Сараптама

Ресейде жанармай тапшы, Қазақстан көмектесе ала ма?

Өткен апта БАҚ-та «Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 жанармайын алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр» деген ақпарат тарады. Оны алдымен Reuters агенттігі таратқан. Кейін қазақстандық басылымдар іліп ала жөнеліп, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Ресейден ешқандай өтініш түспегенін» айтып, ақталуға мәжбүр болды.

ресей

Ресми органдар растамаса да, көпшілік «Ресей Қазақстаннан жанармай алады» деген ақпаратқа неге құлақ түріп отыр? Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, маусым айында Украина Ресейдің энергетика инфрақұрылымына шабуылды үдетіп, мұнай өңдеу зауыттарын нысанаға алды. Салдарынан Ресейде жанар-жағармай тапшылығы туындады. Ресейлік басылымдардың дерегі мен әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, солтүстіктегі көршімізде АИ-92 жанармайы жетіспей жатыр. Кей өңірде отын құны шарықтап кетсе, 20 аймақта жанармай шекті мөлшерде сатылуда. Мәскеу, Саратов, Омбы, Воронеж, Белгород, Пензенский облыстарында, ХМАО, ЯНАО, Адыгей республикасында түрлі лимит күшіне енді. Мысалы, Краснояр аймағында бір көлікке – 40 литр, Омбы мен Пенза облысында – 100 литрден ғана беріледі. Қырымда тіпті бензин сату мүлде тоқтаған. Мұнда мемлекеттік қызметтегі көліктерге ғана бензин құйылады.

БАҚ-та тараған ақпарат бойынша, дрон соққысының салдарынан Мәскеу мұнай өңдеу зауыты биыл жыл аяғына дейін істен шығып қалыпты. «Елдегі бензин өндірісі 25 пайыз төмендеді» деген ақпарат бар. Сарапшылар Ресейде бұған дейін мұндай ірі дағдарыс болмағанын айтып отыр.

Көп өңірде жанармай бекеттерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Әлеуметтік желіде жүргізушілердің жанармай жоқтығына шағынған видеоүндеулері қаптап кетті. Ресей астанасы Мәскеудің өзінде тұрғындар отын таба алмай, тапқан күннің өзінде бағасына шыдамай, әуреге түсіп жүр. Тіпті кей өңірде АИ-92-нің бағасы 100 рубльге жетті деген ақпарат бар. Сондай-ақ Ресейде отын ұрлайтындар көбейген. Олар машинаның бензин багын тесіп, жанармайды құйып әкетеді екен. Тіпті Google және Yandex іздеу жүйесінде «бензинді қалай құйып алуға болады» деп сұрайтындардың саны артып кетіпті.

Екіншіден, Ресейдегі бензин дауымен бір уақытта «Қазақстан жанармайға импорттық баж салығын алып тастайды» деген ақпарат тарады. Бұл жөнінде сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова хабарлады. Оның айтуынша, билік импортты жеңілдету мақсатында жанармай өнімдерін елге кіргізгенде салынатын кедендік алымнан бас тартады. Яғни Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттерден бензин, дизель, авиаотын тасымалданған кезде импорттық баж салығы алынбайды.

Қазақстан бұған дейін елде отын тапшы болса, Ресейден алып, нарықты толтыратын. Мысалы, Астана 2025 жылы жанармайға сұраныс жоғары кезеңде 285 мың тонна бензин мен 450 мың тонна дизель импорттауға тиіс болған. Бірақ биыл Ресейдің жанармай нарығында мәселе туындағандықтан, еліміз отынды ЕАЭО-ға мүше емес елдерден алуды жоспарлап отыр. Вице-министрдің айтуынша, жаңа ереже негізінен Қытайдан келетін бензин, дизель және авиаотынға қатысты енгізілген. Жанармайды баж салығынсыз импорттау мерзімі бір жыл болады.

Көпшілік осы екі ақпараттың бір-біріне байланысы бар деп санайды. Ресейге аяқ астынан отын керек болады, сол сәтте Қазақстан жанармай импорттауға салынған салықты алып тастайды. Билік мұны «Ресейден келетін жанармай тоқтағандықтан, өзге елдерден аламыз» деп түсіндірді. Бірақ кей сарапшы «Астана Бейжіңнен отын алып, Мәскеуді жарылқауы мүмкін» деп топшылайды.

Қазақстан – Ресейдің санаулы ғана «дос елдерінің» бірі. Бұрын біз Ресейден мұнай таситынбыз. Яғни Қазақстан бұған дейін отын тапшылығын орыс бензинінің арқасында жауып келді. Ендеше, Ресейге керек болғанда Астана неге қарымжысын қайтармайды? Бұл біздің ел үшін оңай шаруа емес. Қазақстанда мұнай өндірісі аса үлкен емес. Жанармаймен ішкі нарықты толық қамтып, оның сыртында экспортқа өнім шығаратын мүмкіндігіміз жоқ.

Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде алғашқы 15 мемлекеттің қатарына кіреді. Мұндай экспорттау бойынша да үздіктер қатарында тұрмыз. Бірақ бізде бензин және дизель тапшылығы жиі болады. Әр жылы көктем және күздегі егін маусымында үнемі дизель жетіспей қалады. Амалсыз солярканы Ресейден жоғары бағаға әкелеміз. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Үкімет бұл мәселенің шешімін әлі тапқан жоқ. Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна бензин алғысы келетінін хабарлаған Reuters агенттігінің өзі «Қазақстан бензинді аз өндіретіндіктен, көрші елге көп мөлшерде отын бере алмайтынын» хабарлады.

Демек, Астана Мәскеуді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете алмайды. Егер «дос елдің» көңілін жықпаймын десе, резервтен алып беруі мүмкін немесе үшінші мемлекеттен отын импорттап, кейін оны Ресейге жеткізуі ғажап емес. Бірақ бұл екеуі де қауіпті қадам. Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқы айына 400 мың тонна жанармай тұтынады. Қазір елімізде Атырау, Павлодар және Шымкентте орналасқан 3 мұнай өңдеу зауыты ғана бар. Атырау МӨЗ айына – 150 мың, Шымкент МӨЗ – 165 мың, Павлодар МӨЗ – 140 мың тонна бензин шығарады. Ал қорда бір айға ғана жететін (350 мың тонна) АИ-92 бензині бар. 26 маусымнан 10 шілдеге дейін Атырау МӨЗ жөндеу жұмысына жабылмақ. Демек, келер айда елде бензин өндірісі 30 пайыз төмендеп, резервке онсыз да қол саламыз. Оның үстіне Ресейге бензин жеткізсек, ішкі нарықта тапшылық туындауы мүмкін.

Ал екінші нұсқаға келсек, Қазақстан өзге елден жанармай алып, Ресейге жеткізетін болса, Украинаның және Батыс елдерінің сынына ұшырауы мүмкін. Тіпті жанама санкциялар қаупі төнуі ықтимал. Сондықтан Астана «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» жол тапқаны жөн. Reuters агенттігінің дереккөзі Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін беріп, Ресейден авиациялық жанармай алуы мүмкін деп болжады. Сарапшылар бұл тәсіл сәл ақылға қонымды деп санайды.

Бірақ ресми органдар Ресейге жанармай жайлы тұщымды ақпарат бермеді. Өткен жұмада энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей Қазақстаннан жанармай сұрамағанын айтқан. Оның сөзінше, өтініш түссе, Астана жанармай экспорттау мәселесін қарастырады. «Ресей жағынан ресми өтініш түскен жоқ. Мұндай өтініш түссе, мәселе қаралады», – деген министр.

Біз Энергетика министрлігіне хабарласып, Ресейден өтініш түскен-түспегенін сұрадық. Министрлік өкілі Әсел Серікбаева Мәскеу тарапынан ешқандай ұсыныс түспегенін нақтылады.

Айтпақшы, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуыл мен ол елдегі жанармай тапшылығы Орталық Азия елдеріне әсер етеді. Киевтің дрон шабуылынан Ресейдің жанармай жүйесі қатты зардап шегіп, Мәскеу мұнай өнімдерінің экспортын шектеді. Салдарынан Ресей жанармайы мен тасымал жолдарына тәуелді елдер жапа шеге бастады. Мысалы, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты Ресей жанармайына тәуелді елдерде отын тапшылығы байқалып, баға өсіп жатыр.

Ал Қазақстанның Қарашығанақ кенішінде газ өндірісі төмендеді. Өйткені Орынбор газ өңдеу зауыты Қарашығанақ кенішінен шикізат қабылдауды уақытша қысқартқан. «Қазір Қарашығанақ кенішіндегі газ конденсаты өндірісін 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайтуға мәжбүрміз. Яғни өндіріс көлемі тәулігіне 9 мың тоннаға қысқарды. Сәйкесінше, газ қабылдау көлемі қысқарды. Бірақ Қазақстанды газбен қамтамасыз ету жүйесі бұзылған жоқ», – дейді министр Е.Ақкенженов.

Қазақстан Орынбор газ өңдеу зауытына жылына шамамен 9 млрд текше метр шикізат тасымалдайды, тазаланғаннан кейін газ Қазақстанға қайта экспортталады. Былтыр күздегі дрон шабуылынан кейін де зауыт Қарашығанақ кенішінен шикізат қабылдауды уақытша тоқтатып, кеніште газ өндіру 25-30 пайыз қысқарған. Елімізде газ тапшылығы да жиі болады. Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-орында тұр. Соған қарамастан, билік газ тапшылығын жоя алмай келеді.

Мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов бізге өзіміздің елде жанармай дефициті бар екенін, ал мұндайда басқа елге отын сатуға мүмкіндік жоқ екенін айтты.

Өткен апта Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді соғысты аяқтауға мәжбүрлейтін «40 күндік ықпал ету операциясын» жариялады. Яғни Киев Мәскеуді райынан қайтару үшін 40 күн қыспаққа алмақ. 26 маусымға қараған түні Украина Ресейге жыл басынан бергі ең ірі дрон шабуылын жасады. Ресей әуе қорғаныс жүйесі сол күні 660 украин дронын құлатқанын хабарлады. Мамыр айынан бері украиндер Ресейдің 16 мұнай өңдеу зауытына соққы жасады деген ақпарат бар. Салдарынан Ресей мұнай өңдеу зауыттарының айтарлықтай бөлігі істен шыққан. Зеленский мұндай қарқынды шабуылды 40 күн жалғастырғалы отыр. Демек, Ресей жанармай нарығына үлкен қауіп төніп тұр. Мұның Қазақстанға әсері болары анық. Кем дегенде, Мәскеу Астанадан жанармай сұрап, әуреге салуы мүмкін. Олардың сұрағанын беру қаншалық қиын екенін жоғарыда айттық. Қазақстан билігі Кремльдің де көңілін жықпайтын, өзін де тығырыққа тіремейтін тиімді жол таба ала ма? Оны алдағы уақытта білетін боламыз.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз