Саясат

Қоғам қызуы қол тигізбейді

Мемлекет басшысы кезекті жиын өткізді. Қауіпті вирустан туындаған жағдайға қатысты.

Қоғам қызуы қол тигізбейді

Тілге тиек болған сөздер қабырғаңды қайыстырады. Адам қызуы әрең түсіп тұрған заман ғой, қоғам қызуы тіпті қол тигізбейді. Сұрақ көп, жауап жоқ. Өйткені  білетіндер үн қатуға құлықсыз. Құлақ түретіндері күтумен жүр. Мәмілегер тапшы. Көпір жоқ. Өмір-өзенге жұрт екі жағадан көз салып, тараптар өз бетімен тірлік кешуде. Былай қарасаңыз, бәрі өзгеше өрілуі тиіс еді. Триллиондар тағдырын шешкендер мен көмек күтіп,  азап кешкендердің бір-біріне ел емес екені сезіле бастады. Қарттық институт келмеске кетіп, ақсақалдық құрылыс қаусап қалған кезде өзге бір жол картасы жасалмай тұр. Тап қазір тап күресі жоқ та шығар. Бірақ әлеумет арасы алшақтап барады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін тыңдап, күрсіне бердік.

                            Тектілік терезесін тұмшаладық

      Мұң шағуға да мүмкіндік болғаны жақсы екен ғой. Кісі баласы түсінер деген үмітпен. Үш күн бұрынғы жиын кезінде айтылған сөзге қарап, дерт біткеннің әбден асқынғанын түсіндік. Қазақстан президенті: «Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр», – деді. Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері екен. Сұмдық, сұмдық болса да, шындық екені осындайда айтылса керек.

      Мемлекет басшысы атаған алты өңірде ғана емес, өзге жақтарда да тап осындай жағдай орын алса таңғалмаймыз. Денеге дарып, сүйекке сіңіп бара жатқан заманауи қасиет һәм қасірет бұл. Алаяқтар әлгі қабілетін қасиет деп түсінеді. Ел оның қасірет екенін біледі. Дәрі бағасын кім қымбаттатып отыр? Дәріханалар ма? Олай дей қоймас едік. Таныстар бар, танымайтынымыз бар, дәрі-дәрмек сатуға ниеттенгендерден сұрап білдік. Мың себебін айтты. Өздері де қымбатқа алып отыр. Тіпті көбісі қазір дәріге тапсырыс беруден бас тартыпты. Оның да ондаған себебі шықты. «Ашып айта алмаймыз. Дәрі алудың өзі қиындап кетті. Сондықтан тапсырыс беруге аса құлшынып отырған жоқпыз», – деді біз сөйлескендері. Кілтипан болмаса, сауда қызып тұрған шақта кілт тоқтай қала ма олар? «СҚ-Фармацияның» қыр-сырына үңілген, зерттеп, түбіне жеткен ешкім жоқ. Бұрынғы басшысын алып тастады. Ең қызығы, денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова оның жұмысына тікелей жауапты болса да, әзірше іске қатысты қандай да бір тұшымды жауап қайтармай жүр. Сол «СҚ-Фармацияға» қатысты сауалдарға жорта жауап береді. Бақылау кеңесінің төрағасы болғаннан кейін ондағы жағдаймен танысуға тиіс еді ғой.

        270 адамға қылмыстық іс қозғалғаны да қоғамның қандай қауіпке ұрынғанын аңғартады. Соның 116-сы медицина саласының қызметкерлері екен. Олар неліктен қылмыс иісі аңқыған қадамға барады? Жоқшылық па? Мүмкін. Пайда табудың тың жолы екенін ескеріп, тосыннан ақша табуға ұмтылды.  Былайша айтқанда, бір асап қалу. Адамгершілік, ар-ождан туралы айтқыңыз келе ме? Ол артық. Тектілік терезесін тұмшалап қойған кезде қайдағы адамгершілік? Табыс табу ретін білгендердің пысықтығы ұстаса, ардан аттауы оңай. Ұятқа пысқырмайды да. Бірнеше жылдан бері біз көпшілікті солай тәрбиеледік. Мәйіттің үстімен жүрсе де, мал табуға үйреттік. Аздырдық. Тоздырдық. Аздыратынымыз – оларға рухани азық ұсынбадық. Тоздыратынымыз – тоятын тамақ бермедік.  Осы екі мәселені шеше алмасақ, өзіміздің сорымыз. Өзіміз дегенде, Қазақстанды айтамыз. 270 адам емес, 270 мың адамның үстінен қылмыстық іс қозғасақ та, тағы бірнеше жүз адам солардың орнын басуға дайын тұрады. Тек кезегін күтіп. Мүмкіндік туғанда мүңкітеді, пасықтық қамытын киіп алып...

                    Құлқын үшін жүре ме, мұнша лағып?

      Президент соңғы аптада сын садағын шенеуніктерге бұра берді. Мына елді басқаруға белсенгендер коронавирус келгенде батпақтап қалды. Желіге енсеңіз, еңсеңіз түсіп, жүрегіңіз ауырады. «Жігерсіз басшының іскерлігі ілгерілемей-ақ қойды» дегенді екінің бірі айтатын болды. Оны мемлекет басшысы да біледі екен. «Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді». Демек, «үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен». Ол не? Шенділердің жұмыстарына берілген толық баға ма? Қызметтеріне қойылған диагноз ба? Әкім біткен қиындықпен бетпе-бет келіп көрмеген. Әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарсыз. Самарқау? Салақтық? Арқаны кеңге салу? Шабан атты өрге салу? Асығыстың кезі қазір. Минуттар өлшемге айналғанда сағаттап күтетін мәселе азайған заман келді. Зар жылаған айнала. Мәселе біткен қордаланып қалды. Тапшылық. Маман тапшы. Дәрі-дәрмек тапшы.  Медициналық қондырғылар тапшы.  Проблемены табан асты шеше алатын басшыға зәру Қазақ елі. Үйлестіру деген де есті сөз бар. Естіп жүрген шығарсыздар. Сол үйлестіруді ақсатып алды, әкім, министрлер. Мінез жоқ. Мінеуге бар. Тіні жоқ, тіреу болар. Мемлекеттік саясатты кімге түсіндірулері керек еді? Ең алдымен өз командасына. Қазіргі жағдайды бағамдай алар емес. Әлеуеті барларды елге қамқор болуға бағыттап, табыстарын жұрт пайдасына шешуге жұмылдыра алмай тұр.

     Қауіпті вирус есік қаққалы жарты жылға тақады. Төрт айдан бері төріңнен орын алды. Ел екі ай карантинде отырды. Сол алпыс күнде кеткен олқылық қазір буындырып жатыр. Құлқынға құл болғандар дәріге баға қосып сатып жатса, шенділер шекпенін жамылып, дамылдайтындай әсер беріп тұр. Алыпсатарлар неге есірді? Соны биліктегілер білмей қалды дейсіз бе, өңірлерді жусатып, өргізетіндер аяқастынан жуас кейіпке түсті ме? Бәрін аңдитын құзыретті орындардың өкілдері неге үнсіз? Қалайша дер кезінде ізіне түспеді? Жолын кеспеді? Жолдарын ашуға кірісіп кеткен жоқ па?

     «Өңеш тұрғанда адами іс өнбейді», – деп еді бір білгір. Жұтқыншақ деген – оның ағайыны, иманды істің аяғынан шалатынын айтқан. «Естіген құлақта жазық жоқ». Небір ақпарды жел жеткізеді. Күмәнданған ел жеткізеді. Оның тереңіне бойлау неге қиын? Тағы да сол бағаға келейік. «Сұраныс артқан сайын, тауар құны арта  түседі» деген қағида тап қазір қисынсыз ғой. Обал мен сауаптың айырмасын неге ұқпаймыз, осы? Біреудің көз жасынан құралған қаржының қайыры бола ма? Тағы да сол тәрбиенің қожырауы, әдеп пен иманның осал соғуы осындай жағдайға әкелді. Сын садағын бағыттаған жақсы ғой. Келесі кезеңге өтсе ше? Ол қандай кезең болуы керек? Шенді біткенді аттан аударып тастаса, олардың орнын кім басады? Отыз бестің шамасындағы жастар ма? «Қиын, – деуші еді ауылдағы ақсақалдар, – қиын». Қиын кезең Қазақстанға енді келген секілді ғой.

                 Жарасын жалап емдеп, бір шара ғып...

     Елде жылу жинау көбейді. Бастама көтерушілер бар. Қостайтындар тіпті көп. Қасқыр жарасын өзі жалап, жазып алады деуші еді. Қой мінезді қазақ ата жауының әлгі мінезінен үлгі алса керек. Жер-жердегі азаматтар  тізе қосып, қаржы біріктіріп, кәсіби деңгейде болмаса да, қармануға жарайтын керек-жарақты алдырып жатыр. Ауылдарына апарады. Қаладағы ауруханаларға тарту етеді. Әйтеуір, бір жанталасқан халық. Олардың ұмтылысын президент те байқаған екен.  «Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді. Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегін сатып алып жатыр. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондарындағы оттегіні пайдалану деректері анықталған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек», – деді мемлекет басшысы. «Қысылғаннан қыз болдық» депті баяғыда бір ағамыз. Қысылған жұрт енді қайтсін, тіпті анау дәнекерлеуге арналған оттегі толы баллондарды қолтығына қысып, бауырына көмекке апарады. Үміт дүниесі. Жаннан кім, не аясын?! Туысты құтқару ісіне кіріскен ел үкіметтен күдер үзгенін байқатты. Ендігі кезек билік басындағыларда. Көмекті солар көрсетсе, игі.

                         

                Өлшем бар Сандуғаштық, Гүлшаралық...

       Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орын алған оқиға бізді де кәдімгідей ойға орады. Тап қазір екінің бірін ақтап алуға құқымыз жоқ. Негіз де таппай отырмыз. Қоғамның қос қолы секілденеді де тұрады. Пышақ ұсынса да, қай қолды кесерімізді түсіне алмаймыз. Шолақ қылуды қаламағандықтан емес, олақ кім екенін анық аңғара алмай отырмыз. Аудан аралағанда әкімнің жолы аршылатыны әркімге аян. Бір бүгін ғана емес. Билігі барға бас шұлғу, құрмет көрсету басқаның болмаса да, қазақтың бойына әбден сіңген. Иін тірескен интеграцияның қай иірімінде ынтымақ танытса да, тап осы билеуге келгенде баяғы бір дағдыдан арыла алмай келеді біздің ел. «Көрген көргенін істейді» дегенді де қазақ айтты. Біздің елде кімнің тасы өрге домалайды? Қожайынына қалтқысыз қызмет ететіндер, көңіліне кірбің түсірмейтіндер. Құрметін аямайтын, тіпті бастығын асылындай аялайтын адамдардың асығы әр кезде алшысынан тұрады. Қазақ әдебиетінің кез келген шығармасын оқыңызшы, киносын қараңыз. Мысалы, «Ботакөз». Сәбит Мұқанов жазған.  Сондағы Итбай болысты алыңыз. «Қан мен тердегі» оқиға желісін еске алыңыз. Жүздеген мысалды айтуға болады. Толып жатыр. Демек, шендіге жол ашу баяғыдан бар. Біздің назар басқа жаққа ауған.

       Өренің жеткені мынау: тап қазір Қызылорда секілді өңірлерге шаруашылықты мықты меңгерген басшы керек секілді. Тым болмағанда орынбасар әкім қызметінде. Бірінші басшы саяси қызмет. Орынбасары шаруашылыққа мығым болуы керек. Және істің жөнін білетін азаматтар Сыр бойында жетіп-артылады. Тәжірибе десеңіз, Рызақұл Нұртаев. Негізі, Рызекеңді облыс әкімі етіп тағайындаса да, әбден жарасатын еді. Бірақ биліктегілер саяси салмағын таразыға тартпаған секілді. Жарайды, жас маман десеңіз, қала әкімі Нұрлыбек бар. Біз білмейтін жүздеген азаматтар жүр сол өлкеде. Қазақстанға талай тұлғаны, саяси қайраткерді берген Қызылорданың аналары одан бері ұл тумады дейсіз бе? Дәл қазіргі кезде облыс әкімі болу қыздарға қол емес. Гендерлік көңіл күйді бұзды десеңіз, еркіңіз білсін. Ауыздықпен су кешетін заманда арулар азаматтарға жол ұсынғаны абзал.

      Гүлшара апамның ақылдасар орынбасары кім? Серік Ахметов дейді дерек көзі. Ол кім? «Әр жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік хатшы хатшылығының меңгерушісі және премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарды», – деп жазады білетіндер. От көрген бе, су кешкен бе? МАИ қызметкерлері көшеге шықпаған, қылмысты ашуға қатыспаған,  көлікті тіркеуге алатын, мемлекеттік нөмір беретін бөлімдерде  өмірін өткізген әріптестері анда- санда рейдке шыққанда езу тартады. Себебі бар. Ақжағалы ағалардың жылы орын, жайлы кабинеттен  бағынышты қызметкерлерге тапсырма берумен шектелмей,  қоғаммен де жұмыс істей алуы шарт. 

     Біз айтқан Рызақұл ағаның деңгейіне жете ала ма, олар? Әгәрәкім дейік, Сандуғаш сол Нұртаевтың алдынан атып шықса, айқай салуы мүмкін бе? Күмән көп. Сыр елі – Алаштың анасы. Шәкәрім шежіресінде де бар. Қазақтың не бір саңлақтарының Отаны. Тұрмағамбет секілді дара ұлдардың мекені. Темірбек Жүргеновті берген өлке. Жыраулар мектебі қалыптасқан. Діни ұстаздар дәріс оқыған. Ал Жаңақорғанда қанша жерден жанұшырып келе жатса да, Сандуғаш немесе Сандуғаш секілді қыз-келіншектер ел ағасының алдына келіп айқай салмайды. Сол жерді сол күні Нұртаев мекендеп алса да. Өйткені қазақы ар жібермейді. Неге? Рызақұл сияқты кісілер сол қарапайым адамдардың арасынан өсіп шықты. Ауыл басқарды, аудан басқарды. Ысылды. Кісі табиғатын түсінді. Қармақшы халқы біледі оны. Ісінде кемшілік болса болған шығар, ішінде кеңшілік орын алған азамат.

       Өзге облыстағы сүйеулі сойылды ала жүгіргеніміз қалай? «Елу жылда – ел жаңа» деуші ме еді?! Айфондар сәт сайын дамып жатқан заманда, сол 30 жылдың айналасында қоғам өзгеріп кетеді-ау. Сандуғаштағы мінез де қазаққа жат. Қанша ауыр болса да, қазақ келіншегі қиындыққа шыдайтын. Енді өзге кезең. Жолын ашпасаң, апшыңды қуыра жөнеледі. Және қоғамдағы басшы болып, қоғамды жатырқасаң, дырау қамшымен тартып қалуға бар.

     Қазақта «мәміле» деген әдемі сөз бар. Оның маңызы да керемет. Ақыл төрден орын алса, адамдар тіл табысса деген ниет. Адам қай уақытта тіл табысады – бір-бірінің құрметіне жеткенде. Қайран Абай атам-ай, достыққа достық қарыз дейтін.

      Анау енді былайғы көзқараста болмашы дүние. Гүлшара әкім іш тартып, ішкі пернесіне жол тапқанда Сандуғашты сабасына түсіре салатын еді. Бірақ бұған дейін қоғамда мұндай қайшылық бар деп ойламаған кісінің сасып қалатыны анық. Қысқа жолы көрінген, ол былай: «Айналайын сіңлім, сәл сабырға келші. Қай кісі сенің жолыңды жапқан? Әй, аудан әкімі, мына сіңлім шаршап келеді екен. Тыңдашы, мәселесі болса, шешіп берші» дей салу ше?! Мәселесі айтылар-айтылмас, шешілер-шешілмес. Алайда оқиға өршімей,  әкім пайдасында кетер еді ғой. Қоғамдағы текетірестің көрінісі бұл. Гүлшара Наушақызы мықты мемлекеттік қызметкер шығар. Дегенмен орын алған оқиға жұртшылық арасында әртүрлі тәпсірленді. Екі мәдениет таласқа түсті. Бірі – басшы біткеннің үнемі карантин, яғни оқшаулану мәдениеті. Екіншісі – сериалшы елдегі қыз-келіншектердің мәдениеті. Қоғамның екі қолындағы ауру. Екі қолды бірден шабу қиын. Пышақ қолыңызда – ендігі кезек сізде.

Амангелді СЕЙТХАН

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз