Ресейдің Одессаға жасаған шабуылынан үш адам қаза тапты
Ресей Қарулы күштері Украинаның Одесса қаласына кезекті соққы жасады. Шабуыл салдарынан үш адам қаза тауып, алты тұрғын жарақат алды.
Сонымен қатар бір күн бұрын Одесса маңында зымыранмен атқыланған жүк кемесінде қаза тапқандар саны 10 адамға жеткені хабарланды.
20 шілде күні күндіз Ресей әскері Одесса қаласына тағы бір шабуыл жасады. Украина жергілікті билігінің мәліметінше, соққылар азаматтық инфрақұрылым нысандарына тиген.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан үш адам көз жұмған. Тағы алты адам жарақат алып, олардың екеуі ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, бір науқастың жағдайы ауыр, екіншісінің жағдайы орташа ауыр.
Жергілікті билік шабуыл салдарынан азаматтық кәсіпорынға да зақым келгенін хабарлады. Соның нәтижесінде техника өртеніп, газ құбыры бүлінген.
Сонымен бірге Одесса облысының әкімдігі 19 шілдеде Қара теңізде зымыранмен атқыланған Golden Leo жүк кемесіндегі құрбандар туралы жаңартылған мәлімет жариялады. Гвинея-Бисау туымен жүзіп келе жатқан, астық тиеген кеме үш қанатты зымыранмен соққыға ұшыраған.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында қаза тапқан барлық 10 адамның мәйіті табылды. Олардың арасында лоцман мен экипаж мүшелері бар. Тағы сегіз экипаж мүшесі құтқарылып, жағаға эвакуацияланған.
Осы арада Запорожье қаласына да Ресейдің дрондық шабуылы жасалды. Облыстық әскери әкімшіліктің мәліметінше, азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорны нысанаға алынған. Шабуылдан төрт адам жараланып, өндірістік ғимарат пен жабдықтар бүлінген.
Сол күні таңертең Запорожьеге басқарылатын авиациялық бомбалармен жасалған тағы бір соққыдан бір адам қаза тауып, бес тұрғын жараланған. Сондай-ақ тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттарға зақым келген.
Херсон облысында артиллериялық шабуыл салдарынан аурухана нысанаға алынды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, дәрігер, медбикелер, техникалық қызметкерлер және екі келушіні қоса алғанда, жеті адам жарақат алған.
Днепропетровск облысының Павлоград қаласы да шабуылға ұшырады. Жергілікті биліктің мәліметінше, екі адам қаза тауып, тағы 15 тұрғын, оның ішінде бір жасар қыз бала жараланған. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен автокөліктерге зақым келген.
Днепропетровск облыстық кеңесінің төрағасы Николай Лукашуктың айтуынша, Павлоград тарихында алғаш рет басқарылатын авиациялық бомбалармен шабуыл жасалған. Оның сөзінше, бұған дейін мұндай қарулар негізінен майдан шебіне жақын орналасқан елді мекендерге қолданылса, енді майданнан әлдеқайда алыстағы қалаларға да қауіп төндіре бастаған.