Рязань маңындағы Wildberries қоймасы Украина шабуылынан кейін өртенді
Ресейдің Рязань облысындағы Wildberries логистикалық қоймасы украиналық дрондардың шабуылынан кейін өртенді.
Бұл туралы 29 шілде күні Astra және Exilenova+ Telegram-арналары өздерінің OSINT-талдауы негізінде хабарлады. Кейінірек Украина Қарулы күштері Бас штабы да Рязань маңындағы Wildberries қоймасына соққы жасалғанын растады.
Арналар жариялаған фото мен видеоларда Тюшево ауылы маңындағы «Рязанский» индустриялық паркінде орналасқан Wildberries қоймасында өрт шыққаны көрсетілген.
Wildberries-тің баспасөз қызметі логистикалық орталықтың қауіпсіздік талаптарына сәйкес толық эвакуацияланғанын мәлімдеді.
Ал Рязань облысының губернаторы Павел Малкин дрон сынықтарының құлауынан өндірістік аумақтарда өрт шыққанын хабарлағанымен, нақты қай кәсіпорын зардап шеккенін атаған жоқ. Оның айтуынша, алты адам ауруханаға жеткізілген, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Кейін RWB компаниясы да Рязаньдағы логистикалық нысанның толық эвакуацияланғанын растады.
Сонымен қатар украиналық Exilenova+ мониторингтік арнасы шабуылдан кейін «Роснефть» компаниясының Рязань мұнай өңдеу зауытында да өрт шыққанын хабарлады. Бұл зауыт мамыр айының ортасында дәл осындай дрон шабуылынан кейін жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.
Зеленский не деді?
Украина президенті Владимир Зеленский 29 шілдеде Ресей аумағындағы соғысты қамтамасыз етуге қатысы бар нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, шабуылдар:
-
Рязаньдағы логистикалық орталыққа;
-
Пермь өлкесіндегі мұнай өңдеу зауытына;
-
Ростов облысындағы экспорт терминалы мен әскери кәсіпорынға;
-
Ресей аннексиялаған Қырымдағы Қара теңіз флотының жылдам жүретін катерлері орналасқан базаға жасалған.
Wildberries қоймаларына шабуылдар жалғасуда
18 шілдеден бері Украина Ресей мен аннексияланған Қырымдағы Wildberries логистикалық орталықтарына бірнеше рет соққы жасады. Шабуылдар Мәскеу облысында, Тамбов облысында, Санкт-Петербург маңында, Тверьде және басқа өңірлерде тіркелген.
25 шілдеде Екатеринбургтегі Wildberries қоймасы жанындағы автотұраққа дрон шабуылы жасалып, өрт шыққан. Алайда қойманың өзі зақымданбаған.
«Коммерсант» газетінің мәліметінше, Украина шабуылдары Wildberries-тің жалпы ауданы 550 мың шаршы метрден асатын логистикалық қуатының 10 пайыздан астамына зиян келтірген.
Зеленскийдің сөзінше, Wildberries логистикалық орталықтары, әсіресе Тамбов облысы мен Мәскеу облысындағы қоймалар, Ресейдің дрон өндірісіне арналған санкциядағы бөлшектер мен навигациялық жабдықтарды жеткізу тізбегіне пайдаланылған. Сондықтан Украина оларды заңды әскери нысана деп есептейді.