Қазақстан тіпті сол ақшаны да ала алмай отыр.

Себебі 2017 жылы өткен Люксембург сотында Анатолий мен Габриель Статилердің Қазақстанның үстінен түсірген шағымына байланысты сот Қазақстанның ERG-ден алатын дивидендін бұғаттап қойған болатын. Яғни дивидендтер арнайы шотқа жинала береді. Бірақ біз оны қазір ала алмаймыз.

Ал ERG Қазақстаннан шын мәнінде қанша тапты? Оның біздегі іргелі кәсіпорны «Қазхром» 2018 жылы 169 миллиард теңге, 2019 жылы 149 миллиард теңге, 2020 жылы 132,1 миллиард теңге, 2021 жылы 439,2 миллиард теңге таза пайда тапқан. Демек, бір «Қазхромның» өзі ERG-ге 2018 жылдан бері 889,3 миллиард теңге пайда алып келді. Ал егер «Соколов-Сарыбай», «Қазақстан аллюминийі», «Шұбаркөл көмір» сынды кәсіпорындардың тек 2 жылдық табысын есептесек, кем дегенде 300 миллиард теңге болады. Сонда бізге 1 триллион теңгеден асатын жалпы табыстың тек 170 миллиардын ғана беру әділетті емес.

Қазақ байлығын қайтарғанда ERG ұстап отырған «Қазхром», «Соколов-Сарыбай», «Шұбаркөл» көмірін де ұмытпау керек.

Қазақмыс пен корейліктер

Назарбаев кезінде дәурені жүрген Владимир Ким, Эдуард Огай, марқұм Владимир Ни – барлығы осы «Қазақмысты» жағалады. Түсті металл саласындағы біздің флагманымыздың 70 пайызы Владимир Кимнің, 30 пайызы Эдуард Огайдың қолында. Сондықтан қазақтың мысы мен мырышын еркін игеріп жатқан бұл компания салықтан басқа ештеңе төлемейді. 2021 жылы таза табысы 202 миллиард теңге болған. Оны осы екі олигарх өзара бөліп алады.

Қаңтар оқиғасынан кейін, акционерлері «Қазақмыстан» барынша ақша шығарып алуға бел шеше кіріскенін байқауға болады. Владимир Ким «Қазақмыстан» кредит алып, артынан қайтармауды әдетке айналдырған.

2017 жылғы 15 қарашада «Қазақмыс» пен Владимир Ким 160 миллиард теңгеге «KSS Finance» ЖШС жарғылық капиталындағы үлесті сатып алу туралы шарт жасасады. «Қазақмысқа» қарызын Ким мырза кестеге сәйкес 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеп бітуі тиіс еді. 2020 жылы да, 2021 жылы да Владимир Ким ешқандай қарызын төлемеген. Енді қарызды өтеу тағы кейінге қалдырылып, «Қазақмыс» 8 миллиард теңге шығын көрді. Онымен бірге, өз капиталынан күтілетін кредиттік шығындарға резерв үшін 11 миллиард теңге бөлуге мәжбүр болды.

2021 жылдың аяғында Владимир Ким «Қазақмыстың» капиталына тағы да ауыз салды. Ол «Қазақмыстан» 9,75 пайызбен 217 миллиард теңге қарыз алған. Оны 2024 жылдың аяғына дейін қайтарып беруі тиіс. Енді компанияның 2021 жылдың аяғында еркін ағымдағы капиталына қарасақ, онда бір жарым миллиард теңге ғана қалған. Яғни қоржынын барынша босатып жатыр.

Соңғы төрт жылда Қазақстанның ірі мыс өндірушісі Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған коммерциялық емес ұйымдарға демеушілік көрсеткенін Vlast.kz өз зерттеуінде жазған болатын. Осы кезеңде «Қазақмыс» компаниясы Назарбаевтың қорларына 79,4 миллиард теңге аударған. «Қазақмыс» 2018 жылы Назарбаев қорларына 32 млрд теңге, 2019 жылы – 12 млрд теңге, 2020 жылы – 29,2 млрд теңге, ал 2021 жылы – 6,2 млрд теңге қаржылай демеушілік көрсеткен.

Қазақ олигархтарға қашанғы жем бола береді? Осы сұраққа жауап табу қиын. Өз байлығымызды үкімет қолға алып, оны өзіміз игеруге не кедергі? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Тегтер: