«Ресейдегі өзбектей сезініп тұрмын» деген сөз тіркесі ресейлік әйелдің Қазақстанда қамауға алынуына себеп болды
Алматыда банк картасы мен ЖСН рәсімдеуге қатысты әлеуметтік желіде шағымданған Ресей азаматы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
Бұған дейін желіде шетелдік азаматшаның жергілікті қызмет көрсету жүйесіне ашулы түрде наразылық білдірген видеосы тараған еді. Әйел Алматыға банк картасын алу үшін келгенін, алайда ЖСН рәсімдеу қажеттілігіне байланысты бірнеше рет ХҚКО мен банкке баруға мәжбүр болғанын айтқан.
Видеода ол балағат сөздер қолданған. Әсіресе, «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезініп тұрмын» деген сөзі көпшіліктің наразылығын тудырды. Көптеген қазақстандықтар бұл пікірді мигранттар мен өзге ұлт өкілдеріне қатысты менсінбеушілік әрі құрметсіздік ретінде қабылдады.
Кейін Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізген.
Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, шетелдік азаматша қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған.
Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен әйел 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция мұндай әрекеттер құқық бұзушының мәртебесіне қарамастан заң аясында бағаланатынын атап өтті.