Саясат

Қазақтың Навальныйы қайда!?

Ресей халқы президент Путинге қарсы дүр етіп көтерілді. Енді басыла қояр ма екен?

Қазақтың Навальныйы қайда!?

! Алексей Навальныйдың қамалуы онсыз да наразылығы күшейіп тұрған жұрттың белсенділігін күрт арттырып жіберді. Ресейдің ондаған қаласында наразылық митингілері өтті.

      Александр Лукашенконың президенттік сайлауынан кейін бірнеше айға созылған Беларусь шеруі енді тұрақты түрде Ресейде жалғасын таба ма, жоқ па? Оны уақыт көрсетер. Бірақ бір нәрсе айқын: ресейліктер ескіше тұрғысы келмейді, халық жаңаша өмір сүргісі келеді. Бұл – бір. Екіншіден, Алексей Навальныйдың «Путин сарайы» деректі фильмін кеше 80 миллионнан астам адам көріп, қаралым рекордтық көрсеткішке жетті. Бірақ халықтың көшеге шығуына Алексей Навальныйдың ұсталуы мен «Путин сарайы» фильмі ғана әсер етті ме?  Бұл, шынтуайтына келгенде, оттың жануына себепкер болған тамызық қана.

        Негізінен, елдегі жағдайдың күн санап нашарлап бара жатқаны, экономиканың тұралауы, кедейліктің кеңінен етек жаюы мен жалақының аздығы, күнкөрістің төмендігі – осының барлығы да айналып келіп, халықтың көшеге шығуына әсер етті. Бірнеше жыл бойы әбден зерттеліп барып түсірілген «Путин сарайы» фильмі де Навальныйдың Ресейге қайта оралып, ұсталуының қарсаңында жалпақ жұртқа жария етілді. Ресей сыртқы істер министрлігінің  ресми өкілі Мария Захарова митингіге шыққандарға «жақсылықты күтпеңдер» деп жауап берді. Бұл нені білдіреді? Путин билігі ешкімді жазасыз қалдырмайды. Қазірдің өзінде мыңдаған адам қамалды. ОМОН-дардың таяғынан зардап шеккендер жетерлік. «Кеше АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі Мәскеу мен Ресей қалаларындағы митинг жасаушылардың жүру бағытын жариялады. Бұл не, арнайы алдын ала жасалған қойылым ба, жоқ әлде наразылық жасаушыларға берілген кеңес пе? Жоқ әлде елдің ішкі ісіне араласу ма?» – деді Мария Захарова.

        Негізі, «Мәскеуге жорық» операциясының түпкі негізінде  Владимир Путинді биліктен кетіру әрекеті жатыр. Ресей билігі «Навальныйға батыс елдері мен АҚШ дем беріп отыр» деп санайды. Бірақ ең қиыны, ресми Мәскеу басты қателікті өздерінен көрмейді. Егер халық алған бетінен қайтпаса, Путиннің билігі шайқалып кетуі мүмкін. Ал бұл АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдеріне тиімді. Байден билікке келгеннен кейін, расы керек, енді Ресейді әлсірету саясаты мақсатты түрде жүзеге асырыла бастайды.

       Өткен аптада Навальный қамалғаннан кейін, Еуропа  елдері «Солтүстік ағын-2» жобасына тоқтау салды. Енді Ресейге қарсы санкциялар дәуірі басталады. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында АҚШ пен Еуропа шикізатқа негізделген Кеңес Одағын мұнайдың бағасын күрт құлдырату арқылы құрдымға жіберген. Сөйтіп, алып империя өмір сүруін тоқтатқан. Ресейдің құрамында да ондаған республика бар. Ресей ыдыраса, тағы  бірнеше азат ел пайда болары сөзсіз. Биліктің жалына жармасқан Путин бұл жолды қаламайды. Ешкімге азаттық алуға мүмкіндік бермейді. Бірақ түбінде зор көлемдегі әлеуметтік жарылыстың болары сөзсіз. Тарихтан белгілі, империялық мемлекеттер ұзақ өмір сүрмейді. Осман және Рим империясы қазір жоқ. Тек тарих бетінде  қалды.

       Қазір Ресей жалғыз. Одақтастары жоқ. Тек Беларусь пен Қазақстан ғана. Беларусьтың өзінде бірнеше ай бойы толқу болып жатыр. Мұның аяғы жақсылықпен бітпейді. Халқына қарсы шыққан биліктің опа тапқан, бақытқа кенелген бірі жоқ. Ресей жолайрықта тұр. Путин билігі шайқала бастады. Ал мұның Қазақстанға әсері қандай?

                            Қазақстанға Навальный қажет пе?

       Алексей Навальный ұсталып, Ресей халқы көшеге шыққалы бері  дәл осы сауал Қазақстандағы БАҚ көздерінде көтеріле бастады. Ресейде қазір бас көтерген халықты кінәлау жүріп жатыр. Мемлекеттік БАҚ пен телеарналар Путиннің сойылын соғуда. Рас, Ресей билігі абдырап қалды. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дейді атам қазақ. Ресейдегі толқулар қазақ билігіне де оңай тиіп отырған жоқ. Біздің билік ресми Мәскеуге қарап көшін түзейді. Соларға қарап саясатын жүргізеді. Сондықтан Қазақстан билігі бұдан сабақ алуы тиіс. Қадам қарапайым халыққа қарай  жасалуы тиіс.

Бірақ әңгіме қазақстандық Навальныйдың қажеттілігінде тұр ма? Ал бізге де бір Навальный қажет болса, ол кім?

        Әлеуметтік желіні желдетіп, жорамал жасап отыратын біздің  азаматтар,  бұл орайда, бірнеше белсендінің  атын атап жіберді. «Дулат Ағаділ болар еді» десті біреулері, бірнеше аптадан кейін бостандыққа шығатын Макс Боқаевтың да аты аталды. Тіпті бірі қазір «Ел тірегі» партиясында жүрген тәуелсіз журналист Ербол Мәндібекті мысалға келтірді. Бірі саясаттанушы Шалқар Нұрсейітті атады. Қисынсыз. Бірақ мұның бірі де Навальный бола алмайды. Біріншіден, қазақта халықтың сөзін сөйлейтін ұлттық буржуазияның бірде-бір өкілі жоқ. Бұрынғы билік ұлттық буржуазияны қалыптастырғанды қаламады. Бәрі де әулетін байытуға күш салған өзіміздің орыстілділер. Бәрінің де Путиндікі сияқты шетелде зәулім сарайлары бар. Мұны Азаттық радиосы жазып та жатыр. Бірақ селт еткен бірі жоқ.

       Ресейде Путинге қатысты бүкіл құжаттарды президенттің маңайында жүрген, бірақ оны қаламайтындардың өздері-ақ шығарып береді. Сөйтіп, Путиннің ісі жалпақ жұртқа жария  болады. Мысалы, Әблязов  Навальный бола  ала ма? Жоқ, ол – қылмыскер. Оның үстіне белсендіні   Қазақстан қоғамы қолдамайды. Митингіге шығатындар сол баяғы бірнеше жүздеген адамдар ғана.

       Расы керек, демократиялық өзгерістер мен билікке талап қою тұрғысынан Беларусь пен ресейліктер алға адымдап  кетті. Біздің халықтың санасына саяси серпіліс қажет. Сана саясиланбай, өзгерістердің болуы қиын. Ал бүгінгі билік мұны барынша болдырмауға тырасады.

      Бірақ белсенді азаматтар тарапынан талпыныстар бар. Өз партияларын құрмақ болып жүрген Азаматхан Әміртай мен Нұржан Әлтаев  алдағы уақытта «балама үкімет» құратындарын жария етті. Балама үкімет пе, халықтық үкімет пе – оның алғашқы отырысы 3 ақпан күні өтпек. «Бастысы – халыққа қызмет  ету», – дейді белсенділер.

      Бәрін уақыт көрсетер. Бірақ сарапшы Асхан Қасенғали айтқандай, «Ресей көшелерінде Қазақстанның тағдыры шешіліп жатыр». Мұны да қаперге ұстауымыз қажет.

Тегтер: Без Тега
Батыр Жасұлан
Батыр Жасұлан Батыр Жасұлан

Оқыңыз